Индустриалды аймақ отандық өнеркәсіптің бағын ашты
Экономиканың бәсекеге қабілетті болуы — шикізаттық емес секторды дамыта отырып, инновациялық процестерге бет бұру. Елімізде индустриалдық-инновациялық саясаттың басты мақсаты — осы. Сондықтан бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалыптастырып, осы бағытта кәсіпкерге жағдай жасалу керек.
Жаһандану заманы ғылымның, технологияның дамуымен тығыз байланысты болса, оны өндіріспен, яғни өнеркәсіптік өндіріспен байланыстыру индустриялық-инновациялық дамуға жол ашады. Бұл – ел экономикасын көтерудің даңғыл жолы. Қазақстанның осы даму бағытын таңдап, бәсекеге қабілетті ел болуға қадам басқанына біраз жыл болды. Соның бір нәтижесі ретінде барлық өңірлерде индустриалды аймақтардың құрылып, жүзеге асырылғанын айтуға болады.
Статистикалық мәліметтерег сүйенсек бүгінде әлемде 20 мыңнан астам индустриялық аймақ бар. Азия елдерінде индустриялық аймақтар көбінесе елдің жедел экономикалық дамуына негіз қаласа, Еуропада индустрияның құрылымдық қайта құруларының құралы ретінде әрекет етеді. 2006 жылы қазақстандық кластерлік бастаманы іске асыру шеңберінде Астана қаласында алғаш рет «Құрылыс материалдары» және Қарағанды облысында «Металлургия-Металл өңдеу» индустриялық аймақтары құрылды. Содан бері Қазақстанда 111 жоба аясында 30-ға жуық индустриялық аймақ құрылып, жұмыс істеуде.
Еліміздегі индустриялық аймағы көп өңірдің бірі – Түркістан облысы. Бүгінгі таңда Түркістан облысында (Түркістан, Кентау, Созақ, Бадам, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Сауранда орналасқан) 10 индустриялық аймақ бар. Мұнда құны 114,2 миллиард теңгелік, 5 624 адамды жұмыс орнымен қамтамасыз ететін 79 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, машина жасау (5 жоба), тамақ өнеркәсібі (6 жоба), жеңіл өнеркәсіп (14 жоба), құрылыс материалдары (44 жоба), экономиканың басқа да салалары бойынша (11 жоба) жұмыс істеуде. Бұлардан бөлек тағы да 4 ауданда индустриалды аймақтар құрылып жатыр. Өңірдегі аудан, қалаларды қосқанда жалпы аумағы 445 гектарды құрайды. Одан бөлек 310 гектарға жуық жер резервте тұр.
Индустриялық аймақ — бұл толық дайындалған, нақты жазылған заңды құқықтары, қажетті инфрақұрылымы мен коммуникациялары бар жер учаскелері. Олардың артықшылығы - ұсынылған алаңдарда кез-келген өндірісті орналастыруға болады: фармацевтикалық кәсіпорындардан бастап автомобиль зауыттарына дейін, ал инвестор ешқандай жасырын немесе қосымша шығындарды көтермейді.
Индустриялық аймақты құру мақсаты: жеке кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету және машина жасау, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары мен конструкцияларын, ауыл шаруашылығы жабдықтарын өндіру сияқты өнеркәсіптің басым салаларын дамыту.
Инженерлік инфрақұрылымға электр, газ, сумен жабдықтау, су бұру, телефон байланысы, интернет кіреді. Индустриялық аймақ аумағында резиденттерге қолайлы жағдай жасау үшін әкімшілік орталық жұмыс істейді, оған кеңсе бөлігі, конференц-зал, қонақ үй нөмірлері, сондай-ақ асхана кешені кіреді.
2013 жылы құрылған «Түркістан» индустриялық аймағы алғашында 40 гектар болса, 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да – 200, артынша тағы 110 гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі жалпы аумағы 350 гектарды құрайды.
Түркістан қаласының индустриалды аймағының бірінші кезеңінде 40 гектар жер берілген болатын. 2019 жылы оның жалпы алаңы 310 гектарға кеңейтілген. Түркістан индустриалды аймағында жалпы құны 17 млиллиард теңге болатын 1 496 жұмыс орны бар 32 жоба орналасқан. Мұнда 8,3 миллиард теңгенің 1 141 жұмыс орнымен 22 жоба жүзеге асырылды. Жобалардың сәтті жүзеге асып, қарқын алып дамып кеткендері де бар, түрлі себептермен тоқтап тұрғандары да бар.
Түркістан облысы индустриалды аймағы басқарушы компаниясының басшысы Бекжан Нұрмановтың айтуынша жобалардың жабылуына түрлі себептер әсер етеді екен. «Бизнес болған соң түрлі жағдайлар кездеседі. Ол кәсіпорынның қаржысына байланысты болуы мүмкін. Оның үстіне нарыққа қатысушылар, тендерлердің жайы, баға, сұраныс, шикізат, энергия көздері мен шығындар деген мәселелер өте құбылмалы дүниелер. Сонымен қатар, кейбір кәсіпорындар тек маусымдық жұмыстармен айналысады. Белгілі біраз маусымдық жобаларды жүзеге асырады да біраз уақыт тоқтап тұрады. Жалпы, өндірістің жүруі не тоқтап-тоқырауы кәсіпкердің іскерлігіне, қарым-қабілетіне, тағы да басқа көп факторларға байланысты дүние. Ал, біздің міндетіміз – кәсіпкерлерге қолайлы орын, инфрақұрылым мәселесін шешіп, кәсібін дамытуына жағдай жасау. Менің мұнда басшылыққа келгеніме жарты жылдан асты. Әзірге бізде орналасқан кәсіпкерлерден шағым түскен емес. Маусым айының 22-сіне Үкімет басшысының индус- триалды аймақтардағы кәсіпорындар үшін электр энергиясы тарифін төмендету туралы хаты келді. Осы хатпен тиісті мекемелерге шығып, мәселені шешіп бердік. Тамыздан бастап біздегі кәсіпорындар үшін электр энергиясының құны 42 теңгеден 25 теңгеге түсті. Электр қуатына айына миллиондап қаржы төлейтін мекемелер үшін бұл үлкен жеңілдік болды»,- деді Бекжан Тәңірбергенұлы.
Компания басшысының айтуынша Түркістан қаласының индустриалды аймағындағы нәтижелі, сәтті жобалардың бірі деп «Grand miks» ЖШС-ны атап өтті. Расында да жиһаз өндірісімен айналысатын компанияның жұмысы жүйелі. Бүгінде 300 адамға тұрақты жұмыс беріп отыр. Жиһаздарды ел аумағынан тыс Ресейге, Беларуське экспорттайды. Алдағы уақытта көрші Өзбекстанға экспорттамақ. Сонымен қатар қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны «Қазақстан 2030 – Қытай» ЖШС-іне қарасты шұлық цехының жұмысы да жақсы жүруде. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорын күніне 32 000 жұп шұлық шығара алады. Алдағы уақытта цех толық потенциалында жұмыс істей бастағанда жалпы құны 0,8 миллиард теңгені құрайтын, күніне 500 костюм шығаратын жобаны қолға алмақ. Нарықтан екі есе арзан костюмдер шығарып сатуды және мектеп оқушыларының сөмкесі мен спорт костюмдерін шығаруды жоспарлауда. Әзірге цехта 30 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр.
Айта кетейік, облыс әкімі Д.Сатыбалды индустриалды аймақтар жұмысын үнемі назарда ұстап отыр. Жуықта тағы да 4 ауданда индустриалды аймақтар құрылды. Солардың бірі іргедегі Сауран индустриалды аймағынан өндірістік парк ашылды. Өндірістік паркке берілген 30 гектар жерге биыл тағы да 70 гектар қосылды. Осы 100 гектар жердің аумағында әрқайсысы 1584 шаршы метрлік 112 бронфильд орналасатын болады. Бронфильд деген инфрақұрылымы тартылған (жол, жарық, су, газбен жабдықталған) офисі бар дайын орын. Біз сол бизнеске, өндіріске қолайлы дайын орындарды инвесторларға ұсынамыз. Қазірге 11 бронфильд жұмыс істеп тұр. Өндіріс паркінде жылына 1000 дана жаңбырлатып суару машиналарын шығара алатын «BNK Group LTD» зауыты орналасқан. Жалпы, инвестиция құны 11,1 миллиард теңгені құрайтын бұл зауыт 100 адамға жұмыс беріп отыр. Сондай-ақ, мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаз өндіретін «Aqniet Holding» ЖШС (инвестиция құны – 3,1 миллиард теңге, 100 жұмыс орны) кәсіпорны, украиналық өнеркәсіптік тоңазытқыштар өндіретін «UBC Group» («Жасыл сұйық») компаниясы (инвестиция құны 10 миллиард теңге, 350 жаңа жұмыс орнымен) осы парк аумағында өз жұмыстарын бастап кетті.
Түркістан қаласында орналасқан «Тұран мебель» ЖШС мектеп және кеңсе жиһаздарын шығарады. Цехтың қуаттылығы күніне 600 комплект жиһаз шығаруға жетеді. Биыл ірі тендерлер ұтып, жаңа білім ошақтарының тапсырыстарын орындау үшін жұмысшылары екі ауысымда жұмыс істеп жатыр.
«Алем Бетон-1» компаниясын да сәтті жоба деп айтуға болады. Асфальт-бетон бұйымдарын шығаратын бұл кәсіпорын өндірістің 2-ші кезеңіне өтті. Олар өндіріс алаңын тағы да 2,7 гектар жерге ұлғайтты. Қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Бізге тек ірі компаниялар ғана кірмейді, газоблок, кірпіш, т.б. құрылыс материалдарын шығаратын бірқатар шағын мекемелер де бар. «Жаңа кәсіпорындарды мейлінше қолдауға тырысамыз. Жаңа келгендер кәсіп бастаймыз деп келіп жатса, қуана қарсы аламыз. Дайын инфрақұрылыммен жерімізді ұсынамыз, қаржылай қолдау көрсетуге әзірміз. Тек бизнесті қолдауға қаржы бөлетін БРК (Қазақстанды дамыту банк), ФРП (Фонд развития предпринимателей) секілді қорларға шығып, біз кепілдік берсек олардан жеңілдетілген несие, қолдау қаражат алуға болады»,- дейді компания басшысы.