Сапалы аяқ киімді Түркістаннан табуға болады
Түркістан қаласы ертеден-ақ сауда-саттыққа, кәсіпке бейім қала. Себебі көне шаһар тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ұлы Жібек жолы кесіп өткен шаһарда сан ғасырлар бұрын саудагерлік жақсы дамыған. Сондай-ақ қолөнер де айтарлықтай дамыған. Сол атакәсіпті бүгінде жалғасыра отырып, қала экономикасына айтарлықтай үлесін қосып, отандық өнімдердің қатарын арттырып отырған кәсіпкерлер жетерлік.
Жалпы шаһарда қазір отандық өнім өндіруге аса қатты көңіл бөлінуде. "Дружба" фирмасы да бұл тұста арт қалып қойған жоқ. Бастапқыда бірнеше адам болып өз жұмыстарын бастаған өндіріс орны, қазірде Қазақстан аумағына таралатын аяқ-кім өндірумен айналысады. Аталмыш фирма бүгінде өз өнеркәсібін өрбіту, кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан қарастырылған мемлекеттен қажетті грантқа қол жеткізіп, өз кәсібін жолға қойды. «Ерінбеген етікші болады». Атам қазақ осы сөзімен-ақ бұл кәсіптің қоғамдық мән-маңызын әлдеқашан айшықтап тастаған. Өйткені етікшілік те өнер. Жай өнер емес, ерінбей-жалықпай үйренетін өнер. Кезінде әр ауылға бір етікші болған, себебі мәсі мүжілмей, етік тозбай тұрмайды. Шеберлігін шыңдап, ісмерлігін ісімен дәлелдеген адам ғана етікші бола алады. Сондықтан да қазақ қоғамы етікшіні жоғары бағалаған. Фабриканың негізін Әбдісадык Әбдіразақов қалаған. 60 жыл уақыт аралығында аталмыш фабрика түрлі құлдыраулардан өтіп, бүгінгі таңға дейін өз өнімдерін ұсынуда. Қазіргі таңда шеберханада ер адамдарға арналған қыстық аяқ киімдер топтамасы бар. Шеберхана қолда бар өнімді тұтынушыларға ұсынып отыр. Жалпы мұнда аяқ киімнің көптеген түрлері тігілген. Бүгінде аяқ киім тігушілердің жоқтығына байланысты өндіріс тоқтап тұр. Кәсіпкердің сөзінше жастардың қызығушылығы бұл салаға өте аз дейді. Сол себепті ауырлық пен жауапкершілікті сезіне білетін «екі қолға бір күрек» іздеп жүрген азаматтарды осы іске баулуды мақсат тұтып отырғандығын жеткізді.
Айта кетері, қалада осы өнеркәсіптен басқа да жеңіл өнеркәсіп түрлерімен айналысатын бірнеше өнеркәсіп орындары жұмыс жасайды. Мәселен "Сардигани" аяқ-киім өндіріс зауыты. Бұл зауыт қазір республика халқын өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Демек қалада былғары аяқкиім өнеркәсібі ертеден дамыған. Өндіріс орны қызметкерлерінің айтуы бойынша отандық өнімге қызығушылық танытып, аламын деушілер де көп екен. Кәсіпорынның алдағы мақсаты аяқ киім өндірісінен елдегі алдыңуғы қатардағы өндіруші орталықтардың біріне айналу екен. Шеберхана болашақта сапалы аяқ киімдерімен әлемдік нарықтан да бой көрсетке Түркістан қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның абыройын асқақтатын, мерейін арттыратыны анық.