Берденовке қастандық: Әркімнің өз шындығы бар

Oinet.kz 13-08-2025 98

Screenshot_1.png

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовті отты қарумен ауыр жаралаған, кісі өлтіруге оқталды деп айыпталған Ернар Жиембайдың соты қым-қиғаш, қарама-қайшы мәлімдемелермен өтіп жатыр. Бұл мәлімдемелердің тергеушілердің түзген айыптау қорытындысынан әжептәуір айырмасы бар сияқты. 21 сәуірде, түнгі уақытта қалалық әкімдіктің алдында атылған оқтардың арғы жағында  жұртшылық білмейтін құпиялары көп болып шықты.

Алғашқыда оқиғаның мотиві қызғанышпен, дәлірегі сотталушының әйелімен байланыстырылды. Кейіннен тек қызметтік себептермен түсіндірілді. Алайда Жиембай сотта мұны да жоққа шығарды. 

Сотталушының сөздері атылған оқтан кем болып жатқан жоқ. Өткен аптадағы сот мәжілісінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің де аты аталды. Ел кімге сенерін білмей аң-таң.   

Жексенбіде  Ернар Жиембайдың әкесі Жиембай Пірәлиев инстаграмдағы парақшасы арқылы үндеу жариялады. Бұған дейін осындай үндеуді жәбірленуші Руслан Берденов те жасаған. Яғни, мұны айыпталушы тараптың қала әкімінің орынбасары айтқан уәждеріне, мәлімдемелеріне берген жауабы десек, қателеспейміз.   

«Мен ұлымның іс-әрекеттерін ақтауға тырыспаймын және болған жайттар үшін шын жүректен өкініш білдіремін. Біз жасалған әрекеттер үшін жаза болуы керек екенін түсінеміз, бірақ оның әділ әрі жасаған әрекетіне сай болуына үміттенеміз»,– деп жазған Ж.Пірәлиев.

Ол ақпарат құралдарындағы кейбір мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін атап өтті. Мәселен, соның бірі Берденовтің 5 оқ жарақатын алғаны туралы жазбалар. Алайда іс құжаттарында жәбірленушінің денесінен барлығы 3 дана бытыра қалдықтары табылған. 60 бытыра қалдықтары туралы ақпарат жәбірленушінің алғашқы видеожазбасымен сәйкес келмейді.

«Онда ол сыртқы киімсіз аурухана төсегінде және жамбасынан жоғары ешқандай жарақатсыз жатыр. Кейін біз тәуелсіз қорытынды ала алмадық, себебі жәбірленуші елден тыс жерге кетті... Жәбірленушінің еркін қозғалатындығына сот отырыстарынан бірнеше күн бұрын, 1 тамызда Шымкент қаласы әкімдігіне барғаны дәлел. Бұл оның жарақаттарының, мүмкін, оның айтқанынан аз маңызды екенін растайды және сот отырысына әдейі қатыспағанына нұсқайды... Аңшылық қарудан 5 рет тікелей атқан оқтан тірі қалу тек фантастикалық фильмдерде үйлесімді»,– делінген мәлімдемеде.

 Айта кетері, бұған дейінгі сот отырысында прокурор Жиембайдың Берденовке бес мәрте оқ атқанын, оның алғашқы екеуінің жәбірленушіге тимегенін айтқан болатын. Алайда Берденов инстаграмдағы жазбасында «бес оқ жарақатынан кейін оңалту процесінен өтіп жатқанын» жазған. Берденов денесінде әлі  алынбаған 60 оқтың (дробь) барын инстаграмдағы жазбасының орыс тіліндегі нұсқасында келтірген (қазақ тіліндегі нұсқасында жоқ). Тіпті рентгендік түсірілімнің суретін де жариялаған. Сонда елді шындықтан адастырып отырған кім? Қай ақпаратқа сенуге болады? Құзырлы органдардың мәліметіне ме, әлде әкім орынбасарының жазбасына ма?

Сондай-ақ, сот отырысында сотталушының өзі және оның адвокаты Руслан Берденовті сотқа шақырып, одан жауап алу қажеттігін талап еткен болатын. Алайда жәбірленушінің қорғаушысы Берденовтің тергеу кезінде берген жауаптарын қуаттайтынын, денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын алға тартумен болды. «Тым құрыса онлайн қатыссын» деген сұранысқа да адвокат нақты жауап бере алмады.  Пірәлиевтің жоғарыдағы сөзінен Берденов сотта жауап беруден жалтарып отыр деген ыңғайды байқау қиын емес. Бірақ бір жағы әкім орынбасары жауап беруден қашқақтап жүр деген тұжырым да ақылға сыйымсыз. Не үшін? Неден қорқады? Әкімдікке емін-еркін барып жүрген адамның сотқа келе алмауына не кедергі? Мұның арғы жағында не құпия бар?

Бұдан әрі Пірәлиев ұлының сотта жасаған мәлімдемелеріне тоқталады. Оның айтуынша, «есі дұрыс адам осындай нәрсеге тек кәсіби қызметі үшін барады деп елестету қиын». Сондай-ақ, Пірәлиевтің жазуынша, жүргізушінің Жиембайды құлатып,  кісі өліміне жол бермегені туралы ақпарат да шынайы емес. Видеожазба мен жүргізушінің сотта берген жауабы бойынша  бұл кезде ұлының қолында ештеңе болмаған көрінеді.

«Бұл жазбада ұлымның тек қорқыту ниеті болғандығы расталады, басқа ниеті болғанда екі метр қашықтықтан елеулі зиян келтіруге одан ары өмірін кесуге мүмкіндігі болды»,– деген Пірәлиев Берденовтің тергеу кезінде берген жауаптарында айырмашылықтар барын да алға тартқан.

Ал, бұған дейінгі сот отырысында Ернар Жиембай Руслан Берденовтен шын жүректен кешірім сұрап, оның сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Оның айтқанынан түсінгеніміз,  қызметке келген бойда  әкім орынбасарымен тіл табыса алмаған.

– Қабағын шытып, «отыр» деді. Отырдым. Бірінші бастағаны «мен замаким болып келдім, мен шақырмасам, келетін ойың жоқ қой сенің, қайдан шыққан дәусің, мұрынбоқ» деді... әр сөзіме дұрыс емес реакция көрсетті. «Сенің түрің қандай өзі, шаштарың түсіп кеткен. Бетің қап-қара болып тұр, қайдан келгенсің өзі» деді... мен ол кісіге артық сөз сөйлегенім жоқ, – деді Жиембай сот отырысында.

Кейінірек, Берденов Жиембайға өз еркімен жұмыстан кетуді талап еткен. Ол бола қоймаған соң, Жиембайды шақырып алып, жұмыстан кетпесе, соттатып жіберетінін, әйелі жезөкшеге айналатынын, балаларының жетім қалатынын ескерткен. Жиембайдың осы мәлімдемелерін растай алатын не дәлел бар? Қандай куәгер бар? Сотталушының осы сөздерінен кейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі тексеру жүргізіп, саяси қызметкер Берденовтің қызметтік этиканы қаншалықты сақтайтынына қатысты тексеру жүргізуі керек шығар.    

Оқиғадан кейін Жиембайдың туыстары Берденовтен кешірім алуға тырысқан.

– Әкеме публикация шығарсын кешірім беремін деді. Әкем шығарады. Кешірім бермейді. Әйеліме шығарсын дейді, әйелім шығарады, кешірім бермейді. «Әкесі үшін кешірім беремін» деп, оның онкологиямен ауыратыны жөнінде анықтаманы жіберсін деді. Әкем анықтаманы жібереді. «Мен ойланамын» дейді. Мен мұны «издевательство» деп қабылдаймын. Таңқалатын нәрсе, «мені өлтіруге Сыздықбеков через аппарат басшысы арқылы киллер ретінде тапсырыс берді деген жауап берсін, мен Ернарды жатқан жерінен суырып аламын» деп айтыпты. Ол кісінің мүлдем қатысы жоқ,– деді Жиембай сот отырысында. Сотта қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің, оның аппаратын басқаратын азаматтың (Ержан Сейтеновтің) аталуы естіген адамды естен тандыратын ақпарат, әрине. Бұл Сыздықбековті арандату ма, әлде Берденовті арандату ма? Әлде шындық па? 

Айтпақшы, Жиембайдың жоғарыдағы біраз сөздерінің негізсіз еместігі байқалады. Сәуірдің аяғында Ернардың әкесі Пірәлиев мәлімдеме жасап, бұл оқиғаға келінінің қатысы жоқтығын, оның Руслан Берденовті бұрын-соңды көрмегенін, танымайтынын мәлімдеген болатын. Ернардың жұбайы Л.Алданова мамырда мәлімдеме жасап: «Осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын», – деген болатын. Сонда Ернар Жиембайдың сөзіне сенсек, осы екі мәлімдеме Берденовтің талап етуі бойынша жасалған болып тұр ма?

Әркімнің өз ақиқаты бар. Берденов әлеуметтік желідегі жазбасында бәрін баяғыша қызметтік себеппен байланыстыруда: «Ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, «достасуды» ұсынды. Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын... Қақтығыстың түп-төркіні – кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды... Бұдан да сорақысы – бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын»,– деген Берденов сотталушының жұбайын да, отбасын да танымайтынын алға тартыпты.

Әрине, адам өлтіруге оқталу ауыр қылмыстың санатына жатады. Сондықтан оқыс қадамға барған Ернар Жиембайдың әрекетін ақтап отырған ешкім жоқ. Соттың қоғамдық пікірге, дәлелсіз айтылған сөздерге арқа сүйемейтіні айтпаса да түсінікті.

Не де болса әліптің артын бағып көрейік.

«Рейтинг» газеті, 13 тамыз 2025 жыл.


Әлібек Нұртаев ректор лауазымына тағайындалды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу