«Қырымнан бас тарт». Трамп соғысты тоқтатудың талаптарын атады
АҚШ-тың президенті Дональд Трамп Украина президенті Владимир Зеленский Қырымнан бас тартып, елдің НАТО-ға кіру жоспарын доғарса ғана, Ресеймен соғысты дереу тоқтата алады деп мәлімдеді, деп жазды BBC-ге сілтеме жасаған ҚазАқпарат.
— Украина президенті Зеленский Ресеймен соғысты бірден тоқтата алады, егер өзі қаласа, немесе күресті жалғастыра береді. Естеріңізде болсын, бәрі қалай басталды. Қайтадан Қырымды қайтару жоқ — ол Обама кезінде (12 жыл бұрын, бір оқ атылмастан!) берілді — және Украина үшін НАТО-ға КІРУ ЖОҚ. Кейбір нәрселер ешқашан өзгермейді, — деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісіндегі парақшасында, Зеленскийдің Ақ үйге сапары қарсаңында.
Зеленскийді дүйсенбі күні Вашингтонға сапары барысында Ұлыбритания, Италия, Германия, Франция және Финляндия елдерінің басшылары, сондай-ақ НАТО Бас хатшысы мен Еуропалық комиссия төрайымы ертіп жүреді.
— Ертең Ақ үйде елеулі күн болады. Мұндай көп еуропалық лидерлер бір уақытта ешқашан жиналмаған. Олармен кездесуді өткізу — мен үшін үлкен құрмет, — деп жазды Трамп басқа бір жазбасында.
CNN мәліметінше, Трамптың бұл мәлімдемесі Зеленскийдің Ақ үйдегі кездесуде қандай қысымға тап болатынын көрсетеді.
— Трамп атаған екі шарт — Украина Қырымнан бас тартуы және ешқашан НАТО-ға кірмеуге келісуі — бұл Владимир Путин соғысты тоқтату үшін қойған талаптар тізіміне кіреді, — деп жазады телеарна.