Кадиовертер жүрек жұмысын жақсартады
26-01-2024
Оңтүстікқазақстандықтар қырғидай тиген қырым безгегінен құтыла алмай жүргенде енді құтыру ауруы құтырынып барады. Жақында Сайрам ауданында 83-тегі қарияның көз жұмғаны белгілі. Бүкіл қазақстандықтар білім күнін мерекелеп жүргенде осы ауданның Қаратөбе селосының 80-дегі қариясы дәл осы диагнозбен аудандық жұқпалы аурулар ауруханаға түсті. Осы күні Шымкент қалалық жұқпалы аурулар аурухана төсегіне 72-дегі ақсақал таңылды. Оған қойылған диагноз да «құтыру». Науқастармен қатынаста болған 7 адам анықталып, оларға тиісті шара қаралды.
Қырым безгегінің «эстафетасын» алған құтыру ауруына қатысты мән-жайды білмек оймен облыстық СЭС-қа хабарласқанымызда бұл ауруға қатысты мәлімет айтатын бірде-бір адамды таппадық. Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы аса қауіпті аурулар бөлімінің бастығы Шора Бостанов іссапарға шығып кетсе, ол бөлімдегі өзге қызметкерлер жоғары жаққа сілтеуден басқа ешқандай көмек бере алмады. Ал бастықтың міндетін атқарушы Жұмағұл Медетов болса шұғыл түрде облыс әкімінің орынбасарына кеткенін тұтқаның арғы жағындағы хатшы қыздан естідік. Айтқандай, ол кісіні іздеген сайын осындай жауап аламыз.
Құтыру ауруын таратушы ит-мысықтар екені берлгілі. Аудандарды былай қойғанда Шымкент қаласының көшелерінде қаңғыбас иттер топ-тобымен өріп жүреді. Қазір сабақ басталды. Бүлдіршіндерді сабаққа жіберудің өзі қауіпті. Бұл туралы қала әкімі Арман Жетпісбаев мырзаға ақпарат құралдары тарапынан қанша мәрте ескертілгенімен, құлақ асатын ол көрінбейді. Мүмкін, басқа жыртығымды жамай алмай жатқанда ендігі қалғаны ит пен мысықпен күресу деп ойлайтын да шығар. Бұлай дейтін себебіміз, қыркүйектің 3-і күні облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың алдында кезекті рет есеп берген қала әкімінің жұмысы төмен деп бағаланды. Мұндай ескерту бұрын да болған еді. Өкінішке орай, лайықты нәтиже шығар емес. Түсінген жанға адамның денсаулығы мен өмірінен құнды ештеңе жоқ. бұл Ата заңымызда да айтылған. Ал осы құндылықтарға қауіп төндіретін жайттарға жеңіл-желпі қарайтын басшылардан не үміт, не қайыр?
Қуаныш Мырзатаев, Шымкент қалалық мал-дәрігерлік қызметінің бастығы:
- Биылғы жылғы Шымкент қаласының ит-мысық аулау жұмысына 6 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылдың 8 айында 5611 ит, 617 мысық ауланды. Былтыр да 6 миллион қаржы бөлініп, жыл бойында 7338 бас ит, 923 бас мысық ауланған. Жыл соңына дейін 9300 ит пен 700 мысық аулау межеленген. Бірақ, қаржының жетіспеушілігіне байланысты қазір жұмыс тоқтап тұр. Бөлінген ақшаны 8 айда игеріп қойдық. Тағы да 2,5 миллион теңге қаржы сұратып жатырмыз. Егер ол бөлінетін болса, жыл соңына дейін ауланған ит-мысықтар саны 10 мыңға жетеді деген жоспар бар. Дегенмен, олардың қатары азаятын емес. Қалада 12-14 мыңдай қаңғыбас ит бар деген болжам бар. Оның 60 пайыздан астамы ұрғашы иттер. Олар 7-8 күшіктен жылына екі рет күшіктейді. Сонда қаңғыбас иттердің қаншалықты көбейетінін есептей беріңіз. Бір жақтан жойып жатсақ, екінші жақтан 2-3 есе көбейіп жатыр. Ал бөлініп отырған ақша олардың күшіктерін құртуға ғана жетіп жатыр. Проблема көбейіп кетті. Көлік жетіспейді, ескі. Сол себепті жалға алудамыз. Ғимарат үшін де ақы төлеп отырмыз. Жалақыға аталған 6 миллионның ішінен төленеді. Бұдан бөлек арнайы киім-кешекке, оқ-дәріге, жанар майға, көлікті жөндеуге, салыққа... қаржы қажет. Бір сөзбен айтқанда, өлместің күнін әрең көріп отырмыз. Салыстырмалы түрде алар болсақ, көлемі жағынан Шымкенттен 3-4 есе ғана үлкен Алматы қаласының осындай жұмыстары үшін былтыр 78 миллион, биыл 85 миллион теңге қаржы бөлінген. Айырмашылық жер мен көктей. Сол себепті де біздің облыста құтыру ауруынан бақилық болған оқиғалар жиі тіркеледі. Мәселен, өткен жылы республика бойынша құтыру ауруынан көз жұмған 6 оқиға тіркелсе, оның біреуі Оралдан да, қалған бесеуі біздің облыста орын алған. Оның ішінде үш адам Шымкент қаласынан тіркелді. Биылдың өзінде шымкенттік екі адамның ажалы осы аурудан келді. Аудандарды айтпағанның өзінде. Осының барлығын ескерер болсақ, ит-мысық аулау жұмысына көбірек көңіл бөлу керек. Сол себепті келесі жылға 20 миллион қаржы сұратып отырмын.
Аурудың алдын алу үшін дәрілеу жұмыстарына көп көңіл бөлу қажеттігі түсінікті. Ол жұмыстар қалай атқарылуда?
Лесхан Жүнісов, Шымкент қалалық бас мемлекеттік малдәрігерлік инспектор:
- Қалалықтардың қолда ұстайтын 3000 ит пен 1000 бас мысыққа вакцинация жасалды. Қаңғыбас 1000 ит дәріленді. Бұл бірінші жарты жылдықта атқарылған жұмыстар. Екінші жарты жылдықтың жұмыстары да басталды. Дегенмен, ит-мысықтарды түгелдей дәрілеп шығуға мүмкіндік бар деп айту қиын. Дұрысы, оларды жою керек. Ал қолда бар ит-мысықтардың саны шамамен 20 мыңға жетеді. Бізге былтыр 4 мың итке вакцина берген. Биылға 8 мыңға көтерілді. Енді тағы екі есе көбейтуді сұрап отырмыз. Вакцинаны жеткізуге болады, бірақ, қолдағы ит-мысықтардың барлығы байлаулы емес, бос жүретіндер көп. Оларда ауру жұқтыру қаупі басымырақ болады. Мәселен, қалада бес жасар қыз қайтыс болды. Ата-аналарының айтуынша оны өздерінің үйде ұстайтын мысығы тістеп алған көрінеді. Лабороториялық тексеру жүргізілгенде әлгі мысықтан шынында да инфекция табылған. Егелері мысықты үйден шығармаймыз дейді. Бірақ, құтырудың жолдары көп қой, тышқаннан да, егеуқұйрықтан да жұғуы мүмкін. Сол себепті дезинфекция жұмыстарына көңіл бөлінуі тиіс.
Әділхан Сұлтанбеков, «Шымкентдезинфекция» ЖШС директоры:
- Мұның «қызығы» әлі алда. Ертең жұқпалы ауру жағадан алса, сонда көрерсің. Мәселенің ушыққанын айтып, хат жазбаған әкімім қалмады. Шымкент қаласының әкіміне биылдың өзінде 5 рет хат жаздым. Баспасөз беттерінде мәселе көтерген, әкімдердің салғырттығын сынаған мақалаларым шығып жатыр. Тым-тырыс. Енді не айтуға болады? Ол мақалаларда басқа облыстарда бөлініп жатқан қаржысына дейін көрсетіп жаздым. Кеше қырым безгегі шығып еді, жергілікті билік қозғала бастады. Бізді жалдады. Малдарды дәріледік. Басқа тапсырыс жоқ. Есесіне мен басқа облыстардың тапсырысымен жұмыс жасадым. 31 миллион теңгеге Павлодарда дәрілеу жұмыстарын жүргіздік. 17 миллион теңгеге Жамбыл облысында жұмыс жасадым. Осы мекемеде көптеген жылдар жұмыс істеп келемін, мұндай салғырттықты көргенім жоқ. Соның салдарынан жертөлелер егеуқұйрыққа, кенелерге, бүрге мен масаларға толып кетті. Қала әкімі Арман Жетпісбаевқа 500 метр төсейтін жолыңның ақшасын маған берсейші дедім. Халыққа жол керек дейді. Сонда денсаулық керек емес пе? Санап отырсам, Тәуелсіздік жылдары осы мәселелерді айтып, түрлі мекемелерге 184 хат жазған екенмін. Барлығы да керең, соқыр, мылқау.
Шадияр Молдабек, Оңтүстік Қазақстан облысы