Жаңа мәртебе жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Oinet.kz 17-09-2024 54

image.png

Күллі түркі жұрты «түп қазығымыз» деп санап, ерекше құрметтеп, кие санаған Түркістан бүгінде тынысы қайта ашылып, қарқынды даму үстінде. Қазақстан Президентінің 2018 жылғы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Содан бері Түркістанның қайнаған тіршілігі еселене түсуде.

Бүгінгі Түркістан тек әлеуметтік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да қатар дамуда. Түркістан қаласы тоты құстай таранған әсем келбетімен күн санап сұлулана түсуде.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын түркістандықтармен кездескенде «Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Сондықтан Үкімет таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдайды деп ойлаймын. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр» деп рухани астанаға ерекше мәртебе беру туралы ұсыныс білдірген еді. Жоғарыда айтып өткендей, Президентіміздің Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасымен жаңа заң жобасы дайын болып, Үкімет¬тегілер оны Парламентке талқылауға ұсынып, бекіту үшін жолдады. Қазіргі таңда заң жобасы жұртышылыққа таныстырылуда.

Облыс әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйек¬тегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. Соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асты. Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекет¬тердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелген. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды. Мұнда басты ерекшеліктің бірі – Түркістандағы тарихи ескерткіштер мен мұраларды қорғау жұмыстары күшейтілмек.

Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсаттары мен міндеттері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарт¬тар құру, сондай-ақ жалпы мемлекет¬тік маңыздылығын тану, қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – Заң жобасының негізгі қағидат¬тары.

«Жалпы, аталған Заң жобасы Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, қаланың мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Сонымен қатар қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен әлеуетін ары қарай жақсартуға өз септігін тигізері анық. Қаламызды қайырымды, қолайлы да берекелі мекенге айналдыру әрбірімізге жүктеліп отырған қастерлі міндет. Сондықтан барша түркістандықтарды еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығын дамыту жолында аянбай еңбек етуге шақырамын»,- дейді Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков. Шаһар басшысының айтуынша жаңа мәртебе қаланың тек рухани, мәдени, тарихи бағытта ғана дамытып қоймай сонымен қатар туристік және экономикалық тұрғыдан дамытады дейді. Яғни туризмнің дамуы қала экономикасына айтарлықтай пайда әкелетінін сөзсіз. Біріншіден туристік нысандар көбейеді, қызмет көрсету саласы дамиды. Ең бастысы туризм саласына инвестиция ауқымды тартылатын болады. 

Қазіргі таңда Түркістан қаласының жер көлемі – 22,4 мың гектарды құрайды. 2024 жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша халық саны 233 533 адам. Оның экономикалық белсендісі 87873 адам.  Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан өңірінің аудан, қалаларын дамыту жұмыстары жүруде. Оның ішінде Түркістан қаласына ерекше көңіл аударылған. Жұмыстар нәтижесінде көрсеткіштер жақсаруда. Өнеркәсіп өнім көлемі 19 902,5 миллион  теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 11 845,6 миллион  теңге немесе 107,8 пайызды құрады. Ауыл шаруашылығының өнім көлемі 3466,3 миллион  теңге немесе НКИ 104,0 пайызды құрады, жылыжайлар – 1,5 гектар. 2024 жылдың қаңтар-шілде айының қорытындысымен 22 002 бірлік шағын және орта бизнес тіркелген. Қалаға 163 185,4 миллион  теңге (138,3 пайыз) инвестиция тартылған. Оның ішінде жеке инвестиция 104 508,9 миллион теңгеге ұлғайған. Құрылыс жұмыстары: 109 858,5 миллион  теңгені құрады. Пайдалануға берілгені – 152 257 шаршы метр оның ішінде 82 426 шаршы метрі жеке тұрғын үйлер есебінен салынған

Қалаға келетін туристер саны артып келеді. Туристер мен зиярат етушілер саны былтырғы  жылы 1 015 211 адам болса, биылғы  жылдың 6 айында 752121 адам келген. Шетелден 2022 жылы 7113 адам келсе, өткен  жылы 12 169 адам мейман болған. Ал ағымдағы жылдың 6 айының өзінде шетелден 13 732 турист келіп отыр. 

Біршама уақыттан бері Түркістан облысындағы, әсіресе, Түркістан шаһарындағы туризмді дамытуға айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Бұл саланы ілгерілетуге жаңа Заң жобасының оң  әсері мол болмақ.  Туризм саласындағы бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау көрсету бағытында бірқатар іс-шаралар көзделген. Олар: Туристік қызмет объектілерін, яғни қонақүйлерді салу, қайта жаңарту кезінде кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10 пайыз. Кәсіпкерлік субъектілері қонақүйдің барлық құжаттарын ұсынуы тиіс: пайдалануға беру актісі, Жобалық-сметалық құжаттама, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы, фото-бейне материалдар, өтініш); Кәсіпкерлік субъектілерінің жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салу бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 10 пайыз. Жобалау-сметалық құжаттамасы бойынша сараптама қорытындысында көрсетілген ӨҚҚ құрылысының құнынан); Туристік қызметті жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне, яғни көлік құралдарын сатып алу жөніндегі шығындардың бір бөлігін өтеу (Субсидия мөлшері – 25 пайыз. Туризм саласындағы кәсіпкерлік субъектісі ретінде туроператор, турагент немесе гидтер болып табылады. Автокөлікке қойылатын талаптар: жүргізушінің орнын қоспағанда, сыйымдылығы сегізден астам отыратын орны болуы және техникалық стандарттарға сәйкес болуы тиіс. Субсидия алғаннан кейін туризм саласында туристерді тасымалдауды ұйымдастыру міндетті); Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау («ҚР кейбір  заңнамалық актілеріне  туристік қызмет мәселелері  бойынша өзгерістер мен  толықтырулар енгізу  туралы» 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 34-VII ҚРЗ. Заңға сәйкес субсидиялау сомасы ай сайын 83 300 теңге мөлшерінде). Сонымен қатар, Түркістан қаласының аумағында қолөнер саласындағы шеберлер үшін шығындардың бір бөлігін жергілікті бюджеттен субсидиялау қарастырылған. Қолөнершілердің қызметі мынадай негізгі шығындарды қамтиды: қолөнер бұйымдарын жасау үшін өндірістік үй-жайды жалға алу; қолөнер тауарларын сатуға арналған коммерциялық үй-жайларды жалға алу; қолөнер тауарларын дайындау үшін шикізатты сатып алуға арналған шығыстар; сатып алу шығындары жабдықтар үшін қолөнер бұйымдарын дайындау; коммуналдық қызметтер. Субсидия мөлшері туристік қызмет саласындағы мемлекеттік қолдау шараларының ұқсастығы бойынша 10 пайыздан 25 пайызға дейін өзгереді. Аталған қолдаулар қолөнер саласын дамытуға өз септігін тигізеді деген үміт мол.

 Заң жобасы шеңберінде қала аумағындағы құрылыс регламентін, Түркістан қаласының дизайн-кодын, шаһардың сәулетті келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту бойынша өкілеттіктер берілетін болады. Мәселен, шаһар аумағына құрылыс салу мәселелерін қарау және үйлестіру үшін қала әкімі «Түркістан қаласының қала құрылысы кеңесін» құрып, сәулет-қала құрылысы және монументалды-көркемдік безендіру мәселелері жөніндегі ұсыныстарды қарайды және енгізеді. Оған қоса, қала құрылысы кеңесі туралы ережеге сәйкес өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлт¬тық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элемент¬теріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді. 

Аталған заңда көрсетілген жұмыстарды атқаруға жергілікті әкімдік пен мәслихаттың құзыреттері кеңейеді.Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек, яғни қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафттық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды.

Тағы бір белгілі болғаны, ұлт¬тық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджеттен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10 пайыздан 25 пайызға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын, көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.

Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт – қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін рет¬теуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндеттерді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзыреттер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекет¬тік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және архео¬логиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойын¬ша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу және тағы басқа мәселелерді рет¬тейді. Ал екінші бағыт бойынша, кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.

Үшінші бағыт – туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.

Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекет¬тік органдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Заң мақұлданып пайдалануға берілгенде, бұл ерекше мәртебе Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді деп жоспарланып отыр.

Индустриалды аймақ отандық өнеркәсіптің бағын ашты
Өндіріс дамыса қала дамиды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу