Триодан түк шықпады, енді дуэт не істер екен? Жетпісбаевтың жұмысы да жетісіп тұрған жоқ
«Замана», «Рейтинг» газеттерінде жарияланғандай «Шымкент қаласының әкімі қызметінен босатылсын, қойған талабымыз орындалмаса қол жинау акциясын бастаймыз» деп атышулы мәлімдеме жасап, көздеген мәселелері шешілмейінше тынбайтындай көрінген қоғамдық ұйымдардың жетекшілері түптеп келгенде бірі сотталып, қалған екеуі кешірім сұрап құтылды. Алғашында мызғымас шеп құрғандай болып сезілген «Қазақ хандығы» қорының президенті Камалиддин Дулатов, «Қарулас Ауғанстан» қоғамының төрағасы Есебалы Әлиев пен «Халық дабылы» қозғалысының облыстық филиалының жетекшісі Садриддин Қуат ар-намысын қорғаған Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтан Әл-Фараби аудандық сотында жеңіліске ұшыраған соң ары қарай ізденуге, күресті жалғастыруға ерік-жігерлері шыдамай бет бетімен бөлініп кетті. Қала әкіміне жала жапқаны үшін бір жылға бас бостандығынан шектеліп енді құзырлы органдардың рұқсатынсыз тұрғылықты орнынан кетуге болмайтын Камалиддин Дулатов осы аптаның сейсенбісінде журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізгенде қылмыстық жауапкершіліктен аман-есен құтылғанына шүкіршілік еткен екі серігінің жанынан табылмауы осының айғағы. Дегенмен, бұған қайғырып отырған Дулатов жоқ. Бір жағынан мұндайға үйреніп те қалған ба дейсің. Олай дейтініміз, осыдан табаны күректей төрт жыл бұрын да Кәмекең сотты болған. Онда да жала жапқаны үшін. Нақтырағын айтсақ, 2006 жылы сол кездегі «қала әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовтың көмекшісі менен 10 мың доллар көлемінде пара талап етті» деген сөзі үшін шартты түрде бір жылға бас бостандығынан айырылған. Бұл жолы да тіл құрғырдың кесірі тиді. Сірә, Дулатовтың «Арман Жетпісбаев – Шымкент қаласының маңдайына біткен ең сауатсыз, көпшілікпен сөйлесе алмайтын әкім» деген сөзіне әлі өкпелеп жүрген болса керек, қала басшысы оны толық кешіргісі келмей, жаза қолдануын талап етті. Осымен іс тынады деп күткенбіз. Алайда, қызықтың көкесі енді басталғалы тұр. Камалиддин Дулатов өзін қалай да ақтап шығатынына сендірді: «Мен қала әкіміне берген уәдемді орындап, сотта кешірім сұрадым. Ал Жетпісбаев «осылай етсең талап арызымды қайтарып аламын» деген маған берген сөзінде тұрмады. Кешірім берудің өзі үкім шығарумен бірдей. Әлде де кеш емес, әкім уәдесін орындап, менің үстімнен берген талап-арызын қайтып алады деп ойлаймын».
Осылай дей келе Дулатов қала басшысының жұмысын бұрынғысынша төмен бағалайтынын тағы да қайталады. Өткеннен «сабақ алған» Кәмекең бұл жолғы сөзін таразылап барып айтуға көшкені де байқалып тұрды.
- Жетпісбаевтың жеке қабылдауына кіре алмайсың. Бұрынғының әкімдері апта сайын халықпен сұхбаттасуға тікелей эфирге шығатын. Бұл оны жасаған емес. Бұрынғы әкімдер апта сайын қабылдайтын. Бұл болса айына бір рет кесте бойынша қабылдайды. Кейде оның өзінде де қабылдамай қоя салады. Жалпы, Жетпісбаевты сынап жатқан жалғыз біз емес. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов те өткенде оған «жұмыс істемейсің, сенің орныңа мен істеп жатырмын» деп сынады емес пе? Мықты болса осы сөзі үшін облыс әкімінің үстінен неге арыз бермейді? Әлде әлі тек біз сияқтыларға ғана келеді ме, - деп қайырды сөзін Камалиддин Дулатов.
«Қазақ хандығы» қорынының президенті жалғыз емес. Бұған дейін Дулатовқа сырттай «тілеулес» болып жүрген Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Мұхтар Мұхамеджан енді оған ашық қолдау көрсетті. Сөзін ісімен дәлелдеу үшін Мұхамеджан мырза соңғы жылдарда ірі тендерлерде жеңіске жеткен компаниялардың әкім Жетпісбаевқа қаншалықты қатысы барын анықтауға күш салмақ.
Сонымен, Дулатов-Әлиев-Қуат триосының шамасын байқадық. Енді Дулатов-Мұхамеджан дуэті не тындырар екен. Әліптің артын бағайық. Ал «көтере алмас шоқпарды беліне байлаған» қала әкімі Арман Жетпісбаев болса облыс әкімі Асқар Мырзахметовтен бір қатаң ескерту естіп, елден өкпе-ренішті екі естіп сыннан көз ашар емес.
"Рейтинг" газеті