«Браунфилд» - жарқын болашақтың жобасы
Тәуелсіздіктің елең-алаңында көптеген өндіріс орындары жұмысын тоқтатып, түрлі ғимараттар да шала біткен күйі қаңтарылып қалды. Қаншама адам жұмыссыз қалған соң елдің күнкөрісі де қиындай бастаған. Бірақ, қанша қиыншылықты бастан кешіп жатса да ел өз болашағына сеніммен қарады. Сол бір алмағайып заманда отандастарымыздың жігері жасып, тауы шағылмай, тіпті айлар-жылдар бойы жалақы алмаса да алға қарай ұмтыла түсуіне тәуелсіздікпен келген теңдесі жоқ зор рухтың әсері болған шығар.
Иә, барлық қиыншылықтарды сенім мен үміт қана жеңіп шығады. Тәуелсіздіктің таңы атқан отыз жылдағы жеткен жетістіктер мен бағындырған белестер, міне, осыны аңғартады. Соның жарқын мысалы ретінде көне Түркістанның күн санап көркейіп келе жатқанын айтуға болады. Алыстан көз тартатын әсем ғимараттары мен зәулім сарайларын айтпағанда, жаңа қала экономикалық тұрғыдан да көптеген игі бастамалардың көш басында тұр. Соның бірі ретінде «TURKISTAN» индустриалды аймағын айтуға болады.
Түркістан индустриалдық аймағында орналасқан өндірістік ғимараттар (браунфилд) құрылысы аяқталып, толықтай іске қосылды. Аталған өндірістік ғимараттарда жиһаз және шұлық цехтары жобалары іске асырылған. Инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. 30 гектар жерде орналасқан жалпы көлемі 66 мың мың ш.м. құрайтын аймақта 42 ғимарат орналасады. Өндірістік парктің құны 13 миллиард теңгені құрайды. Қосымша 70 гектар жер телімі анықталып, ұлғайту жоспарлануда. «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаевтың баяндауынша, жұмсалған бюджеттік 1 теңгеге 7 теңге инвестиция тартылу күтілуде. Құрылыс 3 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңге тартылатын инвестиция көлемі - 31 миллиард теңге. 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар өндірістік парктер аумағында әкімшілік ғимаратын салу да жоспарда бар. Ғимаратта парк қатысушылары өндірген өнімдерінің көрме залы ұйымдастырылатын болады.
Өндірістік паркті құру мақсаты – әртүрлі көлемдегі өндірістік компанияларды тарту арқылы (оларға қажетті тиімді, инновациялық өндірістік қуаттар мен заманауи форматтағы қойма үй-жайлар) олардың өзара әрекеттесуі негізінде үйлесімді өндірістік орта құру. Бұл ретте, өндірістік парктерді құру шикізаттық емес секторды дамыта отырып, өндірістің инновациялық дамуына мүмкіндік береді.
Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Алда тағы 32 ғимарат салынады. Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 миллиард теңгені құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Өндірістік парктің аумағында «BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорны жұмысын бастады. Сондай-ақ «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда, украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек, медициналық өнімдер, бөлме аралық есіктер, және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарда кәсіп бастауға дайын.
Айта кетерлігі, «Браунфилд» жобасы құрылыс шығындарының 80 пайыз қаржыландыруды «Түркістан» ӘКК және 20 пайыз инвесторлар жүзеге асырған.
Аталған ғимараттарда әлеуетті инвесторларға жалға беру және кейіннен сатып алатын жалға беру қарастырылған. Өндірістік ғимараттар құрылысының бұл моделі инвесторларға өнімді тез және сенімді сатуға мүмкіндік береді, бұл аймақтың өнеркәсіптік өндірісінің көрсеткішін арттырады.