Аңқау елге алаяқ молда. Ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Oinet.kz 08-09-2009 972

Screenshot_4.jpg 

«Молданың айтқанын iсте, бiрақ iстегенiн iстеме» деген сөз тегiнде рас-ау. Шымкент қаласындағы мешiттердiң бiрiнде имамдық қызмет атқарып жүрген азамат Қылмыстық кодекстiң 177-бабы 3-бөлiмiнiң «б» тармағында көрсетiлген қылмысты, яғни, iрi мөлшерде алаяқтық жасағаны үшiн бас бостандығынан айырылды… 

Сотталушы имамдыққа 2006 жылы қазан айында Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы бас муфтиiнiң нұсқауымен тағайындалған екен. Хақ жолына түскен жiгiт ағасының молдалық қызметтi атқарып жүрiп, пенделiке қалай барып қалғанын түсiне алмадық. Сотта сұралған куәгерлердiң айтуынша, оның дiни тақырыпта уағыз айтқанда жұртты өзiне үйiрiп әкететiн қасиетi болған көрiнедi. Жұртшылықтың оған имандай сенiп қалуына да осы жайт түрткi болған сияқты. Аузында Алласы, қолында Құраны бар адамның аманатқа қиянат жасайды деген күдiк кiмнiң ойына келе қойсын?! 

Қызылорда облысында дүниеге келген, жоғары бiлiмдi Өзбекстанда алған, оның iшiнде 1991-92 жылдары аралығында Бұқарадағы медреседе оқыған Жұмамұрат Ақназаров өзiнiң еңбек жолын  1998 жылы Шымкенттегi Қырғы базарда арбакеш болып бастаған екен.  2003 жылы ол  «Еуразия» базарында жүк тасушы болып ауысады. 

Мешiттегi алғашқы қызметiн 2006 жылы күзетшiлiктен бастапты. Ұзамай молданың көмекшiсi болып iстейдi. Алматыдағы Ислам институты жанындағы 4 айлық бiлiмдi жетiлдiру курсын тәмамдағаннан кейiн молдалық қызметке бiржолата кiрiскен. 

Алғашқы эпизод 2006 жылдың желтоқсан айында болған. Мешiтке келiп, намазға жығылып жүрген Жеңiс және  Сәбит деген азаматтар Ж.Ақназаровтың уағызын тыңдап дiни сабақ алып жүрген. Бiрде Сәбит ұстазынан темiржолшы мамандығы бойынша институтты бiтiрген екi iнiсiн темiр жолға жұмысқа кiргiзiп беруге жәрдем сұрапты. Ал, бұл бет аузы бүлк етпестен темiр жолдың бастығы танысы екенiн, қолдан келгенше көмек беретiнiн айтады. Арада бiраз уақыт өткен соң ол танысымен сөйлескенiн, бiрақ, қызметке кiру үшiн iнiлерiнiң әрқайсысына екi мың доллар беру керектiгiн ескертедi. Осылайша төрт мың долларды сытырлатып тұрып санап алған молдекең «күте тұрыңдар, болып қалады» деумен жан сақтап жүре берген. 

Ж.Ақназаров қарап жүрмей тағы бiр мұсылман бауырын сан соқтырған. Бiрде ол Нұрғали есiмдi танысына «инвестиция алып, Шымкент қаласында дiни университет ашайық және екi мың адамдық мешiт салайық» деген тың ұсыныс бiлдiредi. Бұл ұсынысқа танысы келiсiмiн бередi. Бiрақ молдекең «Мұндай жұмыстар ақшасыз тынбайды, мәселенi шешу үшiн Алматыға барып, ондағыларға ақша беру керек» дейдi. Не керек, ол ақыры дегенiне жетiп, танысының 6 мың долларын, арада бiраз уақыт өткен кейiн тағы 105 мың теңгесiн уысына түсiрген. Осыдан соң Ж.Ақназаров Алматыға барып,  дiни дәрiс алып келедi. Келгеннен кейiн ақша берушiнi «мәселенiң бәрiн шешiп келдiм, құжаттар реттелдi, Құдай қаласа, 2007 жылдың маусымынан құрылысқа кiрiсемiз»  деп алдаусыратып қояды.  Сол 2007 жылдың маусымында молдекең iз-түссiз жоғалған. Мешiтке оны iздеп келушiлердiң қарасы молая бастаған. Себебi, Ж.Ақназаров жоғарыдағылардан бөлек  Ерлан деген жiгiттен 100 мың теңге, Төлеген деген жiгiттен тағы 100 мың теңге қарыз алып, қайтармай жүрген екен.

Ол сол қашқаннан екi жыл бойы Қызылорда облысында бой тасалап, құрыққа биыл түсiптi.

Қанша дегенмен дiни түсiнiктен тым алыс кетпегенi шығар, Ж.Ақназаров сот барысында iстеген қылмыстарын түгел мойындап, тәубесiне келiптi. Сот үкiмiмен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылып, мүлкi тәркiлендi. Молдекең ендi имамдық қызметiн жалпы режимдегi түзету колониясындағы мешiтте жалғастыруы мүмкiн. 

Ерлікті жасамаудан бағаламау қауіпті
Триодан түк шықпады, енді дуэт не істер екен? Жетпісбаевтың жұмысы да жетісіп тұрған жоқ
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу