Қылмыс әлемінің серкелері сотталады
Оқырмандардың есінде болса, газетімізде «Қару сатылады» деген тақырыппен көлемді мақала жарық көрген болатын. Онда жарнама арқылы да қарудың сатылып жүргенін жазған едік. Жақында ОҚО ІІД Ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы үстіміздегі жылдың 8 айында ҚР ІІМ-нің есебінде тұратын 12 тұлғаны қылмыстық жауапқа тартқандығын жария етті. Міне, осынау қауіпті операцияларды орындау барысында күдіктілерден алынған заңсыз қарулардың қайдан келгендігі көпшілікті ойлантатыны шындық.
Құқық қорғаушылардың жедел іс-шаралар өткізу барысында Сайрам ауданындағы кафелердің бірінде жергілікті тұрғын, «Дикий Арманның» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшесі ретінде ішкі істер министрлігінің арнайы есебінде тұрған 38 жастағы азамат ұсталды. Оның тұрғылықты мекен-жайы бойынша тінту жұмыстары жүргізілгенде бронжилет пен кастет табылған.
Дәл осындай жағдай Шымкент қаласындағы кафелердің бірінде де орын алды. Бұл жолы да Сайрам ауданының 26 жастағы тұрғыны, ішкі істер министрлігінің арнайы есебінде қылмыс әлемінің тілімен айтқанда «положенец» ретінде тұрған азамат қолға түсті. Одан дыбыссыз тапанша тәркіленді. Қаруды заңсыз алып жүргені, сақтағаны, тасымалдағаны үшін қылмыстық іс қозғалды.
Айтылып отырған мерзім ішінде «Киллер», «Дикий», «Антикиллер», «Тито», «Рафик», «Маратенок», «Еска», «Тахир» секілді қылмыстық ортаның беделділері ұсталып, қоғамнан алшақтатылды. «Рафик» деген лақап атпен танымал қылмыстық топ жетекшісінің жасаған қылмыстары бойынша қылмыстық кодекстің үш бірдей бабы бойынша жазаға тартылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі түзеу мекемесінде өтеп жатыр.
Полицейлердің жүргізген арнайы іс-шараларының нәтижесінде ішкі істер органдарына өткізілген қару-жарақтардың 62 данасы ғана арнайы тіркеуге алынған болса, 187-сі еш жерде тіркелмеген, заңсыз қару болып шықты. Сот арқылы тіркелген 3 дана, тіркелмеген 313 дана қару тәркіленген. Бұл өз еркімен өткізілгендері, қолға түсіп, белгілі болғандары ғана. Ал жасырын жатқан қару-жарақтардың саны қанша екенін ешкім дөп басып айта алмаса керек. Бұл қаншама жазықсыз жанның қанын төгіп, ажалына айналмасына кім кепіл?
Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы