Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Тылсым күш арқылы «доңыз тұмауы» мен ВИЧ дертінің емін таптым деген Төле би ауданында тұратын емші Бейне Қаржаубаеваға қаралған науқастар Шымкент қаласындағы аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Олардың тамырына әтір жіберіп «емдемек» болған тәуіптің ісімен құзырлы органдар айналысуда.
Кішкентай Сая осыдан үш жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханада жатып ВИЧ індетін жұқтырған балалардың бірі. Тағдырдың бұл тәлкегі аз болғандай, дерт жұқтырған сәбиден үй-іші сырт айналған соң, бейкүнә баласын бауырына басып жас ана далада қалады. Газеттен оқып өзін іздеп келген соң тәуіп оның қызын емдеп беруге келіседі.
– Емшіге ВИЧ инфекциясын баласы арқылы жұқтырған ана да барған. Тәуіп гипнозбен оларды шыркөбелек айналдырса керек. Екеуі де қолхат жазып берген. Мұсылмандардың арнайы дүкеніне барып, 3 мың теңге мен 7 мың теңгеге әтір сатып алған. Сосын соны медбике жалдап, тамырынан салдырған. Талай қаражатты ысырап еткені былай тұрсын, бір өлімнен қалды ғой. Бұл нағыз қылмыс, – деп есептейді Оңтүстік Қазақстан облыстық балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жаннета Жазықбаева.
Тәуіптің «емін» қабылдай бастағаннан-ақ әлсіреп, ыстықтары көтеріліп, ауру жандарына батса да әлгі екі науқас тәуіптің сөзіне сеніп, емді жалғастыра берген көрінеді. Оларға өзінің ғарыш әлемімен тығыз байланыста екенін айтқан тәуіп науқастарға «әтір қанға түскенде вирусты өлтіреді» деп түсіндіріпті.
– Емші оларды қорқытып қойған. Ата-аналар маған келгеннен кейін соны білдім. «Маған жоғарыдан, космостан әтірді қай уақытта, қанша салу керек екенін құлағыма сыбырлап айтады» депті емші. Бұл нағыз алаяқтық қой. Тәуіп 18 күн емінен кейін, үш адам болып 7 жасар қыздың үйіне келеді. Сөйтіп, Бейне Қаржаубаева бақылау екпесін салу керек деп келіп, қызды шыңғыртып тұрып қосымша 3 күн ине салған. Содан кейін қыз ес-түссіз құлайды. Емші спирт вирусты жояды дейді, ал менің білуімше, мұсылман дүкенінде сатылатын әтірге спирт қосылмайды, – дейді Жаннета Жазықбаева.
Қыркүйектің 16-сы күні әбден мазасы кетіп, денесінің ыстығы қатты көтерілген кішкене қыз аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Ауыр халде жеткізілген Саяның иіссу қабылдаған оң қолы қарайып, ісіп кеткен екен. Шұғыл түрде емдеу шаралары көрсетілген науқас осы уақытқа дейін жансақтау бөлімінде болып, енді ғана өз-өзіне келе бастаған.
– Оған әтір салыпты. Көлемін тәуіптің талабымен 0,5 мл. бастап, өсіре берген. Анасының айтуынша, әр укол сайын баланың халі нашарлай берген. Енді ғана науқас есін жиіп, беті бері қарады. Бұл осымен екінші жағдай. Тәуіптердің көмегіне жүгініп, баласынан айрылып қала жаздаған ата-ана, алдымен оның қаншалықты қауіпті екенін ойланса, – дейді Шымкенттегі «Ана мен бала» жұқпалы аурулардың алдын алу және емдеу орталығының бас дәрігері Еркін Құлманбетов.
Емшінің бұйрығымен науқас 1 ай бойы міндетті АРВ-терапия емін қабылдамаған. Бұл сәби денсаулығына айтарлықтай әсер еткен екен. Дәрігердің айтуынша, баланың денсаулығы күрт нашарлап кеткен. Дәрігерлер дәстүрлі медицина тағайындаған антиретровирустық терапияның емделу жүйесін бұзуға болмайтынын айтады. Бұл науқастың өміріне қауіпті. Өйткені вирус қоздырғыштары препаратқа қарсы төзімділік қабілетіне ие болуы мүмкін. Онда бұрынғы емдеу әдісінің көмегі әлсірейді. Егер терапияны тоқтатса, екінші жүйені қолдану керек. Егер оның емі қонбаса, жағдай қиындайды екен.
– Иіссумен адам емдеуге болады деген бірінші рет естуім. Ароматеропия деген бар, ол иіскейді. Ал әтір тамырға салатын зат емес. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Ондай ем медицинада жоқ. СПИД-ке қарсы ем табылса жақсы болар еді, өкінішке қарай, ол қазіргі күнге дейін мүмкін болмай отыр. СПИД-тен ем таптым деген адамдар шығып жатады. Ол рас болса, әлемдегі 40 миллион адам айығып кетер еді ғой. Дені сау адамға тылсым дүниеден келіп, құлағына сыбырламайтын шығар, – дейді облыстық СПИД-тің алдын-алу және онымен күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов.
Емші Бейне Қаржаубаева болса, өзіне қарсы қасақана қастандық жасалуда деп есептейді. Оның айтуынша, ем науқастарға өте жақсы көмектескен.
– Ешқандай зардап шеккен жоқ. Сап-сау жүрген қызды жансақтау бөліміне тығып қойды. Қыздың шашы өсіп, тамақ ішуі жақсарып қалған. Ем дарыған оған. Менің тәжірибем жақсы әсер етті. Мен ол қыздан бір тиын алмай емдедім. Прокуратураға арыз жазыпты, бізге зорлық жасалуда. Мүмкіндік бермеуде. Мен емнен науқастың толық айығатынына сенімдімін. Бұл Алланың берген кереметі, – дейді емші Бейне Қаржаубаева.
Емші қазір көмек сұрап Астанада жүргенін айтады. Ол айықпас дертті емдеуге бәзбіреулер қолбайлау болып жатқанына сенімді.
Мира Мүсілім,
«Азаттық» радиосының тілшісі