«Тірі тауар». Айнұр қалай жезөкшеге айналды?
«Тірі тауар». Айнұр қалай жезөкшеге айналды?
Өмірде ар-намыстан қымбат не бар дейсіз?Ар-намысымды қорлады деп жеке басының мүддесімен сотқа шағымданып, моралдық шығын сұрап жүргендер жетерлік.Ал қарақан басын ғана қорлаумен шектелмей тұтас ұлттың сүйегіне таңба, бетіне шіркеу салып тұрған жезөкшелік үшін ешқандай құндылықпен өлшенбейтін ұлттың ар-намысын қорғауға жанын салып ұмтылу, нақты шаралар қолдану қалай жүзеге асырылуда?Әзірге жазалау жағы әлі заңда қаралмаған жезөкшеліктің көзін жою, жолына тосқауыл қою мүмкін болмай тұр. Таяуда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өзі жүргізген жиында жүректі жаралап, көңілге қаяу түсіретіндігі соншалық адамға ұяттан өртеніп өлетіндей күй кештіретін осы алаңдатарлық мәселе кеңінен сөз болды. Онымен қалай күресу керектігі, нендей іс-шаралар қолдану қажеттігі жан-жақты талқыланды. «Майшаммен» қарайтын мәселенің түп төркініне тереңірек үңілу үшін шалғайдағы ауылдан қалаға оқуға түсуге келген, әлі оң, солын танып үлгермей бір пәсте тағдыры ойран болған бойжеткеннің өміріне құқық қорғау органдарының көмегімен журналистік зерттеу жүргізген едік.
Қошқарата тұтқыны
Бар бәле бойжеткеннің «Қиял әлемінде» Сәуле есімді бейтаныс келіншекті жолықтырудан басталған. «Іздегенге сұраған» демекші, ол арзан пәтер іздеп жүрген Айнұрға қамқорлық танытып, өзінің үйіне кіргізіп алады. Арада бір апта өткен. Бейтаныс қамқоршы бұл уақыт ішінде бойжеткеннен сыр тартып, арқа сүйер ешкімінің жоқ екеніне қанығады. Діттеген адамын тапқанына көз жеткізген соң ол кешкісін үйге өзінің танысын шақырған. Сол жерде екеуі қол алысып, Айнұрдың тағдырын сырттай кесіп-піше салады. Енді тек іске кірісу қалған.
...«Мен сені мына келіншекке сатып жібердім, енді сен сонікісің». Сәуле бойжеткеннің бетіне осылайша бар шындықты айтып салады. Айнұрдың «Мен сендерге мал емеспін ғой, сатып жіберетін» деуге ғана шамасы жеткен, еңзеңгердей еркек мұны дедектетіп сүйрей жөнеледі. Есік алдында көлік күтіп тұр екен. Әлгі қарулы еркек Айнұрдың аяқ-қолын байлап, көліктің артына салыпты. Ұзамай олар Қошақарата аймағындағы моншалардың біріне келіп тоқтаған.
Жезөкшелік өмірге бейімдеу үшін қожайыны Айнұрды алдымен 5-6 еркекке зорлатқан. Күні-түні үйде қамауда ұстап, қытайдың кеспе көжесінен басқа нәр татырмаған. Сол жердегі 3-4 жеңіл жүрісті қыздар да мұның ізінен қалмай, қайткен күнде де өз қатарларына қосып алуға тырысып бағыпты. Ақыры «тірі тауарға» айналған бойжеткен күңдіктің қамытын киюге мәжбүр болады. Бірақ бұл тозақтан құтылар күн бар екен. Құқық қорғау органдарына түскен жедел мәліметтерден кейін Айнұр бостандыққа шығарылды. Осы оқиға бойынша дереу қылмыстық іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылды. Адам сатумен, жеңгетайлықпен айналысқан Сәуле мен оның танысы ұзақ жылға бас бостандықтарынан айырылды.
...Өткен сәуір айында облыстық ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының кзекші бөліміне Түркістан қаласында 49 жастағы жеңгетайдың адам саудасымен айналысып жүргені туралы жедел мәлімет түсті. Осы мәліметті анықтау барысында ізкесушілер жезөкшеліктің ордасы болған пәтерден қашып шыққан жасөспірім қызды жолықтырады. Кейінінен оның екі құрбысы (олардың бірі әлі кәмелеттік жасқа да толмаған) табылды. Еріксіз жезкөшелікпен айналысуға мәжбүр болған қыздардың айтқан әңгімелеріне қарағанда, оларды әлдебіреулер Шымкент қаласынан ұрлап алып кетіп, Түркістанға әкелген. Сосын бойжеткендердің барлығы тап бір мал базардағыдай 50 мың мен 100 мың теңгеге сатылған. Сатып алушы 49 жастағы әлгі жеңгетай. Ол «тірі тауарларды» бірден өзінің арам кәсібіне жеккен. Кейіннен қолға түскен жеңгетай бұл іске күнкөріс үшін барғанын айтқан көрінеді.
Бұл құқық қорғау органдарында тіркелген деректер ғана. Ал, ал адам сату бизнесінің арғы жағында нендей сұмдықтардың жүріп жатқанын кім білсін?!
«Импорт» жезөкшелер
Жезөкшелік әлеуметтік дерт. Кейінгі жылдары ұйымдасқан қылмыстық топтар Орта Азия елдеріндегі жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерден құралған «түнгі көбелектерді» топ-тобымен шетел асырып жатыр. Әсіресе, олар жеңіл жүрістілерді оңтүстікке көршілес Өзбекстаннан «импорттауды» жақсы жолға қойған. Ол да полицияның анықтаған мәліметтері арқылы белгілі болуда. Өзбекстандық «тауарлар» алдымен шекаралық аудандарға жеткізіліп, одан кейін Шымкентке, тіпті Алматы мен Астанаға дейін «ұзатылатын» көрінеді. Шымкенттің сауналары мен қонақ үйлерінде қызмет көрсететін оларды көші-қон полициясы талай мәрте құрықтап, елден аластағанымен, бұл бизнеске біржолата тоқтам сала алмай отыр.
Жалпы, кейінгі жылдары Шымкенттегі әулиелі мекен—Қошқарата өзенінің бойындағы және Автовокзал аймағындағы моншалардың тән саудасының қыз-қыз қайнаған базарына айналғаны, мұның сол аймақтағы білім ұяларында оқитын оқушылардың тәрбиесіне кері әсер етіп отырғаны жиі қозғала бастады. Ата-аналар өздерінің наразылықтарын БАҚ арқылы да талай жариялаған. Осы жайттар әсер етті ме, әйтеуір жақында жезөкшелікті ауыздықтаумен айналысатын ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы аталған аймақтарда реидтік шаралар жүргізді. Рейд барысында қолға түскен жезөкшерден саусақ іздері алынып, өздері оқушаулау орталығына жеткізілді. Жеке бастарын куәландыратын құжаттары жоқтар 15 тәулікке қамалды немесе айыппұл салынды. СЭС пен салық комитетінің мамандарынан бірккен топ осындағы 42 моншаға тексеру жүргізіп, олардың ешқайсысының санитарлық нормаларға сай келмейтінін анықтапты. Тазалықшылардың баяғыдан бері қайда қарап жүргенін кім білсін, әйтеуір осы жолы нақты шара қолданды. 19 монша иесінің үстінен әкімшілік хаттама толтырылды, 7 монша Әл-Фараби аудандық сотының шешімімен жабылды. Полицейлер екі жеңгетайдың үстінен қылмыстық іс қозғады.
Жезөкшелерді қалай жазалау керек?
Бір реттік шаралардан жезөкшелер мен жеңгейтайлар етек жеңін жияды деуге ерте сияқты. Оған басты себеп-- жезөкшелікке келгенде заң тым жуас. «Түнгі көбелектерге» не әкімшілік, не қылмыстық жаза қарастырылмаған. Мұны тән саудалаушылардың өздері де жақсы біліп алған. Тарихқа көз салар болсақ, жезөкшелік кеңес одағының тұсында атымен жойылып кеткен екен. Бәлкім бізге де сол заманның тәжірибесін қолдану керек шығар. Коммунистер бұл күреске идеологиялық тұрғыдан қараған. Олар жезөкшелік кәсіпті капитализмнің қалдығы деп жариялап, онымен айналысқандарды тап жауы ретінде санаған. Тіпті, сол бір аумалы-төкпелі жылдары Лениннің өзі де жеңіл жүрістілерді ату туралы нұсқаулар берген көрінеді.
Сталиндік қуғын-сүргін жезөкшелікпен күресті тіптен күшейтіп жіберді. НКВД оларды арнаулы колонияларға қамап, еріксіз жұмысқа жекті. 1937 жылдан бастап лагерлердегі бұрынғы жезөкшелер ГУЛАГ жүйесіндегі колнияларға ауыстырылған. Осы кезден бастап КСРО-да жезөкшелік біржолата жойылып, ол сексенші жылдардың аяғына дейін іс жүзінде болған жоқ. Ара-тұра кездесіп қалғандарды кеңес милициясы түрлі себептермен қылмыстық жауапқа тартып, түрмеге тоғытқан.
Қайта құру жылдарында тән саудасы қайтадан бас көтерді. Қазақстанда қазір «түнгі көбелектердің» қанша екендігі туралы нақты мәлімет жоқ.
Жезөкшелік кәсіптің аз немесе көп болуы ұлттық тәрбиеге, таным-түсінікке де байланысты екені тәжірибеден белгілі болып отыр. 2002 жылы Германия өз аумағында Еуродақтың азаматтарына жезөкшелікпен айналысуға рұқсат етті. Жеңіл жүрістілерге мейіліше түсіністікпен қарайтын елдердің қатарында сондай-ақ, Түркия, Нидерландия, Швейцария, Венгрия, Жаңа Зеландия, Австралия сияқты елдер бар.
Жезөкшелікті заңдастыру мәселесін қайбір жылдары қазақтың бір зиялысы да көтерген. Мамандардың пікіріне қарағанда, осындай жолмен мемлекет тән саудасына толықтай бақылау орната алады екен. Мәселен, жеңіл жүрістілердің денсаулығын қадағалап, оның құқығының бұзылмауын қамтамасыз етеді. Ал, бірақ мұндай жағдайда елдің, ұлттың құқығын, ары мен ұятын кім қамтамасыз етеді? Бұл сұраққа әзірге жауап берген ешкім жоқ!
Жәнібек Тархан