Хадиша Шалабаева: «Отырардағы той» мені 30 жылдан бері асырап келе жатыр»

Oinet.kz 18-11-2019 2089

«Отырардағы той» әнімен көзге түсіп, елге танылған әнші Хадиша Шалабаева бүгінде Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында дәріс беріп жүр. Шәкір тәрбиелеуді қолға алған әнші үлкен сахнадан үмітті.

Screenshot_1.jpg

- Бойыңызда әншілік өнердің бар екенін қалай білдіңіз? Ең алғаш сахнаға шығып, табыс тапқан кезіңіз есіңізде ме?

- Менің атымның өзі бір қызық. Шешем қатты ауырады. Ол заманда аурухана деген жоқ. Бірақ мықты молдалар, көріпкелдер болған дейді ғой. Әжем бір тәуіпке барып анамды көрсетеді. Сонда жаңағы тәуіп: «келініңіз көтерді, қыз босанады, қыздың атын Хадиша қойыңыз. Басқа ешқандай ат қоймаңыз. Бұл қызда бір нәрсе бар» деп айтады. Содан өмірге келген соң бесікке жатқан кезде бала болып жыламайды екем, тек «уілдей» берем. Сол тәуіптің айтқаны осы әншілік өнер екен ғой. Мектеп кезден бастап «көркемөнерпаздар» үйірмесіне қатыстық. Сабақта мені көп сұрап алатын ауданға Бірінші хатшы келіп қалды деген сияқты. Киелі жер болғасын көп қонақ келеді. Солардың бәріне ән шырқайтынмын. Мектепте 5-сыныптан бастап өлең айтып ақша таптым. Қолымызға емес, әке-шешемізге беретін, көп емес енді. Сол кезден бастап экономика, қаржы дегеннің не екенін біліп өскен қыздармыз. 

- Сізді елге Хадиша қылып таныстырған қай жоба? Шәмші Қалдаяқов «Отырардағы той» әнін сізге арнайы берген екен. Осы жөнінде айтсаңыз.

- Мен ауылда жүргенде Шәмші аға келді деген әңгіме тарады. Ол кезде Шәмші Қалдаяқовтың кім екенін де танымаймын, шынын айтайын. Баламын ғой, мектепті енді бітіріп алып-ұшып жүрген кезіміз. Сол  кезде нағашым Жақсылық Әбуов деген кісі музыкалық мектептің директоры еді. Мені  шақырып алып, Шәмші ағаның әнін нотаға түсірді. Мен нотаның не екенін де білмеймін. Хор да айтып шықтық. Ал кейіннен өзім жеке айтып шықтым ғой. Сонда Шәмші ағамыз тыңдап, «Осы ән сенің әнің қалқам-ай» деді. Азып-тозып ауырып жүрген кезі еді, соңғы рет ауруханада ыңылдап пианиномен «Отырардағы тойды»  үйретті. Болды одан кейін көрмедім. Аға өмірден өткен соң конкурстар ұйымдастырыла бастады. Шымкентте 1992 жылы Шанин атындағы драма театрда Республикалық Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен конкурс өтті. Оған өңкей мықтылар қатысты. Марат Омаров, Гүлнар Сиқымбаева, Құрманбай Шойынбаев та бар. Ең жасы мен едім. Сол кезде халықтың алдына «Отырардағы той» атты әнімен Хадиша болып шықтым. Гран приді Шахизада алды. Ал маған бұрын айтылмаған ән деп жүлделі орын берді. Сахна сыртында жылап қалып кеткем. Кейіннен барып өнер деген осындай болады екен ғой деп ойландым. «Отырардағы той» әні мені 30 жылдан бері асырап келе жатыр. Алғашқы орындаушысы өзім болғандықтан, үлкен саханада орындап жүрген әншілерден қызғанамын. Ақ қызғаныш қой енді.. Бірде бір тойда айтпай қалдым. Сонда бір әже келіп Розаны танытқан «Әлия» болса, сенің паспортың «Отырардағы той» деп айтқаны есімде. Содан бері қай тойға барсам да, бірінші осы әнді айтамын. Шәмші ағама алғысым шексіз. Алдағы уақытта атамыздың басына барып құран бағыштауды жоспарлап жүрмін. 

- Үлкен сахна демекші, атыңыз шыққаннан соң өнер жолын Алматы, Астана секілді ірі қалаларға барып жалғастырмадыңыз? 

- Қолдайтын адам болмады. Мен өнер үшін туылған адаммын. «Жас қанаттан соң Ақжол Мейірбеков «Гүлдер» ансамбльіне шақырды. Екі жылдай жұмыс істедім. Роза Рымбаева, Роза Бағланова, Мақпал апаларымызбен бір сахнада жүрдік. Бірақ ұзаққа бармадым. Әйтеуір, елге тойға келдім, «ой, Шымкент рахат екен ғой» деп қалып кеттім. Қызымның жарығы шығар деп ойлаймын. Махаббатымды кездестірдім. Ол кісі өнеріме қарсылық білдірді. Ақыры кереметтей отбасы бола алмадық. Тастап кетті. Бірақ қазір Майра есімді алтындай қызым бар. Жасы 19-да. Қызым үшін өмір сүремін. Бірақ өкінемін, қатты өкінемін сол кезде бекер қамаппын деп, кішкене қиыншылыққа шыдай алмадым. Ол кезде мені көтеретін, жетектейтін ағам болмады. Оның үстіне үйдің үлкенімін, інілерімді жетілдіру керек болды, сіңлілерімді оқыттым. Әлі де кеш емес, әлі де барғым келеді. 

- Мемлекет тарапынан мәдениет саласыгда жүрген сіздерге қандай көмек көрсетілді? Қолдау бар ма?

- Жеке әншілігіме қолдау көрсеткен емес. Бірақ Филармонияда жүргенде мәдениет жылында Бердібек Сапарбаев үй берді. Облыстан жұлдыз атағын алдық. Ал былай ақшалай көмек көрген емеспін. Үлкен сахнада жүру үшін ақша керек. Концерт берсең одан сайын қарызға батасың. Бірақ жайлап шет-жағасын көрдім. Өте қиын екен. Қазір концерттен шаршаған халықты жинау керек. Әйтеуір ағаларымыздың көмегімен Ақтау, Атырауға концерт беріп қайтқанбыз. Бірақ маған  бір басыма толықтай продюсер керек. Мені сатып, ақша жасайтын адам керек. Менде қазір ондай жоқ. Өз-өзіме продюсермін. 

- Қазіргі таңда немен айналысып жүрсіз? Филармониядан кетті деп есітген едік. Не себепші болды?

- Иә, үлкен кісілер іздеп жатады «көрінбей кеттіңіз деп. «Әй сіз өзіңіз телевизор көрмейсіз, мен шығып жүрмін» деп әзілдеп қоямын. 20 жылдай Филармонияда жұмыс істедім. Ол жерде шынын айтқанда, творчество жоқ. Өздері дайындаған тапсырманы орындау керек. Жеке өзің шығуға хақың жоқ. Массовка ғой. Ал мен жеке ән айтқанды жақсы көремін. Мен творчествоның адамы болғандықтан жеке талабым, жеке талғамым, айтатын әнім, өзімнің ойым болу керек. Ал Филормонияда сол кісілердің талабын орындайтынбыз, тәртіп шығар. Үш-төртеуің айта салыңдар деп, сенің репертуарынды басқаға беріп қояды. Бәрін істедік қой, бірақ шыдай алмай шығып кеттім. «Жүйрік ат жеке шабады» дейді ғой. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан педагогикалық институтында эстрада вокалдан сабақ беремін. 

- Қазіргі әншілер тоймен күн көріп жүр деген пікірге көзқарасыңыз қандай? Өзіңізде тойға шығып жүрген шығарсыңыз. Арнайы гонорарыңыз бар ма?

- Қазір әншілік те бизнес болып кетті. Қай әнші ақша көп тауып жатыр? Оның қалай тапқанымен жұмысы жоқ халықтың. Бір-бірінен асып түсіп жатыр. Анау жеңіл айтса, екіншісі халыққа өтімді болсын деп одан өткен жеңіл ән айтып жатыр. Мән-мағынасы жоқ. Махаббатты айтсақ, селкілдетіп билетсек болды ғой қазір.  Қазір халыққа жеңіл ән керек. Елді қалай тәрбиелесең сола й қалыптастады. Ірі тойларға шығып жүргенім жоқ. Халықтың қалтасына қараймын. «Мен жұлдызбын, 2 миллион керек» деп айтпаймын. Қай тойханада жасаймсыз деп, сол тойханаға қарай гонорарын айтамын. Қаланың ішінде 100-150 арасы, 50 мыңға да бара беремін. Мен тойда да жүре беремін, сахнаны да тастағым келмейді. Бірақ сахнадан алыстап қалдым. Демеуші болса, Құдай қаласа шығамын. Бастысы энергиям бар, арманым бар. Өшіп қалғаным жоқ. «Ой мен біттім, маған кім қарайды дейсің, 50-ге жақындап жатырмын» деген қорқыныш жоқ. Бір сенім бар.

- Кейінгі толқында жүрген әнші-жұлдыздарға көзқарасыңыз?

- Өнерді құрметтемесе, өнерді бағаламаса өнер өледі ғой. Өнер деген көшірме болды, өнер деген жылтырақ нәрсе болды. Жылтырақтың артында кім бар, кім жоқ, маска дейді ғой мұны. Қазір қаптап кетті, әй дейтін әже жоқ теледидардан жалаңаш әншілер шығып жатады. Ойына келгенін істеп жатыр. Ешқандай мәдениет жоқ. Оны көрген халық, ұрпағымыз не болады? Көп нәрсеге жүрегім ауырады. Қазір күн көрудің заманы. Сен әнді қалай айтып тұрсың оған ешкім мән беріп жатқан жоқ. Сөзі қалай? Оның киімі қалай? Көкесіне айтады «Той думан» ба, «Гәкку» ма бар соған барып 5 миллион төлеп қойсаңыз, сізді азаннан кешке дейін көрсете береді. Қоя берсе, хит болады екен ғой. Соны халық жұлдыз деп тойға шақырады да, ұмытты ғой жанды дауысты әншілерді. Бізге көркемдік кеңес керек. 

- Бір сенім бар дедіңіз. Демек, алдағы уақытта да үлкен сахнаға оралмақ ойыңызда бар ғой?

- Жуырда Түркістан сарайының басшылығы шақырып, бізге жанды дауыста ән айтатын әншілерді жинап жатырмыз деді. Енді Құдай қаласа, өнерге қайта кірісе йін деп отырмын. Сахнаға қайтып ораламын. Қазіргі таңда таза 30 шақты әнім бар. Қазір өзім де ән шығара бастадым. Оранжировкасын беріп қойдым. Заманға лайықтап, бір нәрсе ірдеңе шығарайын деп жатырмын. Ол жағы тосын сый болсын. Шымкенттен бастап Алматы, Астананы аралайын деп тұрмын, бұйырса.

Сұхбаттасқан Мария Сәулебекқызы

Бақтығали СЕЙІЛХАНОВ: «Медаль марапат қана емес, тәрбие құралы да»
Өктем Алтаев: «Алып қашып, кейіннен құда түстім»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу