Шекарашылардың туысқандары марқұмдардың мәйітіне зар болып отыр

Oinet.kz 18-09-2009 978

Screenshot_2.jpg

Қазақ-өзбек шекарасын күзету мақсатында ашылған Сарыағаш ауданындағы №2020 әскери бөлімге Серікқали Жолдасов 2004 жылы келісім-шартпен жұмысқа қабылданыпты. Келер жылы көктемде түзілген келісім-шарттың мерзімі аяқталуы тиіс еді. «Серік апатқа ұшырапты»деген суық хабарды алғаш  естігенде Төле би ауданының Майбұлақ ауылында тұратын Жолдасовтар отбасы оны қазір көбейіп кеткен жол апатына ұшырады деп ойлапты. Олар сол кезде Серікқали мінген «МИ-8» тікұшағы Өгем шатқалында құлап, шейіт болған 10 шекарашының ішінде әлі отызға да толмаған өрімдей жастың өмірі өрт құшағында қыршынынан қиылғанынан мүлдем хабарсыз болатын. Содан бері аттай он күн толып отыр. Әлі де анық-қанығы хабарланбаған мәселелер, түсініксіз жайтар көп екен. Мұны марқұм Серікқали Жолдасовтың туған-туысқандарымен тілдескенде білдік.

    Ағасы Айғали: Ауылдан Шымкент қаласына қоныс аударғаныма біраз болды. Суық хабарды бірінші мен естідім. Маған Сарыағаштағы әскери бөлімдегілер 8 қыркүйек күні кешкі сағат 5-терде телефон шалып, інім Серікқалиға қатысты жайсыз хабардың шеті шығып тұрғанын, анық-қанығын сол жаққа барғанда білетінімді айтты. Жаныма немере ағамды ертіп құстай ұшып барсам «Ініңіз мінген тікұшақ апатқа ұшырап, 13 адамның тек 3-еуі тірі қалды. Ініңіз де ажал құшқандардың қатарында» деді. Шейіт болған шекарашыларды жерлеу рәсімі ертең, яғни 9 қыркүйекте өтетінін ескертті. Одан тағы бір күнге кейінге сырғытты. Ақыры міне, содан бері бір апта болса да әлі інімді ақтық сапарға  шығарып салу парызын орындай алмай отырғанымыз жанымызды қатты жаралап тұр. Ал ауылда ертең жерлеу рәсімі өтеді деген күнге дайындап мазараттан жерін қазып та қойған еді. Мәйіт белгіленген уақытта әскери бөлім жақтан әкелінбей қалған соң жаназаға жиналған жұрт не жұбатарын білмей, не көңіл айтарын білмей біздің отбасымызға өте ауыр тиді. Шариғат бойынша қазылған көрге адамның көмілмей ашық жатуы жаман ырым екен. Енді не істерімізді білмей далмыз. Астанаға ма, Алматыға ма медициналық сараптауға жіберілген інімнің мәйіті бізге қашан қайтарылатыны белгісіз. Бүйтетіндері бар екен, шен тағып, шекпен кигендер әуел баста-ақ марқұмдардың туған-туысқандарының жанын жараламай, әуре-сарсаңға салмай қанша күнге созылса да қашан медициналық сараптаудан өткізіп біткенше мәйіттердің жерлеуге берілмейтінін айтқанда бұлайша абыр-сабырға түсіп, азапты күй кешпес едік.

Нағашысы Рәсіл Сатыбалдиев: Тәртіп пен талапқа, әсіресе, әскери ережеге бәріміз бағынамыз ғой. Егер, мәйіттердің бүгін-ертең жерлеуге берілмейтіні, медициналық сараптамадан өткізу ұзаққа созылатыны алдын ала ескертілгенде, түсіністікпен қабылдайтын едік. Алайда 9 қыркүйекте «Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасы бастығының бірінші орынбасары, полковник Руслан Зәкиев пен майор Дәулетбек Сұлтанбековті ақтық сапарға шығарып салу Шымкент қаласында қаралы жиын ретінде өткенін, ертеңіне бұл рәсім шейіт болып кеткен қалған 8 шекарашыға байланысты Сарыағаш ауданындағы әскери бөлімде жалғасатынын баспасөзден оқыдық. Теледидардан өз көзімізбен көрдік. Ресми адамдар сөйледі. Шен-шекпенің бар ма, жоқ па, бақилыққа аттанған соң барлық адам бірдей емес пе? Шымкенттегі ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертеңіне Сарыағашта жалғасады деген ақпаратқа сеніп, шейіт болған шекарашылардың туысқандары мазараттан жерлейтін жеріне дейін дайындауға жанталастық. Мәйіт салынған табыттың ұзындығы 2 метр, ені 80 сантиметр екенін өздері айтты. Содан ауылда мәйітті әкелеміз деген әскери бөлімдегілердің жолын телміріп күттік. Түс болды, уақыт түстен ауды. Келетін түрлері көрінбейді. Ұялы телефондарына қоңырау шалсақ жауап қатпайды. Шыдамай өзіміз жолға шықтық. Әскери бөлімге барсақ өзге ата-аналар айқай-шу шығарып жатыр екен. Сол шудан түк те шыққан жоқ. Тек айтысып, айқайласып жүріп Серікқали жиенім мен қаза тапқан әріптестерінің  ілінулі тұрған қаралы суретін шығартып алдым. Ұлының өлгеніне ешбір дәлел жоқтан көңілі де, көзі де сенбей ағыл-тегіл жылаған анасы байғұсқа соны әкеліп беріп, ауыр қайғыны мойындамастан басқа амал жоқтығын түсіндірдім. Медициналық сараптаудан өткізгенде мәйіттің кімдікі екенін анықтау үшін марқұмның туысқандарынан қан алды. Ал сараптау-зерттеу қорытындысы қашан шығатынын ешқайсымыз білмейміз. Күтуге толы азапты күндер өтіп жатыр.

Анасы Зәмира: Жұрт «Сондай ұл тапқан сендей анадан айналамыз. Ұлың шекараға қауіп төндірген қылмыскерлерді ұстауға тапсырма алып Отан үшін опат болды. Ерлігі ескеріліп енді Елбасының наградасына ұсынылыпты» деп жұбату айтып жатыр. Баласымен жесір қалған жұбайына  Астанадан пәтер беріледі дейді. Айтылған сөздер расқа айналып жатса қыршынынан қиылған өрімдей жастың ерлігін бағалаған Елбасыға айтар алғысымыз шексіз. Асыраушысынан айырылған жас отбасының болашағы барлығымызды алаңдатып-ақ отыр. Көңілге кірбің салатын бір жайт, әдетте мемлекет басшысы араласқан мәселеге шен тағып, шекпен кигендер шетінен шапқылап кетуші еді. Бұл жолы Серікжанның шейіт болғанын әскери бөлімдегілер тек ұялы телефон арқылы хабарлаумен шектелгендеріне қынжылдық. Ауыр қазаны арнайы келіп айтуға көршілес ауданнан жол жүруге қиынсынса, осы аудандағы қорғаныс істері бөлімінен бастығын болмаса да бір-екі қарапайым қызметкерлерін жұмсай салмай ма? Тым болмаса көршілес ауылдарда жұмыс істейтін екі бірдей заставадан көңіл айтуға адам жіберілсе жараспай ма? Қазаны бөліссе азаяды демей ме? Қазамызға ортақтасуға арада үш күн өткенде барып облыс орталығынан шен таққан үш адам келді. Жастайынан әскери адам болуды армандап өскен ұлым көздеген бір биігін бағындырғанымен есесіне келтесінен қиылған қаншама асқақ арманы орындалмай қалды десеңізші. Мейлі, бәрінен бұрын мәйітін ертерек қайтарып берсе, қара жердің қойнына тапсырсақ көңіліміз азапты күйден арылатын еді. 

Жұбайы Айжан: М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекетік университетінде 3 курс студентімін. Серікқали да осы оқу орнын бітірген еді. Үйлегенімізге  таяуда ғана 1 жылдан асты. Ұлымыз Ринат енді үш айға толады. Үйленген соң Серік Сарыағаштағы әскери бөлімде жұмыс істейтіндіктен сонда  тұра бастадық. Қыркүйектің  6-сы күні ұлымыз екеуміз Шымкент қаласына туыстарға қыдырып барғанбыз. Ертеңіне Серік хабарласып «ілезде қатты сағынып кеттім, тез қайтыңдаршы, қасымда болыңдаршы»деп  бізді қоймай Сарыағашқа қайтадан шақыртып алды. Сол күні  жұмыстан ерте сұранып келіп қасымызда болды. Кешке дейін бірге отырды. Базарға барып, азық-түлік, баласына  ойыншық  әкелді. Кешқұрым жаныма жайғасып отырып алып сабырлы түрде «баламызға  жақсылап қара, өсір. Оқуыңды жалғастыр» деп әңгіме айтуға көшті. «Серік, мұның не? Қайдағыны айтпа?» дедім. Ол болса «жоқ, сен мені тыңда» деп әңгімесін тағы да қайталай түсті. Көңілімде ештеңе жоқ, іштей Алладан амандығын тілеп үндемей отыра бердім. Ұлымыз ұйықтағанша бесікті өзі тербетті. Таңертең ерте тұрып, жұмысына кетерде баласын қайта-қайта құшақтап, құшырлана сүйді. «Мен  бес күннен соң ораламын» деп, қимастықпен қоштасты. Үйден таңғы алты  жарымда шығып кетті.  Бес күнге тауға бара жатқанын айтты. Тұрақты түрде барып жүретін ғой ондай қызметтік іс-сапарларға.  Мұндайын білгенде жібермес едім-ау. Отанымды қорғаймын деп кішкентай баласын көзі қиып кетті ғой, қайтейін!

Марқұм Серікқали Жолдасовтың туған-туыстары тілге тиек еткен түсінбестікті басқа шекарашылардың отбасылары да бастан кешіріп отыр. Түсінбестікке байланысты мәселенің мән-жайына қанықтыратын «Оңтүстік» аймақтық шекара басқармасындағылар да, облыстағы басқа құзырлы мекемелер де қандай да бір ақпарат айтудан бас тартып, Астанаға жаққа сілтеді. Ал Астанадағы ҰҚК республикалық шекара қызметінің ресми өкілі Лариса Дмитрюк болса ақпарат алуға әскери прокуратурадағыларға қарай бағыттады. Оның сөзінен қысқаша ұққанымыз марқұм шекарашылардың отбасыларына үш күнге дейін шен тағып, шекпен кигендерден ешкім барып көңіл айтпаса газет-теледидардан құлақтанғандары да  жететін сияқты. Міне сізге, қайғыны кім қалай қабылдаған?!

Айтпақшы «Өзбекстан түрмесінен қашқан бір топ қарулы қылмыскерлер Қазақстанның немесе Қырғызстанның шекарасына өтіп кетуі мүмкін, солардың жолын кесу керек» деген ақпарат түскендіктен осыны анықтауға ұшып шығамыз деп  тікұшақтың  апатқа  ұшырағаны айтылған болатын. Бүгінде құзырлы мекемелер құлаған тікұшақтың себеп-салдарын зертеумен әуре болып, сол қарулы қылмыстық топ туралы ешкім ештеңе демейді. Тағы да түсініксіздік.

Ғалымжан Елшібай,

«Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі

Көптен күткен көркемсурет галереясы ашылды
«Тірі тауар». Айнұр қалай жезөкшеге айналды?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу