Қайырғали Медет: «Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында»

Oinet.kz 29-05-2014 1365

Screenshot_27.jpg

Оңтүстік Қазақстан облыстық «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» мұражайы директорының орынбасары

- Терең тарихтың да бір күні сыры ашылатыны белгілі. Мұражайда саяси қуғын сүргін құрбандарына қатысты соңғы жылдары табылған тың деректер бар ма?

- Мұражайдың ашылғанына он жылдан астам уақыт болып қалыпты. Осы уақыт аралығында қазақтың басына қара бұлттай үйіріліген нәубет, репрессия жылдарының небір ашылмаған құпиялары, мәліметтері, Алаш азаматтарының сан қилы өмірбаяндары, соларға қатысты құжаттар жинақталды. Экспонаттарымыздың саны 15 мыңға жетті. Таяуда ғана зұлмат жылдардың құрығына ілінген  Әбдуғани Досанов деген кісіге қатысты тың деректерді шөбересі әкеліп бізге тапсырды. Оның айтуынша Әбдуғанидың әкесі Досан ақсақал Созақтың Құмкент деген жерінен қасиетті Меккеге дейін түйемен жеткен екен. Ел-жұртымен қоштасып кеткен ол Меккеге жеткен соң қайтыс болып, сонда  жерленген көрінеді. Қажы атанған Досан ақсақалдың кейінгі ұрпағы  «арғы атаң молда болған, халық жауы С.Қожановпен ауыз жаласқан» деген айып тағылып, шахтада қызмет етіп жүрген жерінен түрмеге тоғытылып, 1938 жылы ату жазасына кесілген. Қазір мұражайда Ә.Досановтың КГБ-ның берген анықтамасы мен сол кездегі кәсіподақ билеті тұр. 

Екінші табылған тың жаңалық ол Түркістан қаласындағы НКВД-ның түрмесі.  1899 жылы 14 мамырынан Түркістанда халыққа арналған түрмелік екі камера жұмыс істеген. Біріншісі бүкіл халықтық әділет басқармасының ісін жүргізсе, ал екіншісі тергеу бөлімі болды. Қаланың оңтүстік шығыс жақ шетінде орналасқан бір кісілік екі камерадан және әрқайсысына жиырма шақты адам еркін сиярлық екі үлкен камерадан тұратын, тақтай еденді, күйген кірпіштен соғылған бұл қоржын там Түркістанда ескіден, Николай ІІ патша тұсынан келе жатқан түрме. Бүгінде Түркістан өңірінен, алыс-жақын шет елдерден жер аударылып, Түркістан түрмесінде болған 600-ден аса азаматтың тізімі анықталды. Оңтүстік Қазақстан облысының КНБ мұрағатының өзі Шымкент қаласындағы түрмеде 570 Украина халқының азаматы отырғанын ғаламтордағы сайтына жария етті, оның ішінде 32 азаматы Түркістандағы  НКВД тергеу түрмесінде тергелгені белгілі болды. Ол жерде тек қазақтан шыққан «халық жаулары» ғана емес сонымен қатар Ресейдегі аты шулы княздардың үрім-бұтақтары, әйелдері де қамауға алынған. Өкінішке қарай Тәуелсіздік жылдарынан кейін тарихтың тірі куәсі болған түрме жекенің қолына өтіп кеткен. Қазір жәдігер мемлекетке қайтарылмайтын болса келешекте оның орнын тойхана немесе басқа да нысан басуы ғажап емес. Осы мәселені Түркістан қаласының әкіміне жеткізген болатынбыз. Ол бүтіндей ұлтты жою саясатының куәгері болған ескі ғимаратты мемлекеттің қарамағына өткізуге уәде берді. 

- 15 мың экспонатқа қазіргі отырған ғимараттарыңыз тарлық етпей ме?

- Бүгінгі күнге дейін ғимараттың тарлық етіп келгені рас. Өйткені эскпозициялық зал,  қызметкерлердің жұмыс орны, мұрағаттың барлығы бір жерде орналасты. Биыл облыс әкімі Асқар Мырзахметов мұражайға ерекше көңіл бөліп, бюджеттен жаңғрыту жұмысына 18 миллион теңге бөлді. Мұражайдың ішкі құрылысы, архитектуралық жұмыстарын осыдан 13 жыл бұрын елімізге белгілі этнодизайнер Аманжол Найманбаев жасаған болатын. Бұл жолғы жаңғырту жұмыстары да сол кісінінің қолымен жасалуда. Қызметкерлердің бөлмелері, кинозал, тағы да басқа қосымша бөлмелер ғимараттың екінші жағынан көшкен соң экспорзициялық залымыз кеңейіп қалды. Қазір онда НКВД қызметкерінің алдында қан-жоса болып, азапта отырған қазақ азаматының аянышты сәтін суреттейтін «азаптау бөлмесі» және Созақ көтерілісінің ащы шындығын бейнелейтін «Созақ көтерілісі» деген бөлмелерді дайындап жатырмыз. Мұражайдың ішкі дизайнына тағы біраз өзгерістер енгізіледі.

- Қуғын көрген, жазықсыз атылған боздақтардың бүгінгі ұрпақтарының қатары да сиреп бара жатқан секілді? 

- Ұрпақтардың қатары жылдан жылға сиреп бара жатқаны рас. Мәселен өткен жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Республиканың түкпір-түкпірінен 80-ге жуық көзі тірі ұл-қыздары, немерелерін шақырған едік. Ал биыл олардың саны 60-тан аспайды. Олардың арасындағы жасы келгені Ұзақбай Құлымбетовтың қызы Кабира Қарабалина 90-нан асып қалды. Төреші уақыт жылжыған сайын олардың тікелей ұрпақтарының да өмірден өтетіні белгілі. Алайда ұрпақтарының көзі кеткенімен мұражайдағы құнды деректер өшпек емес. 

- Бүгінгі жастардың санасына сол  Алаш арыстарының еңбектерін, ерліктерін сіңіре алып жатырмыз ба? 

- Өткен кезеңдермен салыстырып айтсам бүгінгі жастар әлдеқайда білімді, көздері ашық. Олардың отанымыздың тарихына деген қызығушылықтары жоғары. Біздің мақсатымыз экспонаттарды жинап алып мұражайда отыра беру емес. Сол мұражайдағы барымызды әсіресе жас ұрпаққа көрсетіп, насихаттап, республика бойынша 113 мың адамның  қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңының жазықсыз атылғандарын,  олардың  ерлігін жеткізу. Сол себепті біздің мамандар білім ұяларына, жоғары оқу орындарына барып фильмдерді көрсетіп, лекциялар оқиды. Сонда байқағанымыз оқушы-студенттердің білгісі келген сұрақтарының көптігі. Көпшілігі қызығып қана қоймай Ахмет, Тұрар, Санжарлардың өмірін, шығармаларын зерттеумен айналысып жүр. 1920 жылдан бастап Ташкент қаласында ұлт зиялыларының ұйытқысымен «Ақ жол» газеті басылып тұрған. Сонда қазақтың тәуелсіз ел болуын аңсап, насихаттап бүркеншік атпен жазылған небір мақалалар жарық көрген. Ғұмыры алты жылға созылған осы газеттің тарихын, ондағы мақалаларды жинақтап, зерттеп «Ақ жол» көп томдық кітабын шығарып жатырмыз. Бүгінде оның 8 томы жарық көрді, әлі 22 томын жазу жоспарымызда бар. Бұл да Алаш зиялыларының еңбектерін жастардың санасына сіңіруге үлкен  үлесін қосады деген ойдамын. 

Ауыт Мұқибек, ақын: Біздің үкімет өз бауырларымен өз ана тілінде сөйлесе алмайды
Шойбек Орынбай: «Кейіпкерлерімнің көпшілігі шынайы өмірде бар»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу