Торғын Жолдасбекқызы: Адам арбада отырса да мүмкіндігі шектелмейді

Oinet.kz 08-06-2022 2048

Жақында ғана дүниеден озған жазушы Торғын Жолдасбекқызының qamshy.kz порталында 2020 жылы жарияланған сұқбатын ұсынамыз.

Screenshot_8.jpg

"Сор дегенім баққа айналды"

Торғын әңгіме жазуды 29 жастан асқан соң бастаған. Өзінің сөзінше, қолына қалам алуға түрткі болған жайт – басына түскен қиындық. 

– Қазір жасым 35-те. Жазушымын. Менің басты ерекшелігім – арбаға таңылғаным. Бір кездері бұл менің кемшілігім, осалдығым болып көрінетін. Анам бала күнімде өмірден озды. 25 жастан асқан соң әпкем екеумізде сырқаттың белгілері пайда бола бастады. Ешкімнің ойына да кіріп-шықпаған еді. Әпкем де анамның артынан кете барды... Мен мұны басында біздің әулетке берілген сор, қиындық деп қабылдадым. Алайда сырқаттан жеңілген сәтте жазушылыққа келдім. Соңғы жылдары дертімді бойымдағы жазу қабілетім деп қабылдадым, – деп таныстырды жазушы өзін. 

Мұнан кейін жақын адамдары жайлы ашық айтты.

– Алланың маған рақымы болса керек, әркез жанымда жүрегі кең адамдар жүреді. Қазір отбасылы емеспін, ажырасқаныма 2 жылдай болды. Алайда келін болып түскен отбасым көп көмектесті. Бұрынғы жолдасыммен туған бауырдай болып кеткенбіз. Ол кісінің анасы өз анамдай қамқоршым, сырласым болды. Өзімді орманда тұратындай сезінемін. Бір талы – мен, ал жақындарым – қоршаған ағаштар. Мен солармен ғана мықтымын. Қардан да, жауыннан да, дауылдан да айналамдағы жақсы адамдардың арқасында сынбай келемін, – дейді ол.

 "Адам арбада отырса да мүмкіндігі шектелмейді"

– Өсіп келе жатқан қызым бар. "Сен неге басқалардай емессің? Неге әлсіреп бара жатырсың?" деп сұрайды. Бала күнімде анамның сырқат екенін көрсем де тікелей бұл сұрақты қоя алмадым. Қызымның қойған сауалына жауабын ашық айтамын. Адам арбада отырса да мүмкіндігі шектелмейтінін түсіндіремін. Қазірден қызымның бойына осыны сіңіргім келеді, – дейді Торғын Жолдасбекқызы.

Оның сөзінше, еңсесі түсіп, жабырқап жүрген сәтінде түсіне бір әйел кіріпті. «Өзіңнің кім екеніңді ұмытып кеттің. Саған қалам ғана көмектеседі» деп өктем сөйлепті. Алайда өзі бұл түсін аянға да баламайды.


– Әрбір адамның түпсанасы, рухы ешуақытта қажымайды. Жай ғана кей кездерде өмірдің соққыларына бола ұйқылы-ояу күйге түсеміз. Сол кезде өзіміздің «менімізбен» байланысты жоғалтып аламыз. Одан адамның рухы әлсірейді, қиындыққа төтеп бере алмайтын осалдық пайда болады. Бойымды осындай түсініксіз сезім билегенде түпсанам түс арқылы белгі берген секілді.

Көп жағдайда адамдар басына іс түскенде «бұдан шығар жол жоқ» деп ойлайды. Бірақ қиындықтан құтылуды шын мәнінде қаласа, оған көмек келеді. Ол адам немесе түс арқылы болсын, әйтеуір бір келеді. Бастысы, шынайы ниеті болуы керек, – дейді ол. 

"Әңгімелерімнің желісін түсімде көремін"

Торғынның осы тылсым түстен кейінгі өмірі тікелей жазуға байланған. Өзінің айтуынша, түсінде көргенін өңінде әңгімеге айналдырған.

– Менде әңгіме жазып кетемін деген ой болмады. Жай ғана жаныма ем іздеп жүрдім. Әлеуметтік желіге де сол себепті қосылдым деп ойлаймын.

Алғашқы кезде түс менің жетекшім болды. Түсімде әңгімеге арқау болар оқиғаларды көре бастадым. Содан соң тарқатып жазуды үйрендім. Мәселен, "Маймыл адам" деген шығармамды 18 жасымда түсімде көргенмін. Бұл шығарманың сюжеті былай: темір қақпаға қамалған қара маймыл күйінеді, жылайды. Қамаудан шыққысы келеді. Оған жаным ашып, тордан шығарғанымда, қара маймыл бостандықтың қадірін түсінбейді. Бұл түсім 18 жастағы Торғынға тоқтау болған сияқты. Қыздар аянышты махаббатты ұнатамыз ғой. Менің өмірімде де осындай махаббат болуы керек секілді көрінетін. Адамның ойы 100 пайыз жүзеге асады. Біз нені қаласақ, нені көп ойласақ, сол біздің өмірімізге енеді екен. Басында әңгімелерім түске негізделді. Кейіннен қиялдың жемісі мен айналамдағы адамдарды мысал ете жазып отырдым, – дейді ол. 

Түсінде көргенін әңгімесіне арқау етіп жүрген жазушы жазушылыққа кеш келгенін былай еске алады: 

"Емшілер ем іздеп келгендерге «арқасы бар» дегенді жиі айтады. Осы «арқа» деген нәрсе бойдағы дарын секілді. Барлық адам өзіне тән талантпен дүниеге келеді. Оны жарыққа шығармаса, қиындыққа ұшырауы мүмкін. Талант пен энергияны дұрыс жұмсай алмаған адамдар сырқатқа ұшырап не ішімдікке салынуы мүмкін. Сол кезде адам өзін де, талантын да таба алады, арқасы қысқаны да қояды. Менің де жанымды ауыртып келген талантым сияқты.

Талантты оятам деп өзін асыра қамшыламау керек. Арқаны кеңге салып, тыныштықта өзін тыңдаса, қалауын табады. Біреудің қолынан тігін тігу келсе, бірі бала тәрбиесіне жақсы. Мәселен, мен 29 жасыма дейін жаза алатынымды мүлдем білген жоқпын. Әлде іште тұншықтырып келдім бе екен... Өз-өзіме көңілім толмайтын. Айналамдағы адамның бәрі менен зор жетістікке жеткендей көрінетін. Ал қазіргі кезде байқасам, өзімді табуға жай ғана уақыт бөлмеппін".

"Алланы "досымдай" көремін"

Жазушы басына түскен қиындықты Алланың сынағы деп қабылдайды. Алайда "Алла сынақты жығу үшін емес, жеңу үшін берді" деп есептейді.

– Өмірімнің кей кезеңінде Жаратушыға өкпем болды. Бүкіл әлемнен де, Алладан да тұмшаландым. Өте қиын сезім. Ішіңдегіні бөлісе алмау – оңай нәрсе емес. Содан 10 жылдай тұйықталып кеттім. Ашық-жарқын бұрынғы Торғынды таппай қалдым. Күндердің күнінде ем іздеп емшіге жолықтым. Қап-қара киінген. Қолындағы шылымын будақтатып отырып, «Торғын, сен Аллаға бет бұрып көрсең қалай болады?» деді. Аллаға жақындадым. Алдыңғы сұхбатымда «Мен Құдайдан қорықпаймын. Оны жақсы көремін» деген бір сөз айтып қалдым. Әкем олай айтуым дұрыс еместігін ескертті. Алайда Алланың шексіз мейірімділігін білгендіктен қорқа алмаймын. Досымдай көремін. Сынақ келсе, жығу үшін емес, жеңу үшін бергенін жақсы түсіндім, – дейді Торғын.

"Қорқынышпен күреспеймін"

Торғын 25 жасында арбаға таңылған соң алғашында адамдар арасына шығуға  жүрексініп жүріпті. 

– Өмірімде қорқыныш жиі кездесті. Кейбірін жеңе алмайтынмын. Мәселен, сырқатымды алайық. Дәрі немесе ем толық көмектеспейді. Сондықтан тек Аллаға тапсырамын. Расында 100 пайыз өз өміріңе сенген кезде жағдай өзгере бастайды. Ең алғаш сахнада өзімді арбада көрсетуім – TEDxSemey конференциясы еді. Оған дейін тіпті достарымның алдына шығуға қорқатынмын. Арпалысып күрессең, энергияңды жаман жаққа жұмсап, жақсылықты көре алмайсың. Сол себепті мен бәрін тағдырға табыстаймын, – деп еске алды ол өмірде қорқынышқа қарсы келген кездерін. 

Торғынның сөзінше, әлеуметтік желіде қыз-келіншектер жиі кеңес сұрайды екен.  Жазушының оларға айтар ақылы – көп ойланбау. 

– Ойлану жақсы ғой. Дегенмен көп ойлану – біздің сорымызға айналуы мүмкін. Ең бастысы, адам ойын реттеуі керек. «Өмірім жоқшылыққа толы, бір ретке келтіре алмадым» деп жылап жатады. Бәріне айтарым: сен өмірде неге жеткің келеді, тек соны ойлауды үйрену керек. Өз басымнан да өтті. Бізді біреу мүсіркегенін қалап тұрамыз. Соның кесірінен аянышты күйге түсетін жағдайды өзімізге тартамыз. Менің әңгіме жазғандағы басты мақсатым – қыз-келіншектерді құрбан күйінен арашалау еді, – дейді Торғын. 

Оқырманның пікірі: "Сақал" деген жазбаңызды оқығанда не күлерімді, не күрсінерімді білмей қалдым"

Жазушы Торғын Жолдасбекқызы біздің сұрақтарымызға онлайн жауап берді. Instagram-ның тікелей эфирінде өткен сұхбат барысында оқырмандар да сұрақ қойған еді. Жазушының әлеуметтік желідегі "Сақал" деген жазбасы жайлы бір оқырман "оқығанда не күлерімді, не күрсінерімді білмей қалдым" деген ой айтты. Торғынның оқырманға берген жауабы төмендегідей:

"Соңғы он шақты күнде жазғаным ғой. Жер үйімізді сатпақ болып жарнамаға бердік. Үйді жалдап тұрамын деп бір жігіт келді. Кіндігіне дейін түсетін сақалы бар. Шалбарының балағы да қысқа екен. Халық арасында мұндай киімді адамдар дін жолынан адасқан деген көзқарас қалыптасқан. Осы ұстаным бізді де айналып өтпеді. Оны жақтырмай кері қайтарып жібердік.

Келесі күні менің үй іздейтін кезегім келді. Бір кісі үйін беруге келісті. Алайда мүгедек арбасында отыратынымды білгенде келісімнен бас тартты. Неге екенін де айтпады. Сақалды кісіге себебін қалай айтпасақ, маған да себебін түсіндірмеді. Ешқандай да өкпелемедім. Біреуді сынасаң, мені де өзге адам сынайтынын ұғындым. Бәлкім әлгі сақалды кісі аса мейірімді шығар. Сол мезетте мені қызықтырған жоқ. Себеп: сақалы ұнамады.

Маған үй бермеген кісіні менің жазушылығым, радиода жұмыс істейтінім қызықтырмады. Әдемі, ақылды екеніме де мән бермеді. Себеп: менің арбада отыруым. Осы сабақты дер кезінде түсініп, ризашылықпен қабыл алдым. Келесі үйдің иесі арбамды көрді де сенім білдірді. Жеңілдік те жасады. Қандай жағдай болмасын, бізді қоғам түсінуі міндетті емес. Менің арбамды мүсіркеді деп құлап кетуім мүмкін еді. Құламадым. Әр адамның өз сабағы бар. «Адамның күні адаммен» деген осыдан шықса керек деп ойлаймын".

Сұхбаттасқан: Құндызай Әмірбекқызы

qamshy.kz

Аягүл Мантай: "Қабір гүлі" (әңгіме)
Мұхтар Шерім: Еркек болып туғаныма шүкір (сатира)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу