Түркістан қаласын дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды

Oinet.kz 26-08-2024 55

image.png

Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековті қабылдап, қаланың әлеуметтік экономикалық дамуы туралы есебін тыңдады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдерінің даму тұжырымдамасын тыңдауды бастады. 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамалар аясындағы жұмыстар арнайы мәжілісте сөз болды.

Инвестиция тарту, кәсіпкерлерді қолдау. Түркістанның даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды осындай тапсырма берді.  Өңір басшысы кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, жұмыс барысындағы олқылықтарды ортаға салды. Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы сараланды. Облыс әкімі шаһарды жан-жақты дамытуға күш салып, көгалдандыруға басты назар аударуды тапсырды.

Мамандардың мәліметінше облыс орталығында жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы 7 айда 196,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім 9,5 пайызды құрады. 

Инвестиция тарту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда арнайы экономикалық аймағында 7 гектар жерге 200-ге тарта жаңа жұмыс орны бар 4 жоба іске асырылмақ. Бұдан бөлек, индустриалды аймақта 11 жобаның негізі қалануда. Бүгінде мұнда 39 жоба орналасып, 1500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. 

Облыс орталығының инфрақұрылымы да жақсарып келеді. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 16 мыңнан асып, қамтылу көрсеткіші 36 пайызға жетті. 

Қазіргі таңда қала аумағында сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында 15 нысанның (11 нысанның құрылысы жүргізілуде, 4 нысанның құрылысы басталуда) құрылысы жүргізілуде. Қосымша 3 нысанның ЖСҚ-сы дайындалуда. Нәтижесінде орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған абонент саны 33 690-ға жетіп, қамтылғандар үлесі 72 пайызды құрайды. 

Түркістанның даму барысын жан-жақты талқылай келе Дархан Сатыбалды қала әкіміне инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету ісін жетілдіруді, инфрақұрылым жүйесін жақсарту бағытында жоспарды нақтылап, жұмысты ширатуды тапсырды.  Мемлекет басшысының әкімдерге қойған міндеті – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек, –деді әкім. Аудан, қалалар бекітілген индикаторларды орындап жатыр.  

Путин тұтқындалған жоқ
«Бір ауыл — бір өнім» өңірлік көрме-жәрмеңкесі өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу