Балтабек Түйетаев: «Қазақ журналистикасының сапасы мен мазмұны ерекше өзгерді»

Oinet.kz 30-10-2024 369

Төртінші билік саналатын БАҚ өкілдерінің қоғамдағы рөлі қашан да биік. Қаламын серік еткен жандар қай кезде де қоғамның келеңсіз тұстарын сынап, жақсы жақтарын халыққа жариялап келеді. 

Screenshot_7.jpg

Негізгі мақсаты елге ақпаратты шынайы, боямасыз жеткізуді мақсат тұтқан БАҚ өкілдерінің тағы бір миссиясы – халықтың көкірек көзін ашу болып табылады. Бұл абыройлы міндет сонау Алашорда негізін қалаған қазақтың арыстай азаматтарынан бері келе жатқан қасиетті парыз. Соның ішінде «Газет – халықтың көзі құлағы һәм тілі» деп Ахмет Байтұрсынов айтып кеткендей, бүгінде мерзімді басылымдардың цифрлық журналистикадағы тайталасы мен бәсекелестігі ақпарат таратумен қатар бірге өріліп келе жатқаны жасырын емес. Осы орайда журналистика саласында өзіндік орны бар, оңтүстік жұртының оқырманы жақсы танитын белгілі журналист, республикалық «Еркін ой» газетінің бас редакторы, кезінде «Қазығұрт тынысы» секілді аудандық газеттерден бастап облыстық «Оңтүстік Қазақстан», республикалық «Жас Алаш» газеттерінде тер төгіп, талай өткір мақаласымен оқырман алғысын арқалаған қаламгер Балтабек Түйетаевпен қазіргі БАҚ-тың алған бағыты мен жеткен жетістіктері туралы аз-кем сұхбаттасқан едік. 

– Балтеке, осы саланың білікті маманы ретінде бүгінгі журналистикаға қандай баға бересіз?

– Бүгінгі журналистикаға «қанағаттанарлықсыз» деген баға беремін. Сандық көрсеткішпен болса, семіздеу «3» деген баға қоюға болады. Өйткені қоғамның қозғаушы күші – БАҚ өкілдері қоғам өзгерістеріне, бетбұрыстарына, бәсеге қабілетсіз болып шықты. «Жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей блогер деген бәлдір-батпағын сапыратын, ақпарат айдынында үнемі қорқыту мен үркіту, бопсалау әдісін қолданатындардан кәсіби журналистер ығып қалды. Қоғамдағы мәртебесін беріп қойды. Сондықтан блогерлер абырой-беделге ие болды. Бұл -БАҚ өкілдерінің ынтымақ-бірлігінің жоқтығын байқатты. Қасқыр келгенде иттің ауызбіршілігін таныта алмаған жағдай орын алды.

БАҚ ортасында топ-топқа бөліну, әртүрлі одақтардың пайда болуы , оппозиция сынды газет-журналдардың қоғамға белсенді араласуы, беделді деген журналист ағайынның биліктің шашпауын көтеруі журналистика саласының беделін түсірді деуге болады.

– Сіз аудандық газеттен бастап республикалық басылымдарда қызмет атқардыңыз. Содан бері қазақ журналистикасының сапасы өзгерді ме?

– Қазақ журналистикасының сапасы мен мазмұны ерекше өзгерді. Өйткені ақпарат тарату мәселесіне әлеуметтік желі қосылды. Ақпарат жүйесінде қазір жылдамдық пен шапшаңдық орын алды. Дегенмен газет-журналдар таралымы жағынан дағдарысқа ұшыраса да сапа мен мазмұны жағынан бәрі бір көш ілгері тұр. 

– Аудандық басылымдардың бүгінгі ахуалы жөнінде не айта аласыз? Аудандық газеттерді дамыту үшін не істеу қажет?

– Аудандық газеттердің жағдайына «маймылдар жылайтын» күн туды. Оларға билік тарапынан қамқорлық пен қаржылық қолдау төмендеді. Аудандық газеттер жекешеленіп, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Көптеген газеттердің бұрынғы ғимараттары сатылып, бай-бағландардың иелігіне өтті. Көз қысты, бармақ басты тірліктер орын алды.

Дамыған басылымдардың көз алдымызда құрдымға кеткенін көріп, «Аудандық газеттерді дамыту үшін не істеу қажет?» деген сұраққа жауап беру де қисынсыз. Дегенмен аудандық газеттер жаңа бағытта, заман талабына сай өмір сүруге бейім бе? Қазір әлеуметтік желінің заманы туғанда көш соңынан ілесе ала ма? Қазір жауаптан көрі, сұрақ көп.

Бұл жерде билік пен баспасөз бұрынғыдай тығыз одақтасып, қиыншылықтан шығуы мүмкін. Екіншіден, газеттер таралымы азайып, мемлекеттен қаржыландырмаса өмір сүруін тоқтады. 

– Блогер мен журналистің аражігін ажыратып берсеңіз. Блогерлердің ақпарат саласында алға озып бара жатуының сыры неде?

– Екеуінің аражігі атауларынан-ақ ажырап, тайға таңба басқандай айқындалып тұр. Қазір әкім де, ақын да, ғалым да, залым да блогер. Ата заңда кез келген азамат заңда тыйым салынбаған ақпаратты алуға, таратуға мүмкіндік берген. Сондықтан әлеуметтік желіде «жазғышбектер», «сүйкегіштер», блогерлер көп. «Сен жазба, ақпарат таратпа, журналистің нанын жеп жүрсің» деп ешкім айтпайды.

Блогер деген ақпарат саласында алға озып бара жатыр деген пікірмен келіспеймін. Блогер кей сәтте ақпарат алуда белсенді болуы ықтимал. Айқай-шу, сенсацияның ортасында көрінуі мүмкін. Дегенмен журналистердің абыройы мен беделі, мәртебесі, кәсіби шеберлігі қоғамда жоғары. 

– Сіздің ойыңызша отандық журналистиканы дамыту үшін қандай жоба-жоспарларды қолға алу қажет

– БАҚ өкілдерінің ынтымақ-бірлігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыру керек. Қолы, ары таза, елім, жерім деп шырылдаған журналистерге қоғамда ерекше құрмет көрсетілуі тиіс.

Халық жариялықтың жаршысы – әр журналистің еңбегі мен шығармасын жақсы біледі. Таланты бар журналист ешқашан жерде қалмайды. Қаламы қарымды болса міндетті түрде халыққа танылады. Оқырман да қазір талғампаз. Жақсы жазылған дүниені бірден аңғарады. Ең басты міндет – қызыл сөзге берілмей, оқиғаны болған жағдайды біржақтама емес, шынайы объективті жазу. Журналист бірінші кезекте бейтарап адам. Дегенмен тілшінің бірінші міндеті ол әрдайым шындық жағында болу. Сол үшін шырылдап мақала жазу журналистің азаматтық ұстанымын білдіреді. Қоғамда басқа мамандықтардан ерекшелейтін қасиет ол – біріншіден, талант пен шындықты жазу. Әрдайым шынайы мақаласымен көзге көрінген журналист әрқашан оқырманға сүйкімді болады. Ондай қаламгердің қоғамдағы беделі де әрқашан жоғары тұрады. Сондықтан болашақ журналист мамандарды даярлауда мақала жазумен қатар оларды үнемі шындық жағында жүруді үйреткен абзал. Отандық журналистиканы дамыту үшін менің ойымша, ақпараттық хабар таратумен қатар танымдық деректі хабарларды да көбірек беру қажет. Газеттер ақпарат таратудан әлбетте әлеуметтік желі, сайт басқа да сандық технологияға негізделген БАҚ-пен санаса алмайды. Дегенмен газеттің бір ұтатын жері онда салиқалы, екшелген, маңызды, бүгінгі күннің өзекті мәселесін қозғаған сараптамалық, аналитикалық мақалалар жариялауға болады. Ендігі жерде мерзімді басылымдардың көзірі сол болу керек. Оқырманның да ішінде түрлі дәрежедегі адамдары болады. Біреулер жылдам ақпаратқа қызықса, енді басқалары салмақты сүйекті мақалалар оқығанды қалайды. Олардың сұранысын қанағаттандыру үшін журналистің де кәсіби біліктілігі жоғары болуы шарт. Сондықтан қолына қалам ұстаған мамандар да ауық-ауық түрлі семинар, дәрістерге қатысып өз білімдері мен біліктіліктерін арттырып отыруы абзал. 

– Өзіңіз қызмет атқарған басылым редакцияларымен байланысып тұрасыз ба? Мәселен, «Жас Алаш», «Оңтүстік Қазақстан», Қазығұрт аудандық «Қазығұрт тынысы» газеті редакцияларымен байланысыңыз қалай?

– Өзім қызмет атқарған барлық әріптестерімен, бас редакторлармен тығыз байланыста жүремін. Жақында «Қазақстан Заман» газетінде бас редактор болған Марат Тоқашбаевпен Қазығұртта кездестім. Жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың 90 жылдығында. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы болған, қазір Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіппен де сыйластығымыз жақсы. Көптеген әріптестерімен Facebook парақшамызда доспыз. Сондай-ақ өзім тілшілік қызмет атқарған халықаралық «Түркістан» апталық газетінің ұжымын да ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Өзім бас директор – бас редактор болған «Шымкен келбеті» газетіндегі ұжыммен де қарым-қатынасым жақсы. Сайрам ауданында өзім басшылық жасаған «Мәртөбе», «Сайрам содоси», «Пульс Сайрама» газеттерінің ұжымымен де байланысым жақсы. Бәрі кездескен жерде сыйлап, құрметтеп тұрады.

Өзім басшылық жасаған барлық ұжымға, әріптестеріме құрметпен қараймын. 

– Осы күнде өзіңіз не жазып жүрсіз? Қандай тақырыптарға қалам тербегенді қалайсыз?

– Мен барлық тапқырыпта қалам тербегенді ұнатамын. Әрине, ең алдымен қоғамдағы келеңсіздіктерді көріп , сын жазған ұнайды. Шымбайына батқан шенеуніктер шегірткедей шырылдап кетеді. Әкім болсын, басқарма басшысы болсын. Сотқа жүгіреді. «Ар-намыс, қадір-қасиет, іскерлік бедел» дегенді желеулетіп. Өздерінің бойында жоғарыдағы қасиеттің бірі де жоқ. Соттасып, кімді жеңдіңіз, деген сұрақ тууы мүмкін ғой. Нақты айтып кетейін.

Кезінде ОҚО басшылығында Асқар Мырзахметов тұрғанда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Тағаева және кеше ғана Шымкент қаласы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан дегендер сотта оңбай ұтылды. Ондаған сын мақаламның бір сөйлемін, үтірін, нүктесін теріске шығара алмады. Миллиондаған моралдық шығын талап етіп, көк тиын да өндіріп ала алмады. Егерде сот шешімін толық жариялауға газет ниетті болса, түпнұсқасын беруге дайынмын. Бұл – БАҚ өкілдерін сотпен үркітіп-қорқытқысы келген басқа шенеуніктерге үлгі болар еді.

Менің журналистика кәсібімде ең көп қозғаған тақырыбым – ақыл-ой тәрбиесі, яғни шахмат өнері. Отбасымызбен интеллектуалды ойын – шахмат өнерімен шұғылданмыз. Бір үйде екі шахмат ойынының шебері бар – екінші ұлым – Асылбек, кіші ұлым – Мақсат. 10 жастағы немерем Даяна Түркістан облысының жастар арасында екі дүркін чемпионы, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия біріншілігінің жүлдегері. Оқу озаты.

Журналистикада қол жеткізген ең үлкен дүнием – ақыл-ой тәрбиесі шахмат өнері жайлы «Шахмат әліппесі», «Шахмат» оқу- құралдарын өмірге әкелуім. Екі кітап та Оқу-ағарту министрлігінің білім мекемелеріне, мектеп оқушыларына пайдалануға болады деген оң қортындысын алған.

Мен қозғап жүрген ауқымды тақырыптың бірі – саламатты өмір салты. Спорт. Денсаулық.

Сұхбаттасқан Ә.АБДРАХМАН

Жандос Жұмабек: «Бүкіл Қазақстан Түркістан өңірінің жаңалығымен тыныстап жатыр»
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу