Инвесторларды қызықтырған аймақ

Oinet.kz 26-08-2024 109

image.png

Шағын және орта бизнесті өркендету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Экономиканы отандық өнім көлемін арттыру арқылы көтеруді көздеген мемлекетімізде бұл саланы дамытудың түрлі жолдары қарастырылып жатыр. Соның бірі инвесторларды тарта отырып, өндіріс орындарын көбейту. 

Жеке кәсіпкерлерді қолдау, оларға лайықты жағдай жасау мақсатында құрылған облыс орталығындағы «Turkistan» индустриалдық аймағында ілкімді істер аз емес. Осыдан он бір  жыл бұрын құрылған аймақтың аумағы алғашында небәрі қырық гектар болып белгіленсе, кейіннен, яғни 2018 жылдың 27 желтоқсанында Түркістан қаласы әкімінің шешімімен тағы да екі жүз гектарға, артынша тағы жүз он гектарға ұлғайды. Нәтижесінде аталған индустриялық аймақтың қазіргі таңда жалпы аумағы 538 гектарды құрап отыр. 

Қазіргі таңда мұнда 30-ға жуық өндіріс орны орналасқан. Жалпы сомасы 5 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, мұнда «Түркістан Трасса», «Азрет–ЖолҚұрылыс», «Kadiris»,  «Стройсервис-ХХІ», «Cordial Turkestan», «Turkistan textile» БК, «SouthAluplast», «Алем Бетон – 1», «MAKS BETON», «Нурлы НазАй», «Kaztor LTD», «АЗИЯ АГРО», «Айбек ЛТД», «EKP Group 878» сияқты ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен «Grand Miks» сынды жеке кәсіпкерлік нысандары ашылған. 

Мұнда кәсіпкерлер үшін түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Кәсіпкерлер құжат ресімдеу барысында уақыт жоғалтпайды, барлық жұмыс «Бір терезе» қағидасы аясында атқарылады. Өз жобасымен келген кәсіпкер тізбеге сәйкес қажетті құжаттаманы жинақтап, басқарушы компанияға ұсынса жетіп жатыр. Ал, индустриалдық аймақ өкілдері еліміздің өзге өңірлеріне, тіпті шетелдерге де шығып, инвесторлармен кездесулер  ұйымдастырып, келіссөздер жүргізіп, өңірдің ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ұсынатын болады. 

Сала мамандарының айтуынша, инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсікерлер палатасы тарапынан да көптеген жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. «Биыл «Kazakh Invest» АҚ мен Түркістан облыстық инвестиция және экспорт басқармасының басшылары Өзбекстан және Түркия елдеріне іссапармен барып, екіжақты келісімдер жасасып қайтты. Сол келісімдердің нәтижесінде «Turkistan» индустриалды аймағына Түркиядан инвесторлар келіп, өз жобаларын осында жүзеге асыратын болды. 

Сондай-ақ, аталған аймақтағы кейбір шешімін күткен мәселелер де назардан тыс қалмады. «Turkistan» индустриалды аймағынан «Батыс Европа – Батыс Қытай» автомагистраліне қосылатын автожол бар, сонымен қатар индустриалды аймаққа теміржол тартылған. Мұның бәрі инвесторларды қызықтырып отыр. 

Индустриалды аймақтың аумағы кеңеймек
«Браунфилд» - жарқын болашақтың жобасы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу