«Turkestan Textile» ұжымымен жүздесті
АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабының республика тұрғындарымен мақсатты кездесулері Түркістан облысынан бастау алғаны белгілі. Штабтың жұмыс бағыттары халықтың түрлі әлеуметтік топтарын қамтып, мемлекеттік маңызы бар мәселе бойынша таңдау жасауда, елдің ұйысқан түрдегі бірлігін қамтуды көздейді.
Өңірдің өндірістік сала қызметкерлерімен кездесу жиыны Түркістан қаласындағы «Turkestan Textile» фабрикасының өндірістік алаңында өтті. Тігін-тоқыма бұйымдарын шығаратын кәсіпорынға Халықтық штабтағы Парламент өкілдерінен бөлек, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева, Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Жансерік Жұман қатысты.
Халықтық штаб мүшелері Қазақстанда АЭС салу мәселесіне қатысты ғалымдардың, сарапшылардың, сала мамандарының пікірлерін келтіре отырып, бұл бастаманың экономикалық тиімділігіне, экологиялық қауіпсіздік аспектілеріне, отандық энергетика саласындағы стратегиялық мәніне баса мән беріп, түсіндіріп өтті. Еңбек ұжымымен қатысқан өкілдер кәсіпкерлік саласын энергиямен қамту, жаңа жұмыс орындарының құрылуы, жастардың озық технологияларды игеруге деген ұмтылысына қолдау көрсетуге шақырды.
«Turkestan Textile» фабрикасының директоры Алишер Абултаев кәсіпорынның өндірістік әлеуеті жөнінде айта отырып, энергиямен қамту саласында қолға алынатын оң өзгерістер, экономикаға да ықпал тигізіп, кәсіпкерлік өріс алуына жағдай жасайтынын түсіндіріп өтті. Дамуға бастайтын жобаға қолдау көрсету маңызды екенін айтты.