Нұрлан Архабаев: Келешекте үй салғаннан гөрі пәтер сатып алған тиімді болады

Oinet.kz 10-10-2013 940

Өзін мазалаған сауалдарға газет арқылы жауап алғысы келетіндер де жоқ емес. Сондай оқырманның бірі Мақсат Оспанов бізге былай деді:

«Биыл Шымкенттегі «Қайтпас» мөлтекауданынан жеке тұрғын үй салған едім. Дәл қазіргі таңда менің қолымда жердің мемлекеттік актісінен басқа құжат жоқ. Баспананы көтеріп, төбесін жауып қойдым. Енді тұрғын үйдің құжаттарын қалай рәсімдеуді білмей отырмын. Сол жерде тұратын көршілерімнен естігенім, құрылыс жұмыстарын бастамастан бұрын қалалық сәулет бөлімінен рұқсат алуым тиіс екен. Үйді сәулетшілердің рұқсатынсыз бастап жіберсең, айыппұл төлейді екенсіз. Оның көлемі 100 мың теңгеден асатын көрінеді. Осының анық-қанығын анықтап берсеңіздер».

Қайтпас.jpg

Біз Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, облыс орталығының бас сәулетшісі Нұрлан Архабаевты әңгімеге тартып, оқырманымыздың жоғарыдағы сауалын көлденең тарттық.

--Бұл жаңалық емес. Мұндай талап бізде кеңес кезінен бар. Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан кез-келген құрылысты жүргізерден алдын тұрғындар жұмысшы жобасын жасап, оны сараптамадан өткізуі тиіс,--деді Нұрлан Төлепбергенұлы.—Рас, бұған дейін түрлі себептерге байланысты заңның бұл талабы толыққанды орындалып келген жоқ. Бірақ соңғы жылдары құрылысқа қатысты талаптар күшейді. Көпшілік арасында «ГАСК» атанып кеткен Мемлекеттік сәулет бақылау басқармасы енді осы талапты орындатуға көп күш салуда. Ондағылар 2001 жылдан бергі аралықта салынған құрылыстардың жобасы жасалып, сараптамадан өтуі тиіс деген талап қойып отыр. Күні кешеге дейін біз халықтың жағдайын ойлап, құжаттарға қол қойып келген едік. Енді міне, «ГАСК» «заңның талабын орындамасаңыздар, өздеріңізге шара көреміз» деген соң, амал жоқ, осылай істеуге тура келіп отыр. Әрине, бұл жеке тұрғын үй салып қойған азаматтарға ауыр тиері анық. Бірақ заңның аты заң, тәртіптің аты тәртіп. 

--Сонда жеке тұрғын үйін бастамас бұрын, жұмысшы жобасын жасатып, оны сараптамадан өткізбеген азаматтар не істейді? Айыппұлды төлемеудің жолы жоқ па?

--Тұрғын үйді 2001 жылдан бергі аралықта салып қойған азаматтар алдымен үйдің техникалық төлқұжатын алып бізге келеді. Біз оны Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасына жібереміз. Айыппұл сол жақта салынады. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Бәрібір төлейсіз. Оның мөлшері 100 мың теңгенің көлемінде көрінеді. Білуімізше, Оңтүстік Қазақстан облысы қазір осындай айыппұл салудан республикада бірінші орында тұрған көрінеді. 

Айыппұл төледім осыменен бәрі бітті деген түсінік болмауы тиіс. Салып қойған тұрғын үйді арнайы комиссия барып, тексереді. Бәрі талапқа сай болуы тиіс. Егер  құрылысқа бекемдеу жұмыстарын жүргізу қажет болса, егесіне осы жөнінде міндеттемелер жүктеледі.

--Ал жеке тұрғын үйін әлі бастамаған азаматтар сәулет бөлімінен рұқсат алу үшін не істеуі қажет?

--Алдымен біздің бөлімге келіп, сәулеттік жоспарлау тапсырмасын алады. Соның негізінде құрылысына жұмысшы жобасын жасайды. Оның сараптамадан өткізеді. Осыдан кейін «ГАСК»-ге тіркеліп, құрылысын бастай береді. 

-- Жаңа бір сөзіңізде бәрі талапқа сай болуы тиіс дедіңіз. Шымкентте жеке тұрғын үйлердің басым көпшілігі шикі кірпіштен, құрылысшылардың тілімен айтқанда саманнан салынады. Тіпті саманнан салынған екі қабатты үйлерді де көріп жүрміз. Бұл құрылыс талаптарына қаншалықты сәйкес келеді.

--Шынын айту керек, қазіргі талап бойынша үйді саманнан салуға мүлдем болмайды. Өйткені жоғарыда айтқанымдай, бізде жер сілкінісі болу қаупі жоғары. Егер ертең құдай бетін аулық қылсын, бір жағдай бола қалса, ол үшін кім жауап береді? Біз дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп жатырмыз. Оған кіру үшін біздегі талаптардың барлығы өркениетті елдердегідей болуы шарт. Бұрынғыдай ығы-жығы үй салуға болмайды.

Жалпы әлемде жеке тұрғын үйге қатысты талап қатаң. Жер телімі де қымбат. Сондықтан жеке тұрғын үйге бақуатты отбасылар ғана қол жеткізе алады. Орта дәулетті отбасылар көпқабатты үйлерде тұрады. Ал, Шымкентте керісінше. Көпқабатты үй алуға шамасы жетпегендер жер алып, үй салады. Бізде қайта жеке тұрғын үй салу әлдеқайда арзан деп есептеледі. Ал, жеке тұрғын үйлердің қалай салынып жатқаны, оның талаптарға қаншалықты жауап беретіні белгілі ғой. Уақыт өте бізде де жер алып, үй салғаннан гөрі пәтерде тұрған оңтайлы болады. Жер күннен күнге қымбаттап барады. Енді жеке тұрғын үй салуға қатысты талап та күшеюде. Түптің түбінде жеке тұрғын үй салғаннан гөрі дайын пәтер алған әлдеқайда тиімді болып шығады. Жалпы менің ойым, қалада тұрған соң азаматтар барлық жағдайы жасалған пәтерде тұрғаны дұрыс. 

--Облыс орталығының жаңа бас жоспарына сәйкес Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарына қарасты біраз елді мекендер Шымкент қаласына еніп отыр. Бірақ осы елді мекендердің қашан қосылатыны туралы ақпараттар әрқилы. Жергілікті әкімдер Сайрам ауданындағы елді мекендер қалаға 2015 жылы, ал Төлеби мен Ордабасы аудандарына қарасты елді мекендер 2025 жылға дейін өтеді дейді. Осының анық-қанығын өзіңіз ажыратып берсеңіз.

-- Шымкент қаласының бас жоспарын 2012 жылы тамыз айында облыс әкімі Үкіметтің алдында қорғап шықты. Сол жылдың қыркүйегінде қолымызға қаулы алдық. Осы бас жоспарға сәйкес Сайрам, Төлеби, Ордабасы аудандарынан 36 елді мекен Шымкент қаласының аумағына енуі тиіс. Облыстың әкіміне осы бағытта жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілген. Содан бергі аралықта бірқатар жұмыстар атқарылды. Халықпен кездесулер өткізілді, елді мекендерді Шымкентке беру келісімі үш ауданның мәслихатымен мақұлданды. Осындай құжаттар Шымкент қалалық және облыстық мәслихаттарда бекітіліп, Үкіметке жіберілген. Бізге мәлім болғандай, жуырда үкімет отырысында осы мәселе қаралып, келісім берілген. Енді жақын арада қаулы шығуы тиіс. Қаулы шықса, 36 елді мекен Шымкенттің аумағына өтеді. Келер жылы, арғы жылы деген әңгіме жоқ, бәрі биыл жүзеге асырылады. 

-- Шымкенттің аумағына енетін елді мекендерде жеке құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Енді үй салған азаматтар құрылысқа қатысты құжаттарды қайда рәсімдейді?  Ауданнан ба, әлде Шымкент қаласынан ба?

--Дәл қазіргі уақытта сол тұрғылықты ауданы арқылы рәсімдей берген дұрыс. Кейіннен барлық құжаттар қалаға аударылып алынады. Бұл жерде қиындық болады деп ойламаймын. Өйткені құрылыс нысаны мемлекеттік қабылдаудан бірақ рет өтеді. Егер сіз тұрғын үйіңізді ауданда мемлекеттік қабылаудан өткізіп қойған болсаңыз, Шымкентке өткен соң мұны екінші қайтара жасатпайсыз. 

-- «Мирас» мөлтекауданындағы қалыптасқан жағдайға қатысты не айтасыз? Үйлері бұзылуға тиіс тұрғындар ақпарат құралдары арқылы наразылықтарын білдіріп жатыр. Бұл мәселеге облыстық мәслихат та араласты. Сіздің ойыңызша, бұл проблема қалай шешіледі? 

-- «Мирастан» үлкен проблема көріп тұрған жоқпын. Егжей-тегжей жоба жасала береді. Ол қаланың болашақта келбетін білу үшін қажет. Ал,  үй салынып кеткен жерлерді мемлекет мұқтаждығы үшін алып қою шараларын жаппай жүргізудің қажеті жоқ. Тек өте қажет жерлер ғана алынуы тиіс.  Халықты шулатудың қажеті қанша? 

Жалпы осы жерде айта кетер бір мәселе, көптеген елді мекендер 2004 жылғы бас жоспарға сәйкес Шымкентке өтуі тиіс болатын. Сол кезде ауылдық округтердің әкімдері елді мекендердің Шымкентке өтетінін біле тұра, ол жерлерге егжей-тегжей жобасын жасамастан халыққа таратып жіберген. Қазір осындай заңбұзушылыққа жол берген әкімдерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға да болады. Енді қазір не жол жоқ, не әлеуметтік нысан салатын жер жоқ. Тәртіп бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың ені 25 метрден, аудандық маңызы бар жолдар 40 метрден, қалалық маңызы бар жолдар 60 метрден жоғары болуы тиіс. Әр аумақта тұрғындардың санына қарай мектеп, балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар салынады. Қазір осындай нысандарға қайда сиғызарымызды білмей отырмыз. Ал тұрғындардың меншігіндегі жерді қайтарып алу процесі өте қиындау шаруа. Себебі ол жерлерге тұрғын үйлер салынып кеткен.

Жалпы қазір біз қаланың аумағына өтетін жерлерге қатысты талдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Шамамен сексен-тоқсан пайызы аяқталып қойылды. Осы талдауда қай жерге әлеуметтік нысан түседі, қай жерге жол түседі, бәрі-бәрі көрсетілуде. Ашық теңізде кетіп бара жатқан кеменің капитаны картаға қарап бағыт-бағдарын анықтайды емес пе?! Міне, әлгі талдау да біз үшін сондай маңызды. Халық та түсіну қажет. Түсінеді деп ойлаймын. Егер ертең өзі тұратын аймаққа жол, мектеп, аурухана салынып жатса, халық оған неге қарсы болуы тиіс?! Ал үйлері бұзылған азаматтарға заңға сәйкес өтемақы төленеді. Медицинада ұлғайып бара жатқан жараны хирургиялық ота жасау арқылы кесіп тастайды. Міне, біздің жасап жатқан шараларымыз да осы сияқты. Қала болған соң барлық нәрсе талапқа сай келуі тиіс. Ал ештеңе істемесек, ертең халық «бізге мектеп керек, арурухана керек» деп шулайтыны анық. Бұл кезде жағдай қазіргіден де күрделеніп кетеді. Менің айтарым, халыққа қарсы бірде-бір жұмыс істеліп жатқан соң. Осының бәрі де халықтың қамы үшін. 

--Шымкент қаласының жаңа әкімшілік іскерлік орталығында биыл қанша нысан пайдалануға беріледі?

--Екі нысан бітеді деп отырмыз. Оның біреуі көрме залы, екіншісі кітапхана. Келесі жылы бізде театр, конгресс хол, тұрғын үйлер, тағы басқа да нысандар пайдалануға берілуі тиіс.

--Ал облыстық әкімдіктің құрылысы қашан аяқталады?

--Келесі жылдың аяғы деп жоспарланған. Жалпы алғанда алдағы 3-4 жылдың көлемінде жаңа әкімшілік-ісерлік орталық дамып, адам танымастай өзгереді деп ойлаймын.

--Әңгімеңізге рахмет, қызметтеріңізге табыс тілейміз!

Бақытжан ЖАҚСЫҚҰЛОВ: Елін сүйген ерлік жасайды
Бақтығали СЕЙІЛХАНОВ: «Медаль марапат қана емес, тәрбие құралы да»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу