Көптен күткен көркемсурет галереясы ашылды

Oinet.kz 11-09-2009 1469

Screenshot_1.jpg

Оңтүстікке бір көркемсурет галереясының керек екені көптен бері көпшіліктің көкейін мазалап жүрген маңызды мәселе болатын. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен осы олқылықтың орны толып, Шымкент қаласының шырайын кіргізіп тұрған Абай атындағы саябақта көркемсурет галереясының тұсауы қиылды. Бұл саланың жұмысын үйлестіру облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаевқа жүктелген. Жүзеге асқан игілікті іс пен өрісі кеңейіп, мәртебесі өскен сурет өнерінің оңтүстіктегі жүрек қағысы  жайлы облыстық мәдениет басқармасының бастығы Айдар Ниязовпен сыр бөліскен едік.

  -Айдар Қамбарұлы, әуелі жұрт бұрын той-жиын өткізіп жүрген «Жастар» салтанат сарайының қалайша көркемсурет галереясына айналғанын анықтап алсақ.

   - Жер кодексінде  “Ортақ пайдаланудағы  жерден  жер учаскелері азаматтар мен заңды тұлғалардың  ортақ пайдалануына нұқсан келтірмей, жеңіл үлгідегі құрылыстарды орналастыру үшін уақытша берілуі мүмкін…” деп атап көрсетілген. Осыған қарамастан кәсіпкерлер Шымкент қаласындағы саябақтарда ортақ пайдалануға нұқсан келтірмейтін жеңіл үлгідегі құрылыстарды орналастырудың орнына зәулім ғимараттар салып тастаудан тартынған жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаев екі жыл бұрын енді саябақтарды елдің игілігіне қайтарудың кезеңі келгенін ескерткен болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасының маңыздылығын түсініп той-жиын  болып жүрген «Жастар» салтанат сарайының бұған дейін әжептеуір кіріс түсіргенін қанағат тұтқан  Әбдіқаһар Пайзахметов дейтін азамат бұдан былай оның көркемсурет галереясына айналғанына қарсылық танытпай  Шымкент қалалық әкімдігінің баланысына су тегін қайтарып беріп, өзге кәсіпкерлер өнеге тұтатын игілікті іс жасады. Ғимаратты көркемсурет галереясына лайықтап қайта жабдықтаудан өткізуге де бірқатар демеушілер тауып  бюджеттен қаржы бөлдірмей-ақ ойлағанымызды жүзеге асыра алдық. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен атақты ардагер суретші Мәжит Бараисов тұсауын қиған, Қазақстан Суретшілер Одағының төрағасы Байтұрсын Омарбеков бастаған бір топ қылқалам шеберлері ізгі тілегін білдірген, мамандығы басқа болса да өнерді сүйетіндіктен Сұлтанбек Сүгірбаев толқып сөйлеген көркемсурет галереясына көрсең көңіл сүйсініп, көзің тоймайтын көркем туындылар қойылды. Ел мерейін асқақтатып жүрген бейнелеу, сәндік пен қолданбалы өнер шеберлерін қолдауға, жастардың шығармашылығын шыңдауына, халыққа эстетикалық тағлым-тәрбие беруге мол мүмкіндік туғызуды алдағы күндерге бағдаршам етіп алып отырған көркемсурет галереясында өмірден ерте кеткен талантты адамдардың  туындыларын жинақтауға, оны көздің қарашығындай сақтауға айрықша назар аударылмақшы. 

-Облысты біліктілікпен басқара білген Асекеңнің, Асанбай Асқаровтың тұсында Шымкент қаласында  көркемсурет галереясының арнайы ғимараты тұрғызылыпты. Алайда сол ғимарат көркемсурет галереясының қызметіне пайдаланылмай әлдекімдер жекешелендіріп алып, қызығы соларға бұйырғаны қаншалықты рас?

- Асекеңнің, Асанбай Асқаровтың қолдауымен  Шымкент қаласында көркемсурет галереясының ғимараты ғана емес суретшілерге арналған шеберхана да  салынған еді. Ғимарат бастапқыда облыстық Суретшілер Одағының балансына берілгенімен еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдардағы  «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде көркемсурет галереясын ұстап тұруға бюджеттен қаржы табылмағандықтан ғимарат жеке біреудің жетегінде кетті. Тіршілік түзелген соң суретшілер ғимаратты заңды түрде өз иеліктеріне қайтарып алуға қанша талпынғандарымен бәрібір түк те нәтиже шыққан жоқ. Қазірдің өзінде де галерея ашқанмен оны қаржыландыру жағы шешілмесе алға қадам басу қиын. Айталық, Қ.А. Иассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде екі-үш жыл бұрын өнер факультетінің деканы болып жүрген кезімде оқу орнының басшылығы  ақылдасқан түрде галерея аштық. Жұрт бастамамызды қуаттап, қырғын қолпаштау сөздер айтылды. Шетелден суретшілер келсе де сол галереяға шақырып мақтанатынбыз. Бірақ қызығымыз бен қызуымыз ұзаққа созылмай өзін-өзі қаржылық жағынан ақтамағандықтан жаңа ағым өнер орталығын ақшалай пайдасы бар басқаларға босатып бердік. Ал енді облыс әкімінің тікелей қолдауымен өмірге келген бұл галереяны бюджеттен қаржыландыру толық шешімін тапты. Ғұмыры баянды, келешегі жарқын галерея болатынына сенімдіміз. Көп ұзамай ғимараттың ішінен жекелеген суретшілердің көрмелерін өткізуге арналған кіші зал ашылады.

-- Қазақстан Республикасы  Суретшілер академиясының корреспондент мүшесісіз. Өнертану ғылымының кандидатысыз. Суретшілердің қыр-сырына қанық маман, ғалым, облыстағы мәдениет саласының басшысы ретінде қылқаламның құпиясын меңгерген әріптестеріңіздің еңбегін ел қалай бағалап жүргеніне көз жүгіртіп көріңізші.

-- Оңтүстіктегі таңдаулы қылқалам шеберлері жайлы жан-жақты мағлұмат беріп, еңбектерін таныстыратын арнайы албомды жарыққа шығарғанымызға үш жыл толып үлгерді. Сол кезде облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Дархан Мыңбай Түлкібас ауданына басшылық жасаған жылдары табиғаты тамаша тау бау баурайында суретшілердің симпозиумын ұйымдастыруға да ұйытқы болған еді. Дарабоз дарын, төлебилік  Ерболат Төлепбай Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды. Әдетте  үлкен талдау, талқылаудан өтетін бұл марапатқа ұсынылғанда мәслихат депутаттары өнер адамдарын ескере бермейтін. Ғұмыр кесесі ертерек толған  талантты суретшілер Тоқболат Тоғысбаев, Бексейіт Түлкиев, Құрасбек Тыныбеков үшеуінің туған жері Төле би ауданында ел тағзым ететін ескерткіштер орнатылып, әрқайсысының ауылындағы орта мектеп солардың атымен аталады. Айта кету керек, анау-мынау мықтылықты мойындамайтын Кеңес Одағының кезінде Төле би ауданынан 18 Суретшілер Одағының мүшесі шыққан. Батырбек Өтеповтің атында Шымкент қаласында бір көше, бір өнер мектебі бар. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, дарынын даусыз дәлелдеген даңқты қылқалам шеберлерінің қай-қайсысы да сый-құрметтен құралақан емес. Оңтүстікті суретшілердің Отаны деуге болады. Ал жалпы суретшілердің жағдайына, тыныс-тіршілігіне тоқталсақ тілге тиек ететін күрделі мәселелер аз емес. Мәселен бүгінде жергілікті суретшілердің туындыларын сатып алуға қарағанда Шымкент Ташкентке жақын орналасқандықтан өзбек суретшілерінің арзан, сапасыз туындыларының асығы алшы түсіп тұр. Ол аздай дүкен толы Қытайдың арзан дүниелері. Мәселен, жергілікті суретшінің тамаша еңбегі 500 доллар тұруы мүмкін. Ал, Қытайдан әкелінген суретті бар-жоғы 5 мың теңгеге алуға болады. Сурет өнері туралы хабары аз, талғамы төмен адам, әрине,  арзанына қарай жүгіреді. Біздегі сурет өнерінің соры міне, осы. Мұны бір өтпелі кезең деп ойлаймын.

Туындыларын лайықты бағасына сатып алатын адамдарды тым  аз кездестіретін суретшілердің мүсіншілік өнерге ден қоюының негізгі себебі де күнкөріске барып тіреледі. Суретшілер мүсін соға ма, оқу орнында сабақ бере ме,  өзгеше тіршіліктің көзін іздей ме, әйтеуір көпшілігі қосымша жұмыс істеуге мәжбүр. Қылқалам өнері қазір хобиге айналып бара жатқан сияқты. Мерейтойларда сыйлық ретінде тапсырылатын картиналарды, портреттерді салатыны болмаса суретшілерге мемлекет тарапынан тапсырыс жоқ десек де болады. Есесіне мүсінге тапсырыс көп. Ол  тапсырысты қалтасы көтерген кез келген азамат бере алады. Кейінгі кездері пәлен рудың батырына, биіне ескерткіш қою кең етек алып кетті емес пе? Тапсырыс көп болғанымен оны қанағаттандыратын кәсіби мүсіншілер жоқ. Амал жоқ ұсынысты суретшілерге айтады. Кәсіби маман, бәскелестік  жоқ жерде ескерткіштің сапасы туралы әрине, әңгіме қозғау артық. Сол себепті кейбір ескерткіштердің «әйтеуір ұқсаса болды» деген ниетпен орнатыла салынып жүргені жасырын емес. Дегенмен бәрі нашар деуге болмайды. Мысалы Шымкентте тәп-тәуір дүниелердің қатарына жататын  Қапал батыр мен күш атасы Қажымұқанға қойылған ескерткіштер қылқалам шебері, марқұм Амангелді Тұрсыновтың қолынан шыққан. Таяуда Мәдениет және ақпарат министрлігі ескерткіш қоюдың жаңа тәртібін белгіледі. Енді жіберіліп жүрген олқылықтарға жол бермейтін арнайы кеңес жұмыс істейтін болды.

Өркениетті елдерде мынадай үш мамандықтың иесі- дәрігер, дантист және суретші өзгелермен салыстырғанда жақсы табыс табады екен. Ерте ме, кеш пе біздің елде  де осындай үрдіс қалыптасады деп үміттенеміз. Рас мұндай мәртебеге нағыз таланттардың ғана қолы жететінін ұмытпау қажет.

Әңгімелескен Ғалымжан Қамытбекұлы


ОҚО-да құтыру тиылмай тұр
Шекарашылардың туысқандары марқұмдардың мәйітіне зар болып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу