Жоба жасаушылар Арыстың жолына алтын төсемек пе?

Oinet.kz 25-09-2009 939

Screenshot_12.jpg

Облыс әкiмi Асқар Мырзахметов бастаған арнайы жұмыс тобы өткен аптаның соңында Арыс қаласында болды. Қала аталғанымен аумағында бірнеше ауылдық округі бар Арысқа жас мамандарды «келтіру» қиындау болып тұр екен. Қиыны сол қала болғанында. Тек ол емес ауылдағылар арнайы келген басшыларға басқа да проблемаларын жеткізуге мүмкіндік алды. Ретімен баяндасақ...

Ақдала ауылдық округiне қарасты Пакентай Арапов атындағы елдi мекенде бүгінде қырықтан астам отбасы, барлығы 280-дей тұрғын тұрады. Шағын ауылдың тұрғындары мақта өсіріп, картоп, көкөнiс егiп, одан нәпақасын ажыратып отыр. Бұл ауылда өзгелерге үлгі етерліктей еңбек етіп жатқан кәсіпкер бар. Қайнар Абасов басқаратын “Хлопкопром” ЖШС-і Қытайдан  алдырылған техникамен биыл 140 гектар алқапқа мақта шитiн сеуiпті. Сөйтіп тамшылатып суару әдісі арқылы “ақ алтын” өсiрiп отыр. Серіктестік үшін кешенді жүйе бір гектарға шаққанда 2000-2200 долларға түсіпті. Кешенді жүйенің құнын бір жылда ақтайтын технологияның құрал-саймандарын лизингке беру арқылы әлдеқайда кемітуге болады екен. Диқан қауымды қол жұмысынан біржолата босататын бұл жүйедегі гектар берекелігі 50 центнерден кем болмайды. Енді облыс басшысының тапсырмасымен бұл озық тәжірибе мақташыларға таратылмақ. Бұл бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына нақты тапсырмалар жүктелдi. 

Шағын ғана ауылда шешiмiн күткен мәселе де жеткiлiктi. Тұрғындар, әсіресе, ауыз суға зәру. Ендігі бар үміт  “Омега” қондырғысында болып тұр. Елдi мекендерде 15 қазаннан бастап су тазалайтын жабдықтар орнатылады екен. Қырық жыл бойы қызмет етіп келе жатқан, яғни 1970 жылы орнатылған электр бағаналарына тұрғындардың «өкпесі» жоқ. Алайда, ол бағана дегеніңіз мәңгілік емес, тозады, шіриді, содан кейін қауіпті болады. Яғни, жұрт соны ауыстыруға қауқары жетпей жатқан билікке өкпелі. Ал, жөндеуді қажет ететін жолдың келесi жылдың «Жол картасына” енгiзiлгеніне ауылдағылар шүкірлік етуде. 

Ақдала елдi мекенiнде ағын су мол. Бұл Ақдалаңыздың абыройын “Жаңа Ақдала” ЖШС-iнiң агрофирмасы асқақтатып-ақ тұр. Олар тамшылатып суару әдiсiмен 750 гектар алқапты игерiптi. Оның 150 гектары бау, 520 гектарына қызанақ өсiрiптi. Тәулiгiне 600 тонна өнiмдi өңдейтiн зауыттың iске қосылғанына бiр айдан асқан. Осы агрофирмада жергілікті тұрғындар да жұмыс істеуде. Өнімін осында өткізетіндер де көп. Өнімі демекші, Ақдалада осы күнге дейiн өздерiнiң жер үлестерiн алмағандар аз емес .Облыс басшысының тұрғындармен кездесуінде ауыл ақсақалдары осы мәселенi көтердi. Қариялардың айтуынша, 1964 жылы құрылған Ақдала кеңшары бертiн келе ғылыми зерттеу институтының балансына өткен. Жекешелендiру кезiнде Ақдала бөлшектенбей қалып қойған. Онысынан қыруар зиян шегіпті. Техникасы тозып, жерi құнарсызданды. Қарызға белшесінен батты. Одан құтылу үшін, тіпті, жер де сатылған. Борыш көлемi 50 миллион теңгеден асыпты. Қазiр кеңшардың үлесiнде 637 гектар ғана жер қалған. Ал, суармалы 311 гектар «Хлопкопром” ЖШС-iнде кепiлдiкте тұр. Өйткенi, олардың 31 миллион теңге алашағы бар екен. Тұрғындар жоғарыда айтып өткен 637 гектар және «Хлопкопромның” иелiгiндегi 311 гектар танапты қосқанда барлығы 948 гектарды халықтың үлесiне берудi талап етiп отыр. 

Байырқұм ауылында суармалы алқаптың көпшiлiгiн қамыс басып кеткен. Жерасты тұзы көтерiлген алқаптардың екiншi рет сорлану қаупi бар. Бұл мәселе бойынша бюджеттен бөлінген қаржы жетпейдi. Он орындық аурухананың жағдайы да жұрт алаңдарлық. Елдi мекенге газ, қосымша канал қажет. 

Арыс қаласындағы орталық аурухананы күрделi жөндеуден өткiзуге  80 миллион теңгедей қаржы қажет екен. 12 педиатрдың жұмысын 3 маман атқаруда, яғни балалар дәрiгерi жетiспейдi. Жас мамандар ауылдарға баратын басқа әріптестеріндей жеңiлдiк пайдалана алмайды. Өйткені, қала мәртебесiне ие арыстықтар ауыл квотасының жемiсiн көре алмай отыр.  Былайша айтқанда жас мамандар тұрғын үймен қамтамасыз етiлмеуде. 

Арыстың бойын аралап жетістіктері мен проблемаларына қаныққан жұмыс топтары әкiмдiкте бас қосты. Көргендері мен көңілге түйгендері бойынша сараптама жасады. Алдымен Арыс қаласының әкiмi Қанат Сыдықов өткен 8 айда атқарылған жұмыстарға тоқталып, кездесiп отырған қиындықтарды сөз еттi. Топ жетекшiлерi, атап айтқанда, облыс әкiмiнiң орынбасарлары Ә.Бектаев, У.Қайназаров, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қ.Ыдырысов Дермене, Монтайтас, Задария, Жиделi, Байырқұм ауылдық округтерiндегi елдi мекен тұрғындарын мазалап отырған мәселелерді шешу жолдарын атап көрсеттi. Ал, жиынды қорытындылаған облыс әкiмi А.Мырзахметов жобалық-сметалық құжаттарды әзiрлеуде сауаттылық пен дәлдiктiң қажет екенiн ескертті. Осы жобалық-сметалық құжат әзiрлеуде шалағайлыққа жол берiлiп отырғанын атап өттi. Мәселен, Арыс қаласында қажет етілген қаржының көлемі жұрт таңқаларлықтай. 2 шақырым көшеге 28,7 миллион теңге сұралған. Ал, облыс бойынша әр шақырым жол 5 миллион теңгеге бағалануда. Сонда бір шақырымы 14 миллионға бағаланған Арыс қаласында «алтын» жол салынбақ па, әлде қаржыны есептегендердің басқа «есебі» болған ба?  Жиында А.Мырзахметов, сонымен қатар, елдi мекендердi газдандыру, ауызсу, денсаулық сақтау мәселесi және оны шешудiң жолдары бойынша өз пікірін білдірді.

Аурухана тозған, ауылға акушер-гинеколог керек
ОҚО-да емші ВИЧ және СПИД дертінің емін тапқанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу