Бақтығали СЕЙІЛХАНОВ: «Медаль марапат қана емес, тәрбие құралы да»
Нарық заманы бүкіл қоғамға үлкен өзгерістер енгізді. Қарапайым тілмен айтқанда, «бұрын» мен «қазірдің» арасында айтарлықтай айырмашылық пайда болды. Мәселен, бұрын орден-медаль секілді марапат түрлері мемлекет тарапынан тапсырылатын, қазір бұл шаруамен қоғамдық ұйымдар да айналыса бастады. Әрине, ақиық ақын Мұхтар Шаханов айтпақшы, «...ерлікті жасамаудан бағаламау әлдеқайда қауіпті». Десек те, орден-медальдарды күлше үлестіргендей жаппай тарату марапаттың бұл түрінің маңызын жоғалтып, құнын түсіріп жібермейді ме? Медальмен марапаттау ісімен айналыса бастаған «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы Бақтығали Сейілхановпен сұхбаттасқандағы алғашқы сауалым осыдан басталды.
«Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің тең төрағасы
- Медальмен марапаттау өте жауапты, әрі сауап іс. Мұны пайда табудың көзі деп ойлайтындар қатты қателеседі. Мамандығым, атқарып жатқан қазіргі қызметім өз кәсібінің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген түрлі азаматтармен тығыз қарым-қатынас жасауға көп септігін тигізеді. Сондағы байқағаным, арамызда елеп-ескерусіз қалған, құрметтен шет қалып қойған нағыз майталман мамандар, ардагерлер өте көп екен. Мәселен, мұғалімдерді алайық. Бұрын мұғалімдер ең абыройлы мамандық иесі болатын. Кім болса да, қандай қызметте отырса да ұстазының алдында бас иетін, құрмет көрсететін. Қазір ше? Күнді қолмен бүркемелей алмайтынымыз секілді, ащы шындықты да жасыру мүмкін емес. Мұғалімдердің жұмыс жүктемесі бұрынғыға қарағанда ауырламаса жеңілдеген жоқ, бірақ, олардың беделі күннен-күнге төмендеп барады. Алдында отырған 30-40 балаға сабақ үйретуден бөлек сайлау секілді саяси науқанның қара жұмыстарына мұғалімдерді жегіп қояды. Амал жоқ, кейде көше-көшені кезіп, табанынан тозуға тура келеді. Ал, зейнетке шыққаннан кейін мүлде назардан тыс қалып қоятынын көзім көрді. Тағы бір байқағаным, облыстық, аудандық деңгейде өтіп жататын іс-шараларда ерен еңбегі үшін марапатқа ие болған азаматтардың қолына бір жапырақ қағаз ұстата салады. Әрине, бұл да еңбектің бағаланғанының белгісі шығар, дегенмен, ондай құрметке лайық азаматтарға неге мерекелік медальдар қоса табыстамасқа? Бұл марапат иесі үшін үлкен қошемет. Қошеметке бөленген адамның көңіл-күйі де көтеріліп, жұмысын онан сайын жандандырмаса, кері қадам баспайтыны анық. Осы секілді келеңсіз көріністердің куәсі бола жүріп, «неге біз өз ісінің үздіктерін қошеметсіз қалдырдық» деген ой келді. Мұның себебін білу үшін өздігімше зерттеу жүргізіп көрдім. Бұл мақсатқа үш-төрт жыл уақытымды жұмсадым. Сөйттім де, еңбегі елеусіз қалған азаматтарға қоғамның, әріптестерінің, өзінен кейінгі буын өкілдерінің назарын аударту үшін оларды медальмен марапаттаған дұрыс деп шештім. Атам қазақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демеуші ме еді? Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Біз әлеуметтік саланы дамытуға, елді дамыту бағдарламаларын орындауды бақылау үшін үкіметтік емес ұйымдарды белсенді түрде тартуға тиіспіз» деген сөзі де бұл іске білек сыбана кірісуге себеп болды.
- «Qurmet-AB» деген атау нені білдіреді?
- Құрмет сөзі барлығына түсінікті болса керек, ал, «АВ» абырой-бедел деген мағынада айтылып отыр.
- Қоғамдық бірлестік жұмысын қашан бастады және осы кезге дейін қанша үздіктерді марапаттап үлдердіңіздер?
- Заңгер Абдірахман Юсупов екеуміз құрған қоғамдық бірлестік биыл Әділет департаментінде тіркеліп, жұмысын бастады. Бүгінге дейін 200-ге жуық өз ісінің үздіктеріне медаль табыс етілді. Марапатталған азаматтардың тізімі жүргізіліп, номерленген куәліктер беріледі. Медаль алған азаматтардың ұжымдастары алдындағы қуанышын, зейнетке шығып, ескерусіз қалдым ба деп жүрген қариялардың жүзіндегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу қиын. Тіпті, төсек тартып жатқан қарияның орнынан тұрып, дертін бір сәтке ұмытып, балаша қуанғанын көргенде бұл бастамамның сауап іс екеніне, сондай-ақ, марапаттың адамды кәдімгідей марқайтып тастайтынына, қажыр-қайрат беретініне көзім жетті. Адамға бірінші керегі көңіл ғой. Ардагер ұстаздар кезінде қаншама шәкірт тәрбиеледі, тер төкті, оларға білім нәрін септі. Бүгінде ол шәкірттердің арасында түрлі салада лауазымды қызмет істеп жүргендердің көп екені анық. Алайда, соның барлығы мектептегі ұстаздарына ұдайы келіп, сәлем беріп, рахметін айтып жүр деп айту қиын. Мектеп ұжымының да әрбір ардагеріне ұдайы көмек қолын созуға, көңіл бөліп отыруға мүмкіндігі бола бермейді. Басқаша айтқанда, ардагерлер назардан тыс қалып қойды. Бұл басқа салаларға да қатысты көрініс. Құдай ғұмыр берсе, ертеңгі күні барлығымыздың да қартайып, осы ардагерлердің күйін кешетінімізді ұмытпауымыз керек.
- Үздіктер қалай таңдалады?
- Міне, бұл басты мәселе. Шын үздік дұрыс таңдалмаса, ұжым арасында түсініспеушілік туындап, берекесі жоғалары, ал бірлестігіміздің беделі күрт төмендері сөзсіз. Сол себепті, медальға лайықты деп танылған азаматтың осы кезге дейін жеткен жетістіктерін, атқарған еңбегін жіті бақылаймыз. Әрине, бірлестігіміздің негізгі мақсаты – білім, мәдениет, ғылым, жеке кәсіпкерлік және басқа да салаларда кәсіби саласына елеулі үлес қосқан мамандардың мәртебесін көтеру болып табылады. Алайда, жүзден жүйрікті таңдау ұжымның талқысындағы дүние. Мәселен, біз үздік шәкірт тәрбиелеп жүрген мектеп басшысына немесе кәсіподақ комитетіне ұсыныс жолдаймыз. Ол ұжым мүшелерінің ой-пікірімен санасқан түрде араларынан бір ұстазды лайық деп тауып, оның үздік екенін айқындайтын құжаттары суретімен қоса ұсыныс ретінде жолданады. Ол ұсыныс бірлестіктің де елегінен өтеді. Үміткерлер арасында аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеген, оқу-әдістемелік құралдар шығарған, озық үлгідегі оқу кабинеттерін жасақтаған ұстаздар, ардагер ұстаздар болуы мүмкін. Медальді бірлестік төрағасы немесе білім беру мекемесінің басшысы салтанатты жағдайда табыс етеді.
Осы тұста айта кетейін, алдағы уақытта мінсіз 10 жыл қызмет атқарған жандарға, құқық қорғау, төтенше жағдай, спорт және басқа да ауыр салада ерлермен бірдей еңбек етіп, табандылық танытып, ерлік жасап жүрген ару жандарға арналған медальдар дайындау жоспарымызда бар. Оны халықаралық әйелдер күні, өзге де кәсіби мерекелер қарсаңында тарту етіп жатсақ, аналарды ардақтағанымыз, әпке-қарындастарды, жеңгейлерді, келіндерді құрметтегендігіміз емес пе? Сондай-ақ, ауыл-аймаққа, ауданға, облысқа еңбегі сіңген жерлестерімізге лайықтап мерекелік медальдар да шығару ойымызда жүрген мәселе. Майталман мамандарды, үздіктерді ардақтаудан ұтпасақ, ұтылар тұсымыз жоқ. Кейінгі ұрпақ өкілдері осындай қадірлі азаматтарға қарап бой түзеп өсетін болады. Өз арамыздан шыққан бейбіт күнгі батырларымызды төбемізге көтеріп, олардың үлгі-өнегеге толы өмірін паш етпесек, кейінгі ұрпақтың шетелдік «геройларға» еліктеуін тоқтату қиын.
- Медальдің мемлекеттік мүдде үшін жұмыс істеуде де өзіндік үлесі бар шығар?
- Әрине. Мәселен, біздің бірлестік Қазақстан Халықтары Ассамблеясымен бірігіп, қазақ тілін жетік меңгерген, салт-дәстүрін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін марапаттауды да жоспарлап отыр. Бұл арқылы қазақи құндылықтарға жанашыр өзге ұлт өкілдерін ғана емес, сонымен бірге тіліміздің, салт-дәстүріміздің де мәртебесін көкке көтеретін жақсы бастама болары сөзсіз. Осы мақсатта «Ынтымақ» медалінің нобайы жасалуда. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға үнемі қол ұшын созып жүрген жаны жомарт демеушілерге, қоғам өміріне белсене араласатын кәсіпкерлерге, қоғам қайраткерлеріне де арнайы медальдар шығару жоспардағы дүние. Мұның кейінгі жастарға патриоттық тәрбие беруде қосатын үлесі қомақты.