Шымкентте мектеп бухгалтері 451 млн. теңгені жымқырған
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаладағы мектептердің бірінің бас есепшісіне үкім шығарылды. Сотталушы Б. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 3) тармағымен (мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға теңестірілген адам бола тұра, мемлекеттің сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлкін жымқыру, қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру) айыпталған.
Б. мектеп бас есепшісі бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі мүлікті иемденіп, мемлекетке 451 173 978 теңге көлемінде материалдық залал келтірген. Сонымен қатар, Б. бірнеше автокөліктер мен пәтерлерді, жер телімін және бағалы қағаздарды сатып алу арқылы, қылмыстық жолмен алынған ірі мөлшердегі ақшаны және мүлікті заңдастырған. Сотталушының кінәсі өзінің және куәлердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, жасырын тергеу әрекеттерімен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді. Прокурор сотталушы Б.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушінің өкілі жаза тағайындау барысында соттың қарауына қалдырды. Сотталушы Б. кінәсін толық мойындап, істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіріп, жазаны орындауды кейінге қалдыруды сұрады.
Сот сотталушының қылмыстық жауапкершілікті жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның істеген іс-әрекетіне шынайы өкініш білдіргенін, асырауында жасөспірім балаларының болуын таныды, ал қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын мән-жайлар анықталмады. Сот, Б.-ны ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 218-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтарымен кінәлі деп танып, түпкілікті 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.