Серік Мыңбаев: «Заманауи зертханамыздың мүмкіндігі жоғары»

Oinet.kz 10-12-2012 1038

image.png

Серік Мыңбаев, Амбулаториялық хирургия, травмотолгия және гинекология орталығының бас дәрігері

- Әуелі әңгімені мекеменің құрылу тарихынан өрбітсек

- Елге медициналық жәрдем берудің негізгі үш түрі бар. Олар – бастапқы санитарлық медицина, яғни амбулаториялық, одан кейін консультативті-диагностикалық және стационарды түрдегі жәрдем болып есептеледі. Біздің мекемеміз 1996 жылы жалпы хирургия саласында стационар мен емхана арасындағы орталық деңгейінде жәрдем бере алатын мекеме ретінде құрылған болатын.

- Ондағы мақсат қандай болған?

- Елбасымыз қаншама жылдардан бергі өз Жолдауларында, бағдарламаларында денсаулық сақтау саласына байланысты айтылған тапсырмаларында стационар алмастыру технологияларына баса назар аударып келеді. Сол стационар алмастыру технологияларының хирургия саласындағы тетігін негізгі іске асыратын біздің мекеме десем де болады. Мұндай орталық Қазақстан бойынша жалғыз есептеледі. Түсінікті болу үшін айта кетейін, емханада хирург ота жасамайды. Оған мүмкіндігі де, құқы да жоқ. Онда бір ғана жара таңу бөлмесі бар. Ауруды емдейтін басқа тәсілдер көзделмеген. Ал ауруханада күрделі, яғни жағдайы ауыр науқастардың санымен төсек орындарының босауы өте қиын. Сол себепті амбулаториялық хирургия орталығы өте қажет. Бізде жедел және жоспарлы түрде ота жасайтын, жара таңатын 16 бөлме жұмыс істейді. Осының арқасында жыл сайын 15-16 мыңның шамасында амбулаториялық оталар жасаймыз. Сондай-ақ, стационар деңгейіндегі үш мыңға жуық ота жасалады. Жаңа бір сөзімде орталығымызды жалпы хирургия саласында құрылған деп айтып өттім. Ал жалпы хирургия саласына травмотология, урология, проктология, құлақ-мұрын дәрігерлері, бет-жақ хирургтары, қан тамыры хирургтары да кіреді. Біздің мекемеде осы саладағы науқастардың барлығына өз мүмкіндігімізге қарай жәрдем жасалады.

- Күрделі оталар да жасалады ма?

- Иә, күрделі оталар да жасалып жатыр. Мәселен, эндоскопиялық оталар жасау арқылы жарамсызданған өтті алып тастаймыз. Бұрнағы жылдары отаның бұл түрі Алматыда ғана жасалатын. Кейін облыстық-клиникалық ауруханаларда іске асырылды. Енді бұл отаны жасауды біздің мекеме де тәжірибеге енгізді.

- Жедел жәрдеммен жеткізілген кез-келген науқастарды қабылдай бересіздер ме?

- Қала бойынша жедел жәрдеммен келген, өз бетінше келген жеңіл жарақат алған азаматтар қабылданады. Екі жарақат пунктіміз бар. Осы арқылы Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы мен облыстық клиникалық ауруханаға түсетін салмақты жеңілдетіп отырмыз. Кеңес Одағы тұсында «Пастерлік пункттер» деген болған. Аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы әр аймақта осындай пункттар ашылып, егу жұмыстарымен айналысқан-ды. Сол пункттердің тәжірибесін зерттеп, Қазақстанда алғаш болып өз ұсынысымызбен қаңғыбас ит-мысықтардан зардап шеккен қала тұрғындарының барлығын орталықтандырып, құтыру ауруының алдын-алу шараларымен де шұғылданамыз. Бұл салада да біраз тәжірибе жинақтадық. Нәтижесіз де емес. Осы жауапкершілікті мойнымызға алғалы бері біз алдын алу шараларын қолданған науқастар арасында бірде-бір құтыру ауруы тіркелген жоқ.

- Орталықтарыңызда сырқаттар стационар негізінде де емделе алады ма?

- Иә. Бізде 30 төсек-орындық күндізгі стационар жұмыс істейді. Науқасқа жасалған отаның күрделілігіне байланысты 3-4 күн осында ем алып, одан кейін үйінде бақылау жүргіземіз. Қазан айынан бері денсаулық сақтау министрлігі біздің тәжірибемізбен танысып, тыныс-тіршілігімізді зерттеп, жақын уақытта барлық өңірде осындай орталық ашу көзделіп отыр. Өйткені, тиімділігі жоғары. Ол қандай тиімділік? Мәселен, біз, жаңа айтып өткенімдей, жылына 15-16 мың ота жасаймыз. Орталық болмаған жағдайда бұл оталарды емханалар жасай алмас еді. Демек, ауруханаларға жүк болары сөзсіз. Бұл бір. Екіншіден, біздің орталықта жасалған оталар үшін мемлекет есебінен әр науқасқа бар болғаны 1-3 мың теңге аралығында шығын шығады. Ал егер осы оталар ауруханаларда жасалатын болса, әр науқас үшін кем дегенде 40-50 мың теңге қаржы жұмсалар еді. Айырмашылығын есептей беріңіз. 15-16 мың науқастың әрқайсысынан 30-40 мың теңге үнемделсе, қаншама қаражат үнемделіп жатыр. Демек, орталықтың жұмысын экономикалық жағынан да, науқастарға ем қолдану жағынан да тиімді деп айтуға толық негіз бар.

- Ал емхана қандай қызмет көрсетеді?

- Емханада тек хирургиялық саладағы мамандар жұмыс істейді, яғни осы салаға мамандандырылған емхана десе де болады.

- Орталық бойынша қанша дәрігер жұмыс істейді?

- Дәрігерлер саны 49, ал ұжымда жалпы 183 штат бар.

- Халыққа қызмет ету мүмкіндіктеріңіз қаншалықты?

- Күнделікті 500 науқасқа дейін жәрдем алып жатыр. Осыған толығымен қамтамасыз етілгенбіз. Медициналық құрал-жабдықтар да заман талабына жауап бере алады. Зертханамыз облыстағы заманауи, мүмкіндігі жоғары орталықтың бірі есептеледі. Екі ота жасау блогы бар. Оның бірі таза, екіншісі іріңді жараларға арналған. Дәрігерлердің 70 пайызының санаттылығы бар. Барлығы да білікті, тәжірибелі. Алдағы уақытта тағы қосымша заманауи құрал-жабдықтарға сұраныс жасап отырмыз. Сұранысымыз қанағаттандырылған жағдайда келесі жылдан бастап жоғары мамандандырылған жәрдем түрін көрсетуге қол жеткізген болар едік. Қазіргі таңда мұндай жәрдем облыстық клиникалық және жедел жәрдем ауруханасында ғана көрсетіліп келеді. Ал жүрек қан тамырларына облыстық кардиологиялық орталық қана ота жасаса, балалар арасындағы оталарды жасау облыстық балалар аураханасына жүктелген.

- Ғимараттың қазіргі ахуалы жайлы не айтасыз?

- Орталықтың үш ғимараты бар. Екі ғимаратқа 2008 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Үшінші, яғни өзіміз отырған негізгі ғимарат көне болғандықтан, күрделі жөндеуге келмей, 2010 жылы жол картасы бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. Осы ғимараттың көлемі толығымен жеткілікті. Оның үстіне қаланың орталығына орналасқан. Науқастарға ыңғайлы. Біздің қазіргі түсінігіміз бойынша ота жасалған науқас ауруханадан шыққаннан кейін оған еңбекке жарамсыздығы жөнінде парақшасы беріліп, жұмысқа жарамды есебінде қызметіне кіріседі. Ал медициналық ұғым бойынша науқасқа отадан пайда болған жарасы жазылғаннан бөлек реабилитация жұмыстарын жүргізу керек. Мәселен, біреудің сүйегіне ота жасалды делік, оның сүйегі бітіп, толығымен жазылып, қалпына келу үшін бір жылға жуық уақыт қажет болады. Осы уақытқа дейін оны толық жазылды деп есептеуге болмайды. Осыдан келіп сүйегіне ота жасалғандардың арасында аяқ-қолы толық бүгілмей немесе таяққа сүйеніп қалған науқастар аз емес. Ал реабилитациялық жұмыстар жарақаттың ертерек жазылуына жәрдем етеді. Міне, осы бастамамыз арқылы аталған науқастардың санын жоққа дейін жеткізуіміз керек. Келесі жылы осы мақсатты іске асыру үшін 70 миллион теңгенің құрал-жабдықтарына тапсырыс бердік. Облыста мұндай жұмыстар бүгінгі таңға дейін жүргізілген емес. Осы жұмыстар іске асырылған жағдайда өзге ауруханада ота жасатқан науқастардың да ауруханадан шыққаннан кейінгі жағдайы біздің бақылауымызда бола алады.     

Әңгімелескен Ш. Мекенбайұлы

Балхия Көмекбаева: «Өзге ұлттардың 75 пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгерген»
Құрманай Бақтиярқызы: Некелескен адамым өзімнен 12 жас кіші
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу