Ғани Ахметбаев: «Ұлттық спортымыздың мәртебесін көтеру жастардың қолында»
Қазақ сайын дала төсінде ат құлағында ойнап, көкпар шауып, теңге іліп, қыз қуып, саятшылық жасап өскен еркін халық. Ғасырлардан бері қалыптасып, ата-бабамыздан мирас болып қалған осы ұлттық спортымызды бүгінде өшірмей, көкжиегін дамытып жүрген азаматтардың бірі Ғани Ахметбаевты Оңтүстік жұртшылығы жақсы таниды. Қолы қалт етсе жылқыны серік етіп, ат үстінде жүргенді жаны сүйетін Ғани Молдабекұлы 6 жылдан бері Ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің директорлық қызметін абыроймен атқарып келеді. Ұлттық спортымыздың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігін біліп, сұхбаттасу мақсатында атшабарға біз де бас сұққан едік.
- Ғани Молдабекұлы, алдымен өзіңіздің туып-өскен ортаңызды және жылқыға деген құмарлығыңыздың себебін біліп алсақ.
- Қазіргі Қайтпас шағынауданы бұрындары ауылдық жер болатын. Мен осы жерде қарапайым, көп балалы отбасында дүниеге келдім. Әкем Молдабек Ұлы Отан соғысына қатысқан азамат. Қан майданнан аман-есен оралған әкем осы атшабардың орнында болған сиыр фермасында талай жыл еңбек еткен. 12 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, «Батыр Ана» атанған анам Тұйғын да осы фермада сауыншы қызметін атқарған. Бала кезімізде біз де фермаға келіп әке-шешемізге қолғабыс етіп жүретінбіз. Сол кісілердің арқасында ұлттық салт-дәстүрімізді бойымызға сіңіріп өстік қой. Ат жалынында ержетіп, есейген соң грек-рим күресімен шұғылдана бастадым. Спорт шеберлігіне үміткер дәрежесіне дейін жеткен кезде, отбасылық жағдайларға байланысты спортты тастауға болдым. Содан жоғарыда аталған ферманың орнына кейіннен облысты абыроймен басқарған атпал азамат Асанбай Асқаровтың бастамасымен бүгінгі атшабардың іргесі қаланды. Менің еңбек жолым осы тұста атшабарда ат күтушіліктен басталды. Аттарды баптай жүріп, оларға құмарым арта берді. Жылдар өте келе ат баптаушыдан бірталай жыл жаттықтырушы болдым, міне енді Алла пешенеме осы мектепке басшылық етуді жазыпты. Жұмыстан тыс, қолым бос кезде де осында келіп жылқыларды көріп, арғымақпен атшабарды бір айнылып шығуды әдетке айналдырғанмын. Сірә, дана ата-бабаларымыз ат үстінде жүргеннің адам жанына ләззат пен денсаулығына пайдасының зор екенін ежелден білген ғой.
- Әңгімемізді мектептің жағымды жаңалықтарымен жалғастырсаңыз.
- Мектебімізде ұлттық спорт түрлері бойынша 8 бөлім жұмыс істейді: көкпар, аударыспақ, теңге ілу, саят, бәйге, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және классикалық ат спорты, конкур. Спортта бірде жеңіс болса, бірде жеңілістің болатыны заңды. Ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің шәкірттері аз уақыттың ішінде бізді талай жеңістерімен қуантты. Өткен жылы қазақ күресінен Бразилияда жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында мектебіміздің спортшылары Қ.Төленбай бірінші орынды, Д. Қасымбекұлы және Ж.Бектұрсынов үшінші орынды иеленіп қайтса, Иран мемлекетінде өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында шәкіртіміз А.Жайылбек тұғырлы екінші орыннан көрінді. Аударыспақтан да ел чемпионаттарында спортшыларымыз жүлделі орындарды алып келе жатыр. Одан кейін жақында өткен көкпардан Азия біріншілігінде 8 мемлекеттің атынан қатысқан командалардың ішінен қазақ құрама командасының топ жарғанынан хабардарсыздар. Осы ойында біздің шабандоздар керемет өнер көрсетті. Еліміздің ұлттық құрама командасында болған төрт көкпаршымыздың барлығы халықаралық дәрежедегі спор шеберлері атанып қайтты. Атап айтсақ Б.Шырынқұлов, Т.Айтбаев, Н.Мырзабаев, О.Еркебаев. Жақында ғана Шымқаламызда өткен «Ақ бидай» V республикалық ауыл спорты ойындары спартакиадасы біз үшін де жемісті болды. Бас жүлде оңтүстіктің дарынды спортшыларына бұйырған додада мектебіміздің шәкірттері жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленді. Конкурдан да А.Қонақбай, Е.Орловская секілді шәкірттеріміз біраз жарыстарда чемпион атанды. Одан өзге жарыстарда шәкірттеріміз облыстың, елдің үміттерін ақтап жүрген жайы бар. Біз бұл жеңістерді көп көрмейміз, алда бұдан да биік шыңдарды бағындыруға барымызды салып жатырмыз. Облысымызда жақын күндері Төлеби бабамыздың 350 жылдық мерейтойы тойланғалы жатыр. Сол мерейтойда ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылмақ. Қазіргі таңда спортшыларымыз сол мерекеге тиянақты дайындық жүргізуде.
- Ұлттық спортқа мемлекеттің қамқорлығы қандай?
- Кезінде қаржымыз болмай, қиналған сәттеріміз көп болған. Ал қазір жағдай оңалып, мемлекеттің қамқорлығын сезіне бастадық. Мектепке қажетті базаларды, құрал-жабдықтарымызды түгелдеп алдық. Түрлі деңгейде спорттық жарыстарды ұйымдастырып тұруға және додаларға қатысуға әкімдіктен тиісті қаражаттар бөлініп тұрады. Күнтiзбелiк жоспарымыз да бектiлген. Ұлттық спортымызды дамытуға мұрындық болып жүрген Ұлттық спорт қауымдастығы құрылды. Бір қуантарлығы насихат жұмыстарын күшейттік. Төле би, Бәйдібек, Отырар, Созақ, Ордабасы, Сарыағаш, Сайрам аудандарына 12 жаттықтырушымыз барып, сол ауданның жастарын ұлттық спортқа баулып жатыр. Әзірге мүмкіндігіміз жетпей тұрғанымен алдағы уақытта облыстың барлық аудан, ауылдарына білікті жаттықтырушыларымызды жіберетін боламыз. Дегенмен ұлттық спортымыз әлі де болса кенже қалып келе жатыр. Әрине «көш жүре түзеледі» дегендей, өткен жылдармен салыстырғанда аз да болса оңды жағынан өзгерістер бар.
- Ұлттық спортымыздың осылай кенжелеп, көлеңкеде қалып жатқаны олимпиадалық ойындарға кірмегендіктен емес пе?
- Мүмкін ол жағынан да әсері бар шығар. Незігінен ат спорты шығынды көп талап етеді. Мәселен футболшылар жарысқа бару үшін дорбаларына доптарын салып алып жүрсе жеткілікті. Ал жылқымен байланысты спорт түрлерінде спортшы ешқашан жалғыз жүрмейді. Яғни жылқыларды өзімізбен бірге алып жүреміз. Ол біздің мамандарға ауыр соғып жатады. Бір жарысқа бару үшін оларды мыңдаған шақырым жолмен тасымалдаймыз. Онымен қоса мал дәрігерінен бастап ат күтушіге дейін ертіп аламыз. Әрине мұның барлығы қаржысыз бітпейтіні анық. Ал олимпиадалық ойындарға кіру мәселесіне келер болсақ ол үшін аталмыш спортты кем дегенде 200-дей мемлекет қолдап, мойындау керек. Ұлттық спорт ойындарымыз жақын арада олимпиадалық ойындарға кіреді деп айта алмаймын. Бірақ бұл сатыға жәймен көтеріліп келе жатырмыз. Оған дәлел осы жылы көкпардан өткен І ашық Азия біріншілігі. Айтыңызшы көкпардан мұндай жоғары деңгейде елімізде сайыс өтеді деп кім ойлаған? Осы додадан кейін 8 мемлекеттің өкілдері ақылдаса келе көкпарды 2015 жылы Түркия мемлекетінде өткізуді жоспарлап отыр. Осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізе берсек ұлттық спорт түрлері әлем жұртшылығы танитындай дәрежеге жетеді деген ойдамын.
- Жас буынның ұлттық спортқа деген бет бұрыстары қандай?
- Бүгінгі жастардың арасында спортқа бейімдері баршылық. Бізге әсіресе қазақ күресі мен тоғызқұмалаққа көптеп келіп жатады. Ал көкпар, аударыспақ, теңге ілу секілді спортқа көбінесе ауылдың жастары қызығушылық танытып жатады. Бір ғана мысал айтайын, біздің мектептегі осы спорттың түрімен айналсытындардың 90 пайызы ауылдың балалары. Оның себебі қаланың жастары «тірі» тұлпардан гөрі «темір» тұлпарға отырғанды жөн санайды. Мұның бір себебі ауылдың жастары аттың құлағында ойнауға бейім, шебер келеді, дене бітімдері де сәйкес келіп жатады. Көкпарды кез-келген адам шаба алмайды. Оған білекті, жүректі азаматтар ғана шыдас бере алады. Ауылды жерлерге көкпардан төрешілік жасауға барғанда осындай ірі тұлғалы, мықты жігіттерді қарастырып, іріктеп жүреміз. Жасыратыны жоқ ұлттық спорттар олимпиадалық ойындарға кірмегендіктен жастар қызығушылық танытпай жатады. Әрине оларды да түсінуге болады, шетелдерде көк байрағымызды желбіретіп, чемпион болуды кім армандамайды дейсіз. Бірақ ұлттық спортымыз бізге ата-бабамыздан қалған басты құндылығымыз. Оны дамыту, керек десеңіз әлемге мойындату жастардың қолында.
- Жарыстарға қатысатын жылқыларды баптау қиын іс емес пе?
- Әрине оңай шаруа емес. Аттарымызды сайыстарға дайындап, күтім жасайтын 12 маманымыз бар. Ат спорты спорттың ең ауыры болып саналады. Жылқыларға дер кезінде жем-шөбін беріп, додаға дайындап, бабына келтіруге үлкен төзімділік пен жауапкершілік қажет. Қанша жыл баптаған сәйгүлігің бір-екі жарыстан кейін жарақат алып, спорттан шетке шығып жатады. Сол себепті жылқыларымыздың саны көбінше азайып қалады. Қазіргі таңда жылқыларымыз жетіспей жатыр. Ат спортында спортышмен қатар жылқының да еңбегі зор. Өйткені спортшының жеңіске жетуі тікелей атқа байланысты. Екі «спортшы» бірін-бірі ұғынып, сай болған жағдайда ғана жақсы нәтижеге жете алады.
- Оқырмандарға айтар тілегіңіз?
- Мемлекеттің басты байлығы адам болса, адамның басты байлығы денсаулығы. Ал жан мен тәннің сау болуы үшін спортпен шұғылдану керек. Спортты серік еткен адамдар өмір сүруге құштар болып келеді. Сол себепті халқымыз спортпен, оның ішінде ұлттық спортпен көбірек айналысса деймін. Оқырмандарға тілегім, ұлтын сүйетін ұрпақ тәрбиелеуде ат жалын тартып мінген ата-бабамыздың қалдырған мол мұрасын ұлықтай жүрейік!
- Сұхбатыңызға рахмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз!