Шойбек Орынбай: «Кейіпкерлерімнің көпшілігі шынайы өмірде бар»
- Шойбек аға, жуырда «Жалын» журналы жариялаған сыйлықтың иегері атандыңыз. Құтты болсын дейміз! Білуімізше, сіз «Жалын» жариялаған сыйлықты бұған дейін де иелендіңіз...
- Рахмет! «Жалын» журналы өткен жылы «О дүниеден соғылған телефон» атты повесімді жариялаған еді. Сол шытырман шығармам арқылы жыл қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Бұдан көп жыл бұрын да, нақтырағы 1988 жылы осы «Жалын» журналы мен Қазақстан Ішкі істер министрлігінің және Қазақстан ЛКЖО орталық комитетінің бірігіп жариялаған жабық бәйгесінде «Қателік» деген повесім жүлдеге іліккен. Ал 1995 жылы «Жалын» баспасының дәстүрлі жабық бәйгесінде «Әміршінің әлегі» повесімен бас жүлдені иеленген болатын.
Шойбек Орынбай
- Қылмыстық тақырыпқа қалам тартқан қазақ қаламгерлері өте сирек. Өзгелердің тісі батпай жүрген жанрға ден қоюыңызға не себеп болды?
- Шығармашылығымды енді бастап жүргенімде детективке қалам тартамын деп ойлаған емеспін. Түрлі тақырыптағы әңгімелер жазатынмын. Төле бидің өмірін зерттей бастадым. Университетті бітірген соң сол кездегі Көкшетау облыстық газетінде жұмыс істедім. Сол қаланың мұрағаты Омск қаласының мұрағатымен тығыз байланыста болғандықтан, онда көптеген құнды, сирек кездесетін деректер кездеседі екен. Сонда жұмыс істейтін адамдардың көмегімен Төле би мен Абылай ханның байланысы жайлы деректерді таптым. Оның алдында қолда бар мәліметтерімнің барлығын қосып, сол кездің өзінде Төле би туралы романымның алғашқы тарауларын жазуды бастап қойған едім. 1984 жылы Сарыағаштағы аудандық газетте Төле би туралы романымның алғашқы бөлімдері жеке аңыздық әңгімелер ретінде жарияланды. Кейін 1986 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында да «Тарих дастан» деген айдармен үзінділер жарық көрді. Ол әңгімеге Желтоқсан оқиғасынан кейін ескілікті насихаттайтын шығарма деген кінә тағылды. Маған ескерту де берілген. Содан соң уақытша баспасөзге ұсынған жоқпын. Бірақ зерттеуді, жазуды тоқтатпадым. Айтайын дегенім, Төле биді жазып шығу үшін біраз жанрларға қалам тартуым керек секілді, әсіресе, аңыздарға ден қою қажет деген ой келді. Өйткені Төле бидің өмірінің бәрі аңыздармен тығыз байланысты. Осы мақсатпен «Домалақ ана», «Қарақшы Қара Хайдар», «Сарыбалақ» деген аңыздарды жарыққа шығардым. Төле би шым-шытырық, қиын, жаугершілік, соғыс заманында өмір сүрді ғой. Яғни, сол заманның өзінде қазақ елінде, ауылдарында барымташылыққа, қарақшылыққа қатысты шытырман оқиғалар көп болған екен. Осындай деректерді зерттей жүріп, шытырман оқиғалар жазып қаламымды шыңдауға кірісіп кеттім.
- Детективтік шығармаларды жазуды нақты дәйектерге сүйенесіз бе?
- Иә, «Қателік» атты повесім шынайы өмірден алынған оқиға. Басты кейіпкерлерім көпшіліг де шынайы өмірде бар. Өз ауылымда өткен. Кейіпкерді де жастайымнан білетінмін. Түрмеге жатып шыққан адам еді. Мен повесті жазғанда оның қылмысы ашылып, соты да өтіп қойған болатын. Бірақ мен ашылған қылмысты баяндай отырып, қылмыскердің образын ашып, оның ішкі жан дүниесіне үңілдім. Сотта айтылмаған, қылмыс аясындағы өзге де детальдарды, сырларды аштым. Сондықтан шығарма өте сәтті шығып, қылмыскер басқа қырынан әшкереленді. Қылмысының себеп-салдары әйгіленді. Ал «Жүректегі жәдігөй» повесіндегі оқиға былай болды. 1993-94 жылдары Сарыағаш шипажайының жанындағы рұқсат етілмейтін жерге минералды су өндіретін зауыт салынатын болды. Бұған қарсылық танытқан шипажайдың директоры мен әлгі зауыт бастығының арасында тартыс басталып кетеді. Заң жүзінде шеше алмаған соң шипажайдың басшысы қарсыласының көзін құрту үшін киллер жалдайды. Бірақ, тосын жағдай орын алып, нәтижесінде корпорацияның президенті емес оның вице-президенті оққа ұшады. Көп ұзамай киллер қолға түседі. Ал қылмысы әшкере болатынын сезген шипажай басшысы Ташкентке барып, ине арқылы тамырына у жіберіп, өзін өзі өлтіреді. Осы қылмысты да тек бір жақты ғана көзқараспен емес, бас кейіпкердің психологиясын зерттей отырып, оның бұл қылмысқа не үшін барғанын, негізгі ойы қандай деген секілді сұрақтарға жауап іздедім. Одан кейін сүт сататын өзбек әйел туралы жазған газетке лайықталған деректі шығармамда оның өз перзентін ақша үшін қылмысқа итермелегенін, баласы анасы үшін қылмыскер атанғанын ашып жаздым. Бір сөзбен айтқанда детективтің негізгі мақсаты қылмыстың сырын деректерді оқиғамен байланыстыра отырып, көркем тілмен ашу, жеткізу. Сол арқылы қандай қылмыс болмасын соңы жақсылыққа апармайтынын көпке ұғындыру.
- Жоғарыда кейіпкерлерімнің көбісі шынайы өмірде бар адамдар деп айтып қалдыңыз. Олар шығарманың бас қаһарманына айналғанына қарсылық көрсеткен жоқ па?
- Қарсылық білдіргендер болды. «Қателік» повесіндегі кейіпкердің туған-туыстары маған келіп, «сен біздің туысымыздың масқарасын шығардың. Жеке өмірін, оның сырын жұртқа жайып салдың. Мұның не?» деп реніштерін білдіргені әлі есте. Мені танитын адамдар ғой. Повесте кейіпкердің аты-жөнін, кей ауыл, мекендердің аттарын өзгертіп жазған едім. Бірақ оқиға, деректер дәл еді. Сосын мен оларға «бұл көркем дүние, бас кейіпкерімді қарабет, жаман адам ретінде жазған жоқпын, керісінше оның қайғысын, ішкі толғаныстарын, қылмыс әлемінің құрбаны болғанын жаздым. Басқа адамдар осындай қателіктерге бармасын деген ойды айтқым келді» деп едім олар бірден түсіністік танытты. «Түрмеге түспегендер» атты саяси-криминалды детективті романды жазғанда да осындай жағдай болды. Одан кейін «Сенатордың сыбайластары» повесін бір басылымға жариялағанымда мені танитын бір сенатор ағамыз телефон соғып: «Не жазып отырсың , біздің сыбайластарымыз кім екен?» деген әңгімелер айтқан. «Сіз оған ренжімеңіз бұл қылмыстың деректері де, сыбайластары да маған аян. Көркем дүние болғандықтан, мен солай жазғым келді» деп жауап қайтардым. Осы секілді жағдайлар кездесіп жатады.
- Қазақ жазушылары арасында детектив жанрына қалам тербейтіндер өте аз. Неліктен?
- Детектив жанры қазақ әдебиетіне кешеуілдеп келді. Бізде шытырман шығармаларға жеңіл жанр деп қарайды. Сондықтан сын да жазылмайды. Өйткені жеткілікті түрде дамыған жоқ. Ал сын айтылмаған жерде даму да бәсеңдеу болады. Кеңес дәуірінде Кемел Тоқаев деген ағамыздың детективтерін оқитынбыз. Шытырман оқиғаларды жазып жүрген біраз жазушыларымыз бар. Мысалы бәйдібектік жерлесіміз Бағдат Қалаубай, Алматыда да бірқатар жазушылар бар. Алайда көпшілігінде батысқа еліктеу басым. Түркі халықтарының ішінде өзбектердің детективтері мықты дамыған деп айтар едім.
Детектив жанрына қосқан тағы бір тырнақтай жаңалық деп айтсам болатын шығар, ол кейіпкерлердің лақап аттарына байланысты. Өздеріңізге белгілі, аты шулы қылмыскерлердің өмірде міндетті түрде лақап аттары болады. Олар көбінше шетелдің, орыстың аттарын жамылады. Осы қалыптасқан аттардың орнына мен бас кейіпкердегі қылмыскерлерге қазақи есімдерді бердім. Мысалы Ақбасбура, Сұрсұлба, Балгер дейтін кейіпкерлерім бар. Қазақ детективін дамытудың тағы бір жолы қазақы дәстүрлерді, оның ішінде қылмысқа қатыстыларын шығармаға енгізу керек. Қазақта ежелден барымта деген қылмыстың түрі бар. Байқасаңыз барымта көп елдерде жоқ. Міне, барымта қазақ детективін шетелдің детективтерінен ерекшелейтін бірден-бір ұғым деуге болады.
- Жақында 60 жасқа толады екенсіз. Біреулер «алпыс талтүс» деп жатады. Сіз бұған не дейсіз?
- Уақыттың бағасын кеш түсінеді екенбіз. Жастық та жалт етті. Ордабұзар отыз, қамал алар қырық та қыр астында қалды. Ер жасы елуіңізбен де байқамай қоштасып қойдық. Күйкі тірліктің құрсауынан шыға алмай жатамыз. Бүгінмен өмір сүріп, алдағы болашақты ұмытып кететініміз тағы бар. Кейде Қазыбек бидің: «Жалтылдақ деп жастықты сөкпе, бәріңнің шыққан тегің сол. Қалтылдақ деп қарттықты сөкпе, бәріңнің жетер шегің сол» деген даналық сөзін еске алып қоямын. Соны ұғынып, солай өмір сүрсек қой шіркін!-- деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілейміз!