Бақытжан ЖАҚСЫҚҰЛОВ: Елін сүйген ерлік жасайды

Oinet.kz 29-03-2019 1535

Бақытжан Жақсықұлов талай шәкірт тәрбиелеп, әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекелерде төрелік жасап жүрген  белгілі азамат. Шағын ғана жаттығу залынан басталған оның спорттағы белестері шырқау биіктерге дейін көтерілді. Ол бағы жанып боз кілемдерде чемпион атанды. Бапкер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. Республикалық жарыстарда, Азия чемпионаттарында, Халықаралық жарыстарда төрелік ету дәрежесіне сатылап жетіп, әлемдегі  Халықаралық Олимпиада дәрежесіндегі 50 төрешінің қатарына енді. Бұл  қазақ халқы үшін үлкен мақтаныш. 

Бақытжан Жақсықұлов.jpg

Бақытжан Ержанұлы заңғар белестерді бағындырған, өзінің батылдығы мен қарапайымдылығың арқасында елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген жан. Туралықты бетке айтатын ағамызбен жолығып, сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

 - Бақытжан Ержанұлы, Л.Тәжиева атындағы №4 Олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөсіпірімдердің мамандандырылған спорт мектебіне қызметке келгеніңізге жылға жуықтап қалды.  Қандай жетістіктермен қуанта аласыз?

- Ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз көп. 2013 жылғы қыркүйек айының соңында Болгарияның Албена қаласында қыздардың жастар  мен жасөспірімдер  арасындағы әлем чемпионатында мектебіміздің шәкірті Айдана Арапбаева бокстан күміс жүлдегер атанып келді. Бұл сайыста қазақстандықтар жалпы саны 16 медальға қол жеткізді.  Айдана екі жыл бұрын жасөспірімдер арасында  чемпион болған дарынды спортшы. Содан соң Грекияда өткен шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Ж.Агманов, Р.Жалмахановтар екінші орынды иеленді. Біздің мақтанышымыз гроссмейстер Гүлісхан Нахбаева халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Сол секілді дойбыдан Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында Е.Нәби чемпион атанды. Өзбекстандағы Халықаралық  жарыста бокстан Р.Затулла 1 орын алса,  Атырау қаласында өткен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионатында Естемір Мақсат 66 келі салмақта бірінші орынды иеленді. Биылғы жазда Қазан қаласында өткен XXVII жазғы  Универсиада ойындарында да біздің спортшыларымыздың бағы жанды.   Бокстан Ержан Жомарт және белбеу күресінен Аян Ермекбаев қола медальдарды иемденді. Командалық ойын түрлерінен де спортшыларымыз барын салуда. Мысалы баскетболдан Щучинск қаласында жасөспірім қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында біздің қыздар командасы  1 орынды алды. Гадболдан Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионатында жарыста да қыздар командасы жүлделі 1 орынды иемденсе, Ақтөбе облысында өткен ұлдар арасында өткен республика біріншілігінде жүлделі 1 орынды алды. Осы секілді басқа да спортшыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық додалардан құр алақан қайтып жатқан жоқ. 

- Мектепте спорттың қанша түрі және қанша оқушы бар?

- Бүгінгі таңда мектепте спорттың 9 түрі жұмыс істейді. Спорт ойындарынан: гандбол, волейбол, баскетбол. Интеллектуалдық ойын түрлерінен: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ. Жекпе-жек түрлерінен: қазақ күресі, белбеу күресі және бокс. Мектепте бүгінгі таңда 848 спортшы бар, оның ішінде 1 гроссмейстер, 4 Халықаралық дәрежедегі спортшы, 21 спорт шебері, 85 спорт шеберіне үміткер, 398 әр түрлі спорттық санаттағы   спортшылар және алғашқы топтағы спортшылар  жаттығуда. Спорт мектебімізде Қазақстанға еңбек сіңірген, жоғары санаттағы және бірінші жоғарғы санаттағы жаттықтырушыларымыз қызмет етуде. 

- Спорттың қай түріне балалардың қызығушылықтары жоғары?

- Мектептегі спорттың барлық түрлеріне қызығушылар көп. Әсіресе, соңғы уақыттары қала тұрғындары балаларын шахмат ойынын меңгеруге  әкелуде.  Әрине ол қуантарлық жағдай.  Шахмат адамды сабырлыққа баулып, ой-өрісінің жақсы  дамуына  септігін тигізеді.  Мен еркін күрестің шебері болғанымен шахмат, дойбы ойындарын  жақсы көремін.  

- Жеңіске жету үшін спортшының бойында қандай қасиеттер болу керек деп ойлайсыз?

- Қазақ жаратылысынан дана, білімді, ержүрек, бауырмал халық. Лондон олимпиадасында еліміздің  әнұранын жеті рет шырқатқан спортшыларымыз арқылы Қазақстанды әлем таныды.  Осындай жетістікке жету үшін спортшы айла-тәсілдерді толығымен меңгеру үшін бар күш-жігерлерін сарп етеді. Спортшының бойында физикалық күш қана емес, Отанға деген сүйіспеншілігі, патриоттық сезімі жоғары болу керек. Бейбітшілік заманда көк байрағымызды әлемдік додаларда желбіреткен азаматтарды еліміздің батыр ұл-қыздары деп білемін. Елін сүйген - ерлік жасайды.  

- Сіз күрес түрлерінен  Олимпиада дәрежесіндегі жалғыз төрешісіз. Мұндай дәрежеге жету үшін төреші қандай белестерді бағындыруы керек?

- FILA (Дүниежүзілік күрес федерациясы) ережесі бойынша бірінші категориялы төрешілердің ішінен ең білікті, үздік  60 төрешіні іріктеп алады. Осы 60 төреші Еуропа Чемпионатын міндетті түрде төрешілік ету қажет. Еуропа Чемпионатынан кейін рейтинг бойынша 50 төрешіге Әлем Чемпионатында төрешілік етуге рұқсат беріледі. Осындай сынақтардан сүрінбей өткен төрешілер ғана Әлемдік және Олимпиада ойындарына төрешілік ете алады. Төреші болу үшін алдымен  білім,  әділдік және  батылдық  қажет. Ал әділдігін айту үшін сол спорттың қыр-сырын толық меңгерген абзал. Сондай-ақ қателік жасау төрешінің дәрежесіне нұқсан келтіреді.  

Осы талаптарды орындай отырып алғаш рет осы дәрежеде  2011 жылы Еуропа, Әлем Чемпионаттары және 2012 жылы Лондон Олимпиадасында грек-рим, еркін және әйелдер күресіне төрелік еттім. Ал соңғысы 2013 жылы Будапештте  (Венгрия) өткен  Әлем чемпионатында қазылық жасадым. 

- «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген, артыңыздан ерген төреші шәкірттеріңіз бар ма?

- Олимпиада дәрежесіндегі төрешілер спорт әлеміндегі ең жоғарғы элита. Бұл дәрежеге лайықтыларды FILA  бекітеді. Сондықтан бұл жағдайда тамыр-таныстың дәурені жүру мүмкін емес, тек өз мамандығын жілікше шағатын үздіктер ене алады. Ал осы үздіктерді осы шыңға көтеру үшін оларға кеңес беріп, қателерін түзетіп отыратын ұстаз керек. Осы мақсатта қазір талай жарыстарда төрешілік жасап жүрген, халықаралық бірінші дәрежедегі  үш азаматты дайындап жүрмін. Болашақта оларды Олимпиада ойындарына төрелік жасап отырар деген үмітім бар. 

- Қазақтың ұлттық спорт түрлерін   әлемдік деңгейге көтеру үшін не істеу қажет деп ойлайсыз?

- Қазақтың ұлттық спорт түрлері еліміздің бренді болып табылады. Оларды әлемдік, Олимпиада ойындарына кіргізу үшін мемлекеттік деңгейде қыруар іс-шараларды атқару керек. Мәселен ұлттық  спорт түрлерінің мамандарын  шетелдерге жіберіп, үгіт-насихат жұмыстарын  жүргізіп, сол елдердің жастарын баулу қажет. Қазір қазақ күресі және ат спорт түрлері жақсы дамып келеді. Қазақ күресінен Еуропа, Азия, Африка және Әлем  чемпионаттарында   өткізіліп жатыр. Жақында ғана Астана қаласында көкпардан тұңғыш рет Азия чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сол секілді тоғызқұмалақ ойынынан Азия және Әлем чемпионаттары өткізіліп жүр. Қазақстан жас мемлекет болғандықтан еліміздің аты шетелге енді танылып келе жатыр. Осы секілді ұлттық спорт ойындарымыздың дамуы біраз уақыт пен еңбекті талап етеді.  Спорт саласының мамандары  ғана  емес, еліміздің әрбір патриот азаматтары  ұлттық спорт түрлерінің дамуына өз үлестерін қосуда аянып қалмаса, болашақта оларға әлемдік  ойындарда жанкүйер болуымыз ғажап емес.   

- Шымкентте спорт базаларыңыздың ахуалына қандай баға берер едіңіз? 

- Әзірге мектебіміздің базасы болмай тұр. Бірақ қала әкімі Дархан Амангелдіұлы спорт саласына қажетті бар жағдайды жасап, спорт  сауықтыру кешендерін көбейтемін деп отыр.  Аталған жоспарлар іске асса  спортты серік еткен жас жеткіншектердің қатары көбейіп, жастар арасындағы белең алған бұзақылық,  қылмыс, нашақорлықтың тиылатыны анық. Спортпен айналысқан барлық баланың чемпион болуы міндетті емес. Салауатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулықтарының пайдасы үшін спорт және денешынықтырумен айналысқандары дұрыс. 

- Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз және оқырманға айтар тілегіңіз?

- Қазір елімізде төрт жылдық жазғы Олимпиадалық цикл басталды. Олимпиадаға дейін арада Азия, Әлем чемпионаттары және 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін Азия ойындарына орай іс-шаралар өткізіп жатырмыз. 

Оқырмандарға айтар тілегім әлемде әрқашан бейбіт заман орнасын. Әр мемлекет өздерінің мықтылығын тек спорт аренасында ғана дәлелдесін. 

 - Сұхбатыңызға рахмет. Еңбегіңізге жеміс тілейміз! 

Ғани Ахметбаев: «Ұлттық спортымыздың мәртебесін көтеру жастардың қолында»
Нұрлан Архабаев: Келешекте үй салғаннан гөрі пәтер сатып алған тиімді болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу