«Ұйықтап ал, түнімен ұйықтатпаймын»: Бойжеткен пойыз жолсерігінің азғын әрекетін әшкереледі (ФОТО)
Қазақстандық қыз Қызылорда-Петропавл 076ХА пойызында жолсеріктің харассмент жасағанын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Қазақстандық бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жариялады.
"Жолға жалғыз шықтым. Жәнібек есімді жолсерік өзін оғаш ұстап, тиісе бастады. Іште кілең ер адамдар отырды. Жолсерік келіп, қолын бетіме созып, жаныма отырып: “қатты ұйықтадың ғой” деп айтты. Сосын "таза ауа жұтайық" деп тамбурға шақырды. Мен қатты қорықтым. Айналамдағы адамдардың ешбірі көмектеспеді. Жай ғана қарап отырды", – дейді қыз.
Сосын жолаушы қыз басқа жолсеріктен көмек сұрапты. Ол қызды әжелер отырған вагонға ауыстырған.
"Бірақ сол жолсерік тағы келді. Маған қарап күліп: "жақсы келе жатырсың ба? Сені іздеп, таппай жүрсем, осында екенсің ғой. Сенің орныңда өзбектер отыр" деп айтты. Сосын жақындап келіп, еңкейіп: "ұйықтап ал, түнімен ұйықтатпаймын" деді. Кейін бір вагоннан екіншісіне өтіп бара жатсам қолымнан ұстамақ болды. Әрең құтылдым. Басқа жолаушыларға, қорқып тұрмын, көмектесіңіздерші деп едім, ешкім үндемеді", – дейді қыз.
Осы жағдайдан кейін жолаушы қыз аға жолсерікке шағымданыпты. Алайда ол да ешқандай шара қарастырмаған.
"Соңында Астаналық досыма жаздым. Таныстарымның араласуы арқылы жолсерік келіп менен кешірім сұрады. Өзін қалай ақтап алғанын көрсеңіз, таңғаласыз. Ол “Жай ғана әзілдедім ғой. Дұрыс түсінбей қалыпсың. Саған қарындасыма қарағандай қарауға тырыстым" деп айтты. Сонда бұл кісі қарындасына осылай қарай ма? Бұл кісінің аты-жөні – Жанғараев Жәнібек. Оның түрін басқа қыздар мұқият болсын деп көрсетіп отырмын. Біз пойызда қауіпсіздігіңе ешкім кепілдік бермейтін елде тұрамыз. Ең сорақысы, айналадағы адамдар көмектесуге қорқады", – деп жазды жолаушы қыз.
Осыдан соң басқа да желі қолданушылары өз басынан өткен жағдайды баяндады.
"Студент кезімде 1-курс, бірінші семестр бітіріп, ауылға кетуге билет ала алмай қалған едім. Амал жоқ Астанадан Шымкентке автобуспен баруға тура келді. Шанхай базардан билет алып, автобусқа мінген соң, іші толы ер адамдар екенін көрдім. Өте қорқынышты болды. Бірақ Астанада қалатын жерім болмаған соң отыруға мәжбүр болдым. Сол сәтте бір тәте мініп, жаныма отырып, жолда тоқтаған кезде қасынан қалдырмай ертіп жүрді".
"Балаларым Семей-Қызылорда пойызында келе жатқанда, жолсерік купеге билеті жоқ мас жігіттерді отырғызған. Балалар маған телефон соғып, жолсерікпен сөйлесуді өтінді. Алайда ол вагонға кімді отырғызатынымды өзім шешемін деді. Мен көлік министрлігіндегі досыма хабарласып, полиция қызметкерлері 5 минутта мәселені шешіп берді. Жолсерікке не болғанын білмеймін. Бірақ оның жұмыстан шыққанын қалаймын".
"Студент кезімде вагонда ер адам маған тиіспек болған. Жолсерік көмектесуге тырыспады. Содан бері пойызда жалғыз жүрмеймін. Мүмкіндігінше аз сөйлесуге және ешкіммен бостан-бос сөйлеспеуге тырысамын. Олар кез келген достық қарым-қатынасты флирт деп қабылдауы мүмкін".
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Көліктегі полиция департаментінен мән-жайды сұрап білген.
Олар тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
"Мұндай жағдайда Теміржол және су көлігі комитеті уәкілетті органға заңды шара қолдану үшін ресми хат жолдайды. Тиісті ведомство жолаушыларға қатысты кез келген заңсыз әрекеттерге жол беруге болмайтынын атап көрсетеді. Жолаушының қауіпсіздігі мен жайлылығы бірінші орында. Жеке тасымалдаушы аталған оқиғаға қатысты қызметтік тексерісті бастады. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданады", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ департамент оқиға бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін желілік полиция бөліміне жолданатынын мәлімдеді.
Ал “Жолаушылар тасымалы” АҚ рейсті жеке тасымалдаушы орындағанын хабарлады.
"Бұл пойыз "АрланТрансАстана" жеке тасымалдаушысына тиесілі. Оның "Жолаушылар тасымалы" АҚ-ға, Қазақстан темiр жолына қатысы жоқ. Жеке тасымалдаушылардың қызметін Көлік министрлігі реттейді”, – делінген хабарламада.