Креативті индустрия - экономиканы көтереді

Oinet.kz 02-09-2024 42

image.png

Елімізде соңғы уақытта креативті индустрия туралы жиірек айтылып, бұл салаға мемлекет те аса мән беріп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың әл-ауқатын арттыруға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалыптастыруға көп үлесін тигізері сөзсіз.

Сондықтан Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажет екенін айтқан болатын. Ол өз Жолдауында шығармашылық индустрияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалыптастыру, қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көрсету жөнінде нақты міндет қойған еді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елі¬міз¬де креବ¬тивті экономиканың жан-жақты дамуы¬¬на барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді. 

Осыған орай ел Үкіметі «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеп, бекітті. Осы тұжырымдаманы жүзеге асыру мақсатында, ең алдымен, «креативті индустриялар» ұғымы еліміздің қолданыстағы заңнамасына енгізіліп, бұл саланы реттеу мен оған мемлекеттік қолдау көрсетудің құқықтық негіздері жасалды. Атап айтқанда, 2022 жылы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, креативті индустриялар бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету кезінде басымдыққа ие бағыттардың бірі ретінде белгіленді.

Креативті индустриялар деген ұғымның аясы өте кең. Соған қарамастан оған жататын салаларды айқындау бойынша бірыңғай әдістеме қалыптаспаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының қолданыстағы тәсілдеріне сәйкес, креативті индустрияларға 14 бағыт: шоу-бизнес, дизайн, сән, креативті сәулет, кино, анимация, музыка, медиа, компьютерлік графика, білім беру және зияткерлік қызметке негізделген басқа да бағыттар жатады. Яғни бұл индустрияларға шикізаты қиял, шығармашылық және зияткерлік капитал болатын экономика секторлары жатады. Шығармашылық қызметі мен ой еңбегінің жемісін коммерцияландырып, монетизациялаған, қазақшалап айтқанда, өнерін сатып пұлдаған кәсіпкерлердің бәрін де креативті индустрия өкілдері деуге болады.

ҚР Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық ішкі өнімінің құрылымындағы креативті индустриялардың үлесі 3,67 пайызды құраған. 2013-2023 жылдары креативті индустриялардың экономикаға қосқан үлесі тұрақты түрде 3 пайыз деңгейінде сақталған. Өткен онжылдықта бұл сектор номиналды мәнде 

3,2 есеге өскен. Демек, бұл бағыттағы өсімді Қазақстанның бүкіл экономикасының сол кезеңдегі өсуімен (3,2 есе) шамалас деуге болады. 

Креативті индустриялардың орнықты дамуы, әсіресе, Түркістан секілді туризм мен ғылым-білімге арқа сүйейтін қалалардың экономикасы үшін айрықша маңызға ие. Халықаралық тәжірибеге қарап отырып осылай деп сеніммен айтуға болады.

Қазақстан Үкіметі бекіткен «Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында» көрсетілген талдауларға сүйенсек, креативті сектордың әлемдік экономикаға қосқан үлесі тұрақты 3 пайызды, ал, қаржы айналымы жылына 2 триллион 250 миллиард АҚШ долларын құрайды екен. Бұл секторда бүкіл әлем бойынша 30 миллион адам жұмыс істейтін көрінеді. Аталған сектор жұмыспен қамтудың кез келген басқа салаларына қарағанда 18-25 жас аралығындағы жастарға жұмыс орындарын көбірек ұсынады.

АҚШ-тағы әйгілі Калифорния штаты бүкіл әлемде креативті экономиканы дамытудың эталондық үлгісі ретінде танылған. Жыл сайын мұнда 650 миллиардтан астам долларға креативті өнімдер шығарылып, қызметтер көрсетіледі екен. Мұнан бөлек креативті экономиканы дамыту мәселесін алғашқылардың бірі болып қолға алған ел ретінде Оңтүстік Кореяны айтуға болады. Бүгінде кәрістер әртүрлі креативті өнімдерді – кино, музыка, телевизиялық бағдарламалар, сериалдар, жоғары технологиялы ойын контентін жаһандық нарыққа белсенді түрде экспорттайды. Жалпы, бұл елдің креативті индустриядан түскен экспорттық кірістері 2021 жылы 12 миллиард  АҚШ долларынан асқан.

Бүгінде Түркістан қаласында да креативті индустрияны дамытуға қызығушылық танытуда. Мамандардың деректеріне сүйенсек, жастар дизайн, медиа, технология және басқа да салаларда өз идеялары мен жобаларын жүзеге асыра алатын коворкинг алаңдары, инкубаторлар мен стартап алаңдары пайдалануға берілген. Сонымен қатар, креативті индустрияның түрлі бағыттары бойынша білім беру бағдарламалары мен шеберлік сабақтары өтуде. 

Бүгінде Түркістан шаһарында креативті индустрияның дамуы жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Шығармашылық жобалар мен іс-шаралар жергілікті халықтың да, туристердің де назарын аударып, экономикалық даму мен әлеуметтік белсенділікке ықпал ете алады.

Облыстағы креативті индустрияны дамытудағы басты бастаманың бірі – Түркістан өңіраралық «Тұран» инновациялық кластерін құру. Кластер дизайн, сәулет, кино және бейне өндірісі, музыка, бейнелеу өнері сияқты инновациялық, технологиялық және шығармашылық салаларды дамытуға бағытталған. 

Иә, ХХІ ғасыр – өндірген тауарыңды ғана емес, білім, біліктілік, ақыл мен өнеріңді де пұлдайтын заман. Уақыттың осынау талабын ескеріп, мемлекеттің креативті индустрияларды дамытуға мойын бұра бастағаны қуанышты жағдай. Себебі, бұл сектор қаржылай табыс әкелумен шектелмейді, креативті сектор дамыса, жалпы қоғамның мәдениеті өсіп, ой-өрісі кеңейіп, пайым-парасаты жаңа бір белеске көтеріледі. Отандық экономиканың креативті секторы өрге басса, креативті, талантты, білімді, кәсіби деңгейі жоғары жастардың шетел асып, ұлттың ақыл-ойының шетел асып кетуі де тоқтар еді.

Тек бір ескеретін жағдай бар, креативті сектордың дамуы үшін оны қаржы-экономикалық тұрғыда ынталандыру мен қолдау жеткіліксіз. Шөл далаға гүл өспейтіні секілді, авторитарлық билік орнаған, демократиялану деңгейі төмен елде әлемді таңдай қақтыратын креативті дүниелердің туа қоюы екіталай. Сондықтан креативті индустриялар қарыштап дамысын десе, билік либерализм, ашықтық пен жариялылық, сөз бостандығы мен ой еркіндігі құндылықтарын ілгерілете түсуі тиіс деп ойлаймыз.

Кіріс көздерін ұлғайтуға күш салынады
Индустриалды аймақ отандық өнеркәсіптің бағын ашты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу