Ауылда күрделі оталар жасап, тұрғындарды тексерді

Oinet.kz 10-04-2025 93

Ордабасы аудандық орталық ауруханасының базасында А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының білікті дәрігерлері күрделі оталар жасады.

Screenshot_28.jpg

Ал, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жергілікті тұрғындарды қабылдап, әріптестерімен тәжірибе бөлісті. Тіпті денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуәлиев төрағалық еткен дәрігерлер кеңесі де Темірлан ауылында ұйымдастырылды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде қайта құрылымдаудан өтіп, көпбейінді ауданаралық аурухана дәрежесіне көтерілген медицииналық ұйымның бірі – Ордабасы аудандық орталық ауруханасы. Ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, заман талаптарына сай жаңарған емдеу мекемесі соңғы үлгідегі аппараттармен толықты. Нәтижесінде «Құрмет» орденінің иегері, білікті дәрігер-хирург, іскер басшы Болатхан Сағымбековтің жетекшілігімен жергілікті мамандар аурухана базасында бұрын облыс орталығы мен еліміздің мегаполистерінде ғана жасалып жүрген операцияларды ауданда да сәтті жүзеге асырып жүр. Темірлан ауылында медициналық-техникалық базасы қалыптасқан аурухананың тәжірибелі дәрігерлері ордабасылықтарға ғана емес, сонымен қатар көршілес Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданының азаматтарына да медициналық қызмет көрсетеді.

А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының басқарма төрағасы Болатбек Баймаханов, Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Марат Пашимов, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев, қалалық және аудандық ауруханалардың басшылары қатысқан кеңесте ақ халатты әріптестері Сағымбековтің денсаулық сақтау саласындағы жемісті жұмысын айтып, зейнеткерлікке шығуымен құттықтады. Қазақстанның бас хирургі Болатбек Бимендеұлы отандық медицинаны дамытуда жемісті еңбек еткен әріптес досына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың «Алғыс хаты» мен «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін, «Медицинаға қосқан үлесі мен еңбегі үшін» медальін табыстады. 

– Бүгін біз Болатхан Салыбекұлы жемісті еңбек еткен, жетекшілік жасаған облыстық клиникалық ауруханасының базасында жағдайы ауыр науқасқа оң жақ гемигепатектомия операциясын жасадық. Өзімнің жетекшілігіммен жүзеге асқан мастер-класс зейнет жасына жеткен досымызға арналады. Сонымен қатар, Ордабасы аудандық орталық ауруханасында да бірнеше операция жасау жоспарымызда бар, – деді Болатбек Баймаханов.

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының басшысы Жанболат Ділдәбековтің айтуынша, күрделі операция бауыр обыры дертіне шалдыққан пациентке жасалған. Хирургиялық араласу сәтті аяқталған. Науқастың жағдайы тұрақты. Бұл сырқат адамның ғана емес, дәрігерлердің кәсібилігінің жеңісі!

Марат Пашимов та Болатхан Сағымбековті құттықтап, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің «Университет мақтанышы» медалімен марапаттады. Ал, Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев арнайы іссапармен келген қонақтарға алғысын жеткізіп, сый-құрмет көрсетті.

Болатхан Салыбекұлының айтуынша, төсбелгілер мен алғыс хаттар –  аурухана ұжымының кәсіби біліктілігін көрсетіп, медицина саласын жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп жеткен жетістігі.

Бұл күні Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас хирургы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА акамедигі Б.Баймахановтың жетекшілігімен білікті хирург мамандары және облыстық клиникалық ауруханасының хирург, ортопед-травматолог дәрігерлері Ордабасы аудандық орталық ауруханасына келіп, тәжірибе алмасу мақсатында науқастарға 9 күрделі операция жасады. Атап айтқанда 3 лапароскопиялық холецистэктомия, 1 жамбас буынын эндопротездеу, 1 оң иық сүйегінің ауыр сынуына пластина бекіту, 4 коронароангиография жасалды. Науқастардың жағдайы бірқалыпты.

Ал, медицина ғылымдарының кандидаты М.Пашимов бастап келген Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының білікті дәрігерлері ордабасылықтарға жоғары сапалы медициналық көмек көрсетті. Әріптестеріне ұйымдастырушылық-әдістемелік, жергілікті тұрғындарға консультациялық көмек көрсетуді мақсат еткен делегация құрамында кардиолог, кардиохирург, гепатолог, нефролог, аритмолог, жүректің ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) маманы таңғы сағат 9-дан бастап қабылдау жүргізді. Жалпы қабылдауға келген 237 науқастың 47-сі Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына жолданды. Тарқатыңқырап айтсақ, кардиолог қараған 90 адамның 14-і, кардиохирургке көрінген 22 пациенттің 7-еуі, гепатолог қабылдауында болған 37 кісінің 4-еуі, нефролог тексерген 38 науқастың 4-еуі, аритмологқа жазылған 28 азаматтың 6-ауы, жүректің ультрадыбыстық зерттеуі жасалған 22 тұрғынның 7-еуі аталған институтта медициналық тексерулерден өтіп, емделетін болады. Сонымен қатар, алматылық дәрігерлер стационар мен жансақтау бөлімшесінде жатқан 9 науқасты да қарап, аудандық ауруханадағы әріптестерімен тәжірибе бөлісті.

Дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді
Бес елдің білікті мамандары тәжірибе алмасты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу