Мектепте оқушыларға смартфон ұстауға толық тыйым салынбақ
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Оқу-ағарту министрлігіне мектептерде смартфондарды пайдалануға толық тыйым салу құзыретін беру ұсынылып отырғанын айтты, деп жазады Оinet.kz.

Депутаттың айтуынша, Bilim және Назарбаев Зияткерлік мектептері сияқты жетекші мектептерде сабақ уақытында ұялы телефон қолдануға тыйым салынған.
«Мен мұны дұрыс деп санаймын. Оқу процесі – бұл оқу процесі. Оқушы мектепке келгенде телефонын қалдырып, сабақтан соң ала алады немесе кнопкалы телефонды қолдануға болады. Сол себепті ұялы телефондарға тыйым салу функциясын әр мектептен министрлікке беру ұсынысы бар. Сол кезде шешімді орталықтандырып қабылдауға болады», – деді Асхат Аймағамбетов палатаның жалпы отырысынан кейін.
Сонымен қатар депутат шектеуді енгізуде мектеп басшылары ата-аналар мен басқа факторларға байланысты барлығы бірдей батыл қадам жасамайтынын атап өтті.


