Түркістандықтар саудаға бейім
Түркістан қаласын өркендету жоспарға сәйкес жүргізіліп келеді. Қаланың экономикалық даму көрсеткіштері де жыл өткен сайын жақсаруда. Ең өзекті деген проблемалар кезең-кезеңімен шешілуде. Иә, тоғыз жолдың торабы саналатын Түркістанда сауда саласы жақсы жолға қойылған. Ел еңбекқор, бизнеске бейім. Бүгінгі таңда қалада шағын және орта бизнеспен айналысатын субъектiлер саны 22309 болса, оның ішінде заңды тұлғалар – 1732, жеке кәсіпкерлер –19956, шаруа қожалықтары алты жүзден асып отыр. Қаладағы 33 мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Ол игіліктен біздің қала тұрғындары да шет қалып жатқан жоқ. Бүгінде «Ырыс» микроқаржы ұйымы 104 миллион 200 мың теңгеге сегіз жобаны қаржыландырады. Негізі бізде туризмді дамытуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасының 1-бағыты аясында 17 жобаға 809 миллион теңге берілсе, тағы 13 жобаны жүзеге асыру үшін 273,8 миллион теңгеге кепілдік берілді. Сондай-ақ, 2,428 миллиард теңгеге 35 жоба субсидияланды. Ал, қарапайым заттар экономикасы бойынша 3 жоба 1,410 миллиард теңгеге субсидияланып, 1 жоба 160 миллион теңгеге кепілдендірілген дейді сала мамандары.