Жеңіл өнеркәсіп дамуда

Oinet.kz 01-09-2024 9

image.png

Облыста 594 гектар жерді алып жатқан он индустриалды аймақ бар. Соның бірі –  Түркістан қаласындағы индустриалды аймақ. Түркістан индустриалды аймағында орналасқан кәсіпорындардың бірі – қоқысты қайта өңдеу арқылы пластик заттар шығаратын «Айбек ЛТД» ЖШС. Аталмыш кәсіпорын өткен жылы құрылыс материалдарымен қатар қоқыстан пластик заттар жасап шығара бастаған. Қазіргі уақытта кәсіпорын   сүт өнімдеріне және құрылыс заттарын өңдеуге  басымдық беріпті. 

Түркістан индустриалды аймағындағы тағы бір ауқымды жобалардың бірі – «Turkіstan Textile» тігін фабрикасы. Бұл фабрика 2020 жылы қараша айында  Қазақстан және Өзбекстан Премьер-министрлерінің қатысуымен ашылған болатын. Өзбекстан оған 95 пайыз көлемінде инвестиция құйған, қалған 5 пайыз біздің елдің үлесінде. Тоқыма фабрикасы «Turkistan» индустриалды аймағында екі гектар аумақта орналасқан. Инвестиция көлемі – 700 миллион теңге. "Медициналық халаттарды күніне 4 мың дана, яғни  айына 100  мың данаға жуық етіп шығардық. 2021-2022 жылдары медициналық халаттарға сұраныс жоғары болды, тапсырысқа қарай жұмысымыз жақсы жүрді. Сұранысқа қарай анықталады ғой бәрі де. Шикізаттардың дені Ресейден келеді. Яғни халаттарды, жұмысшыларға арналған киімдер мен комбинезондардың материалдары, фурнитуралары Ресейден әкелінетін. Тапсырыстардың да көпшілігі Ресейден болды",- дейді  фабрика басшысы Әлішер Абултаев. Қызметкерлер өзбекстандық «Qojakent Textile» компаниясында (мастерлері, технологтары, механиктері) тағлымдамадан өтіп, шеберліктерін жетілдіріп қайтыпты. 

Бүгінде елімізде тігін өндірісі бір жүйеге келіп қалды. Нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар «Гауһар», «Альянс», «Алтын адам» секілді  тігін фабрикалары өте танымал кәсіпорындарға айналған. Олар ірі тапсырыстарды орындап, еліміздің жеңіл өнеркәсіп индустриясын дамытуға үлес қосып келеді. Ал, жаңа фабрикаға біз осындай табысты кәсіпорындардың жолын берсін деп тілейміз.

Түркістан қаласында шағын өнеркәсіптік парк салынуда
Инвестиция тартудан Түркістан қаласы алғашқы орында тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу