Балхия Көмекбаева: «Өзге ұлттардың 75 пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгерген»
Әуелгіде Тіл басқармасы болып ашылған бұл мекеме біраз уақыттан соң Тілдерді дамыту басқармасы болып қайта құрылды. Онысы елімізде өмір сүретін өзге этностардың ана тілін сақтауға бағытталған мемлекеттік саясаттың талабы болғаны түсінікті. Яғни, Қазақстанның көпұлтты ел екенін тағы да айғақтап, қай тіл болмасын мемлекет тарапынан қолдау табатыны сөзсіз. Әйткенмен, ең бірінші мақсат - мемлекеттік тіл мәртебесі бар қазақ тілін дамыту екенінде күмән жоқ. 14 желтоқсан –Мемлекеттік тіл күні мерекесі қарсаңында басқарма басшысы Балхия Көмекбаеваны әңгімеге тартып, көкейде жүрген сауалдарымызды жолдадық.
Балхия Көмекбаева, облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бастығы
- Балхия Әбдіманапқызы, Оңтүстікте мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу жақсы деңгейге қойылғаны белгілі. Әйткенмен, қазақ тілін қолдану аясындағы кемшіліктер де жоқ емес. Айталық, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдардан бері нәпақа тауып келе жатқанымен әлі күнге дейін мемлекеттік тілді білмейтін азаматтар жетерлік.
- Ол рас. Бірақ, біз мемлекеттік тілді еркін меңгеруге ешкімді күштеп міндеттей алмаймыз. Заң жүзінде ондай құзыр берілмеген. Тілді білмегені үшін жауапқа тарту, айыппұл салу заңда қаралмаған. Басқарманың қолынан келетіні – тек үгіт-насихат жүргізу. Рас, мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізуге байланысты тексеру ұйымдастырамыз. Бірақ, бір мекемені бес жылда бір рет қана тексере аламыз. Биыл сәуір айында Тіл комитеті шығарған іс-қағаздарды жүргізу ісін тексерудің жаңа ережесінде осылай жазылған. Қалған уақыттарда олар ұсынған мәліметтерімен шектелуге мәжбүрміз.
- Сізге ұсынылған мәлімет жалған болып шығуы мүмкін ғой?
- Ол жағын мекеме басшыларының ар-ұятына қалдырамыз. Прокуратура қызметкерлерімен бірігіп тексеру жүргізген кезде кейбір мекемелердің ақпараты жалған болып шықты. Дегенмен, көп жағдайда мемлекеттік тілді қолдану бағытындағы беріліп жатқан ақпарат шындыққа жанасады деп ойлаймын. Қалай болғанда да, Оңтүстікте іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізудің көрсеткіші 100 пайызға жақын. Ол шындық.
- Кеңсе тілін қолдануда қиындықтар жоқ па?
- Біздегі мемлекеттік органдар іс-қағаздарын 100 пайыз көлемде мемлекеттік тілде жүргізгенімен, әлде де жоғары жақ, яғни Астанадағы министрліктерден құжаттар мен мәліметтерді орыс тілінде жіберу керектігі жайлы көптеген хаттар келіп жатады. Бір қағазды екі тілде толтырып, екі жұмыс жасауға тура келеді. Бұл әсіресе қаржы саласы, есептілік барысында жиі кездеседі. Өзім қаулылар мен заңдардың екі тілдегі нұсқасын да қарауды әдетке айналдырғанмын. Себебі, заңдар әуелі орыс тілінде жазылып, кейін қазақ тіліне аударылады. Көп жағдайда аударманың сапасы көңіл көншітпейді. Мұндай аудармаға жүгінсең заңды бұзуың да ғажап емес.
- Жалпы, мемлекеттік тілді насихаттауда басқарма қандай бағыт ұстанып отыр?
- Мен мына мысалды көп келтіремін. Бір әріпті білмейтін бүлдіршін 11 жыл ішінде 22 пәнді үйреніп шығады. Тағы бес жыл ішінде толыққанды маман болып шығады. Тәуелсіздік алғанымызға 20 жылдан астам уақыт өтсе де, мемлекеттік тілді меңгермек түгілі ең қарапайым сөздерді білмейтін азаматтар жоқ емес. Бірақ, оларға бас салып ұрысудан түк шықпайды. Ең әуелі қазақ тілі – мемлекеттік тіл екенін көпшілікке дұрыстап жеткізудің маңызы зор. Үгіт-насихат жұмыстары арқылы тұрғындардың патриоттық сезімін ояту керек.
- Дегенмен, мемлекеттік тілге деген қажеттіліктің жоқ болып тұрғаны басты қиындық болып тұр емес пе?
- Мен бұл пікірді қостаймын. Сондықтан да республикалық тіл комитетіне біраздан бері бірқатар ұсыныстарымызды жеткіздік. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру үшін е әуелі сол тілге деген қажеттілікті арттыру керек. Мемлекеттік тіл ауадай қажет болғанда ғана барынша дамиды, кең қолданысқа түседі. Қазақ тілін меңгермегендер «тіл үйренуге қажетті жағдай керек, ондай орта жоқ бізде» дегенді сылтаурататын. Оған қарсы тағы бір мысал келтірейін. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқу үшін талапкерлер ағылшын тілінен «IELTS» және «TOEFL» тест сұрақтарына жауап беруі тиіс. Бұл өте күрделі тестілеу. Онсыз Кембридж, Гарвард, басқа да шетелдік оқу орындарына түсе алмайсыз. Емтиханды шетелдіктердің өзі қабылдайды. Яғни, ешкіммен келісіп, мәселені шешуге жол жоқ. Ал ауылды жердегі ағылшын тілін оқытудың деңгейі тіптен төмен екенін дәлелдеп жатудың өзі артық. Ағылшын тілінде хабар тарамайды, газет шықпайды. Яғни, ағылшын тілінің ортасы жоқ. Соған қарамастан, қазақстандық жастар қысқа мерзім ішінде ағылшын тілін еркін меңгеріп, емтиханнан сүрінбей өтіп жатыр. Оның себебі де белгілі – ағылшын тіліне деген қажеттілік туындады. Сол қажеттіліктің күшімен қосымша сабаққа барады, кітаптар мен дискілерді пайдаланады, интерактивті жүйеде оқиды. Қысқасы, ағылшын тілін тәуір меңгерудің түрлі әдістеріне жүгініп, жақсы нәтижеге жетеді. Олай болса мемлекеттік тілді білмейтіндердің «бізде қазақ тілінің ортасы жоқ» дегені ақылға қона ма? Яғни, мұның барлығы сылтау ғана. Мәселе қаржыда емес, мемлекеттік тілдің қажеттілігін түсіне білуде. Біз қалай да жұртшылықтың назарын осы мәселеге аударуымыз керек. Осы жолғы 14 желтоқсанда – Мемлекеттік тіл күні мерекесінде арнайы акция ұйымдастырсақ, бірнеше көлікті даярлап, мыңдаған жастарды көшеге шығарсақ, сөйтіп «Бүгін – мемлекеттік тіл күні!» деп қала тұрғындарына жар салсақ деген ой келді. Мұндай акция қала тұрғындарын бір серпілтеді деп ойлаймын. Бұл идея жуырда цирктің жарнамасын көргеннен соң пайда болды. Негізі, сәтті жарнамалық әдіс. Қаласаң да, қаламасаң да айтылған ақпаратты қабылдайсың. Былайша айтқанда, тіл мәселесін ілгері жылжытуда осындай шараға дейін баруға тура келеді.
- Шыны керек, кейбір ұлттар мемлекеттік тілдің жан-жақты насихатталуына аздап наразылық білдіріп жатады. Бұл орынды ма?
- «Бізге қысым көрсетіп жатырсыңдар» деген пікірлерді жұмыс барысында жиі естимін. Шын мәнінде тіптен олай емес. Қайта керісінше. Елбасының жүргізіп отырған саясатының саясатының саралығын, салиқалылығын тілмен айтып жеткізе алмайсың. Оған дәлел көп. Халықтар Ассамблеясы сияқты институт қай елде бар? Жүзден астам ұлт өкілдерінің бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп жатқаны, қоғамда орнаған ұлтаралық келісім мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатының айқын жеңісі емес пе? Әр ұлттың тілі - біздің мұрамыз. Біздің капиталымыз. Сондықтан, соларды сақтау үшін мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Яғни, өзге этностарға сый-құрмет көрсетіліп, олардың өз ана тілдерінде білім алуына, мәдениетінің сақталуына барлық мүмкіндік берілді. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Бұл біздің, яғни қазақ халқының кеңпейілдігі, дархандығы, мәдениетінің жоғары екенінің айғағы. Бірақ, өкінішке қарай осыны жете түсінбей, түсінгісі келмей отырғандар бар. Ата тілі мен ұлттық салт-дәстүрлерінің жаңғыруына қолдау көрсетіп отырған елдің мемлекеттік тілін білуге ұмтылмау мәдениеттіліктің, патриоттық сана-сезімнің төмендігін көрсетпей ме? Өйткені, мемлекеттік тіл әнұран, көк байрағымыз, елтаңбамыз сияқты мемлекеттік рәміз болып табылады.
- Осы ойыңызды қазақ тілін білмейтіндерге айтып көрдіңіз бе?
- Әрине, үнемі айтамын. Барлық жиналыстарда, іс-шараларда ойымды жеткізіп отырамын. Олар болса «тырысып жатырмыз, сабаққа барып жүрміз ғой» деп ақталады. Ал бірақ, бұл жеткіліксіз екені айдан анық. Қазақ тілін еліміздегі өзге 130 ұлттың тілімен бір деңгейге қоюға болмайды. Себебі, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесі бар. Осы тұрғыда тағы бір мысал келтірейін. Америка 200-жылдан бері демократиялық жолмен дамып келе жатқан ел. Соңғы жылдарда бұл мемлекетте испан тілінде сөйлейтін азаматтардың саны күрт өсіп келеді. Мен осыдан біраз жыл бұрын Айова штатында болдым. Ондағы халықтың тең жартысы – Латын Америкасынан көшіп келген испан тілділер. Бірақ, Айовада бірде-бір испан мектебі жоқ. Барлығы ағылшын тілінде оқиды. Бұған дауласып жатқан, қарсы шығып жатқан ешкім жоқ. Сонда американдық демократия қайда қалды дерсіз? Ал енді бізге келейік. Оңтүстіктегі өзге ұлт өкілдерінің жалпы саны 700 мыңнан асады десек, солардың 83,5 пайызы өз тілінде білім алады. Орыс, өзбек, тәжік мектептері жұмыс істейді. Газет-журналдар шығады, телехабар тарайды. Айтыңызшы, мұндай жағдай басқа қай елде жасалған? Бұны жай ғана толеранттық емес, «супертолеранттық» десек артық айтпаймыз. Дүниежүзінде ең толерантты жер Оңтүстік Қазақстан облысы деп толық сеніммен айта аламын. Шыны керек, кеңес дәуірінде қазақ тілін тұншықтыру саясаты жүргізілді. Мен орыс тілінде оқып өскенмін. Мәскеуде тәлім алдым. Үшінші курста Казақ мемлекеттік университетіне ауыстым. 1979 жылы ұстаздыққа қазіргі ОҚМУ, сол кездегі ҚазХТИ-ге келгенімде жергілікті студенттердің ештеңе түсінбейтініне таңқалдым. Менің пәнімнің өзі өте қиын - физикалық химия. Бұл физика, химия және математиканың қосындысынан туындаған ғылым. Қазақ тілінде бірде-бір топ жоқ. Сөйтсек, саясат сондай екен. Ауылдан келген жастар амалдың жоқтығынан орыс топтарына түсетін. Өмір бойы қазақ тілінде оқыған адам бірден орыс тобына түсіп, күрделі пәндерді оқи бастаса қалай қиналатыны белгілі ғой. Қазақ топтары тек 90-шы жылдардың соңында ашыла бастады. Мені қазақ топтарына ауыстырған соң мен де қазақ тіліне деген қажеттілік туындаған соң қазақ тілін шұғыл мерзім ішінде меңгеріп алдым. Әрине, тұрмыстық деңгейдегі тілді білетінмін. Бірақ ол қиын пәннен дәріс беруге жеткіліксіз еді. Арнайы курстарға бармасам да өз бетімше ізденіп, аудармалармен жұмыс істедім.
- Оңтүстік - қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өлке деп жатады. Демек, мемлекеттік тілдің дамытудың аса қиындығы жоқ.
- Бұл сөзіңізге аздап түзету енгізейін. Әдетте Оңтүстік - қазақтар ең көп қоныстанған облыс ретінде аталады. Дұрыс. Соңғы халықтық санақ бойынша облысымызда 2 миллион 621 мың адам тұрады. Соның 1 миллион 900 мыңы қазақтар. Дегенмен, біз жалпы қазақтардың санымен емес, өзге этностармен салыстырмалы түрдегі үлесін де ескеруіміз қажет. Бұл тұрғыда Қызылорда облысындағы қазақтардың үлесі 95,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, қазақтардың үлесі Атырауда 91, Маңғыстауда 88, Ақтөбеде 79,4 пайыз. Яғни, біз бесінші орындамыз. Біздегі өзбектердің саны 432 мың, бұл бүкіл Атырау облысы халқының санымен пара-пар. Одан қалса 132 мың орыс, 32 мың тәжік, 31 мың әзірбайжан қоныстанған. Бұдан басқа этнос өкілдерінің саны 87 мыңнан асады. Солардың барлығын мемлекеттік тілге баулу керек. Сондықтан, тіл мәселесіне аса байыптылықпен қарауға тиіспіз. Жалпы, облысымызда бұл бағыттағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда өзге ұлттардың 75 пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгерген.
- Оны қалай білдіңіз?
- Оны халықтық санақ барысында алынған статистикалық мәліметтерге жүгініп айтып отырмын. Сол кезде респонденттерге «мемлекеттік тілді білесіз бе?» деген сұрақ қойылған. Басқа этнос өкілдері қазақ тілін еркін меңгермесе де, тұрмыстық деңгейде біледі деп ойлаймын.
- 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасын жүзеге асыру барысында нені ескеру керек деп ойлайсыз?
- Бұл маңызды бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру мақсатында өз тарапымыздан бірқатар ұсыныстарды айттық. Мәселен, Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде орыс мектептері үшін қазақ тілі пәні ескерілмейді. Тест сұрақтарына жауап бергенімен, қорытынды балл көрсеткішінде есепке алынбайды. Сонда қалай болғаны? Қаласа жауап беретін, жауап бермесе ештеңесі кетпейтін жағдайда қазақ тілінің жай-күйі қалайша оңалмақ? Осының өзі қазақ тіліне деген қажеттілікті кемітіп отыр. Мемлекеттік қызмет саласында да дәл осы жағдай. Қызметке тұру үшін заңдар бойынша білімің тексеріледі де, мемлекеттік тіл білімі бойынша қойылған сұрақтар есепке алынбайды. Жауап берсең де, сұрақтарға назар аудармасаң да өз еркің. Осы жөнінде жоғары жаққа 15-ке жуық ұсыныс жібердік, алдағы уақытта Парламентте қаралады деп күтілуде. Тағы бір назар аударарлық жайт – бағдарламаны ойдағыдай жүзеге асыру үшін сапалы педагогикалық кадрлар қажет. Осы бағытта арнайы сараптама да жүргіздік. Өкінішке қарай, қазақ тілі пәні бойынша сырттай оқыған мұғалімдердің саны күрт көбейіп кетті. Бұл неге әкеп соғады? Медицина саласында мамандарды сырттай оқыту атымен жоқ. Себебі, ондай маман адамның өміріне қауіп-қатер төндіруі бек мүмкін. Бірақ, біліксіз дәрігер тек науқас адамға қауіп келтіреді, ал біліксіз мұғалімдер бүкіл генофондқа қатер төндіреді деп есептеймін. Сондықтан, біз министрлікке педагог кадрлар мәселесіне айрықша назар аудару қажеттігі жөнінде ұсыныстарымызды жібердік. Өзге елдердің тәжірибесіне көп иек артатынымыз бар ғой, Ресейдің тәжірибесіне зер салайық. Көрші мемлекеттің миграциялық саясатында тіл біліміне айрықша мән беріледі. Басқасын былай қойғанда, осы елге уақытша жұмыс істеуге келетін гастарбайтерлерге мемлекеттік тіл - орыс тілін білу жайлы талап қойылады. Ал Ресейдің азаматтығын алу үшін орыс тілінен емтихан тапсыру жеткіліксіз. Сонымен қатар орыс халқының тарихы бойынша да сұрақтарға жауап беруге тиіссің. Бізде ондай атымен жоқ. Әйткенмен, аузымызды қу шөппен сүрту де орынсыз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда ілгерілеушіліктер бар. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыра түсетін заңдар қабылданатын болса жағдайдың көп өзгеретініне сенім мол.
- Қазақ тілінің шынайы түрде мемлекеттік мәртебеге айналуы заңның ғана емес, қазақтардың да осалдығы деген пікір бар. Бұған келісесіз бе?
- Белгілі деңгейде келісемін. Көп мәселе өзіміздің ұйымшылдығымызға байланысты. Еліктегіш халықпыз ғой, басқаларға қазақ тілін үйретуден бұрын өзіміз солардың тіліне ауысып кетеміз. Тағы бір жаман қасиетіміз - өзге ұлт өкілі қазақ тілін үйрене бастағанда, оның шүлдірлеп қате айтқан сөздерін естіп қазақтар мазақтап, мәз болып жатады. Ал содан не шықты? Мемлекеттік тілді үйренуге бел буған әлгі адам райынан қайтып, қазақ тіліне жоламайтын болады. Сондықтан барлығымыз басқа ұлт өкілі қазақша сөйлеуіне барынша қолдау көрсетуіміз керек.
- Әңгімеңізге рахмет. Мемлекеттік тіл күні мерекесі құтты болсын. Оның ішінде ана тіліміздің абыройы асқақтай беруіне тілектеспіз.