Өндіріс дамыса қала дамиды
Түркістандағы түркі әлемінің ойшылы, ұлы ұстаз Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – әлемдегі ең үздік сәулет туындыларының бірі. Шаһарға жыл сайын түркі елдері мен шетелдерден мыңдаған саяхатшы келеді. Тарихына қызығады. Бұл қала ежелден-ақ Еуропа саяхатшыларына да таныс болған. Жібек жолының бойындағы ірі сауда орталығының бірі ретінде дамығанын білеміз. Түркістан – Еуразияның жауһары. Түркістан бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болды. Мұнда тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған. Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, 23 биі, елуден астам қол бастаған батыры жерленген.
Міне, осындай тарихқа бай қала соңғы 5-6 жылдың ішінде қарыштап дамып, тынысы ашылды. Тарихи, мәдени шаһар енді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыған,тіпті өңірдегі көшбасшы қалалардың біріне айналды. Мұнда көптеген бұрын-соңды болмаған өндіріс орындары ашылып, «Түркістанда жасалған» деген атаумен өнімдері еліміздің, тіпті шетелдің түкпір-түкпіріне тарауда. Индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақ ашылуы Түркістан қаласына әлемнің әр тарапынан инвесторлардың қызығуына жол ашты.
Түркістан облысында туризм, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларында айтарлықтай оң өзгерістер бар. Өндіріс саласында да тың жобалар қолға алына бастады. Өндірісті дамытпай, өзіндік кірісті молайту мүмкін емес. Жергілікті әкімдік қосымша кіріс көздерін көбейтуге, өңдеу өнеркәсібін дамытуға, инвестиция тартуға, салық көздерін табуға, зауыт-фабрикалар ашуға басымдық беріп отыр. Өңірлік инвестициялық штаб жұмыс істейді. Штаб мәжілісінде инвесторлармен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың жобаларын сүйемелдеуге қолдау көрсетіп келеді. Инвестиция тарту бағытында шетелдерге делегацияларымыз барып келуде. Бұл ізденістер өз жемісін беріп жатыр.
Өткен жылы шаһардың өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 миллион теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион теңге немесе 107,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 миллион теңге немесе НКИ 104,0 пайызды құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысымен 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 миллион теңге (138,3 пайыз) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 миллион теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 миллион теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған
Мамандардың мәліметінше былтыр 100-ге жуық шетелдік және отандық компаниялармен кездесулер мен келіссөздер жүргізіліпті. Қытайға, Өзбекстан және Австралия елдеріне кәсіпкерлермен бірге іссапарлар ұйымдастырылған. Іссапарлардың нәтижесінде жаңа жобаларды жүзеге асыруға, жұмыс істеп тұрған зауыттарды кеңейтуге 1 триллион теңгеге жуық инвестиция құйылады деп күтілуде. Биыл да осы тәжірибені қолдана отырып, облыстық делегацияның Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Иран және Вьетнам елдеріне іссапарларын ұйымдастыру жоспарланып, жүзеге асырылған.
Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, бизнеске қаржылай көмек көрсету кезінде негізгі қойылатын талап – қала тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету. Өткен жылдың ішінде 5456 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Қытайдың осы бағыттағы жұмыстарынан тәжірибе жинақтау мақсатында өткен жылы өңірдің барлық аудан, қала әкімдерінің және бизнес өкілдерінің қатысуымен жұмыс сапарлары ұйымдастырылды. Өңірлік делегация Шандон, Үрімші, Дженжоу, Джоукоу, Хнан, Иу, Венжоу, Ляочин, Ляоцин сияқты провинциялар мен қалаларындағы өндіріс орындарымен танысты. Бүгінгі таңда 9 бірлескен инвестициялық жоба нақтыланып, оларды жүзеге асыру жұмыстары басталып кетті. Бұл жобалар есебінен өңір экономикасына шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция бағыттау көзделеді.
Атап айтқанда, Түркістан қаласында жиһаз шығару зауытына 2,3 миллиард теңгеге құрал-жабдық сатып алынды. Жоба іске қосылды. Шұлық шығаратын зауыт ашылды, 1 миллиард теңгеге қажетті құрал-жабдық сатып алынды.
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесі берілген 5 жылда қалада аса маңызды жобалар жүзеге асты. 250-ден астам ғимарат бой көтерді. Тұрғын үйлер, мәдениет, спорт, білім, медицина, инфрақұрылым нысандары ел игілігіне берілді. Соның ішінде халықаралық талапқа сай спорт кешендері салынды. «Түркістан Арена» стадионы, Халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы», «Олимпик центр» спорт кешені және өзге де ғимараттар пайдалануға берілді. Мұның бәрі Түркістанның спорттық әлеуетін көтерді. Облыс орталығында Түркі универсиадасы, қазақ күресінен Азия кубогы, республикалық кешенді спартакиадалар мен халықаралық жарыстар ұйымдастырылды. Шаһар Халықаралық ірі додаларды қабылдауға дайын.
ҚР Үкіметі тарапынан қаланың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына және туризм саласының жан-жақты дамуына ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық әуе рейстерін ашудың маңызы аса жоғары. Қазіргі уақытта Түркістан халықаралық әуежайы 3 халықаралық Ыстамбұл, Эль-Кувейт, Абу-Даби және 7 республикаішілік – Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қарағанды, Қостанай әуе бағыттарына қызмет көрсетеді. Атап өту қажет, шетелдік авиакомпаниялармен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде, 2024 жылдың 16 қаңтарында «Түркістан–Абу-Даби» әуе бағыты ашылды. Мұндай әуе бағыттарының ашылуы Түркістан өңірінің шетелмен сауда-экономикалық қатынастарын нығайтып, туризм саласының дамуына оң әсер етеді. Алдағы уақытта бірнеше халықаралық және республикаішілік әуе рейстерін ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар жүк тасымалы динамикасын көтеру – басты мақсаттардың бірі. 2023 жылы әуежай арқылы 360 мың жолаушы тасымалданды. Биыл жолаушылар ағынын 450 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Түркістан күн санап өзгеріп келеді. Бой көтерген ғимараттардың дизайны ерекше үлгіде, қазақы нақышта салынған. Көне шаһар аумағы мәдени-рухани орталық болып қалыптасты. Нысандар ЮНЕСКО-ның келісуімен салынады. Ал, жаңа қаладағы әкімшілік- іскерлік орталықта 20 қабатты үйлер де салынған.
Еліміздің рухани орталығы – Тұран жұртының астанасы саналатын киелі де қасиетті Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде қалыптасты. Жаңа қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан қаласы халқының саны 165 400 болса, қазір 220 мыңнан асты. Тұрғындар саны өскен сайын тұрмыстық тіршілікке қатысты көптеген мәселелердің туындауы заңдылық, яғни өсім бар жерде өзекті мәселелер де орын алып жатады. Осы уақыт ішінде қала өмірі, қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа, туризмге деген көзқарасы және мәдени мұраларға деген қатынасы едәуір өзгерді. Түркістанды түлетуге құштар жандар көбейді.
Түркістан – түркі елдерінің туристік астанасы атануына орай, биыл бірқатар нысан қолданысқа берілмек. «Түркі әлемі орталығы», «Достық үйі», «Қолөнершілер орталығы», жер асты мешіті бар «Қылует» рухани орталығы, «Көрме орталығы», «Шығыс базары», жасанды көл мен 5000 адамға арналған орталық мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, жаңа тұрғын үйлер, білім, медицина нысандары да салына бастады.