Ауыт Мұқибек, ақын: Біздің үкімет өз бауырларымен өз ана тілінде сөйлесе алмайды

Oinet.kz 29-05-2014 1338

Screenshot_16.jpg

Шетелдердегі қандастарымыздың Отанға оралу мәселесіне жаны ауырмайтын қазақ жоқ шығар. Бірақ ақын Ауыт Мұқибектей шырылдап, отқа да, суға да түсіп жүргендер кемде-кем. Күні кеше ғана Заң шығарушы орган оралмандардың азаматтық алу мәселесін 4 жылға шегендеп қойғанда, Ауыт мырза жетер жердің бәріне хат жазды. Соңғы уақытта сол мәселеде ептеп жылымық пайда болды. Аукеңді осы мәселе тұрғысынан сөзге тарттық.

Рейтинг: Қазақ көшінің тағдырына ерекше алаңдайтын азаматсыз. Соңғы бір жылда бұл мәселеде шешім сан рет өзгерді. Көштің қазіргі ахуалына қандай баға бересіз?

Ауыт Мұқибек: Кесіп бірдеме айту қиын. Ең басты қорқыныш – шеттегі қазақтар, көші-қон деген сөздер биліктің ең ұшар басында кісілердің аузынан соңғы жылдары мүлдем айтылмайтын болды. Бұл бізді қатты алаңдатады. Сталин заманындағы «Алаш», «Алашорда» сөздері секілді болып тұр. Бұл – жақсылық емес. Ал одан төмен отырғандардың ішінен де белсеніп тұрғандарды көру қиын. Керісінше, сөзбұйдаға салу, ертеңге сілтеу басым. Ал жала жабу, кемсіту жағы тіпті үдей түсуде.

Рейтинг: Қытайдағы қазақтар жағдайы туралы ақпарат түрліше. Олардың сол елде қала беруі немесе елге қарай көш түзеуі қаншалықты дұрыс? 

Ауыт Мұқибек: Сол елдің азаматы ретінде Қытайдағы қазақтардың жағдайы жаман емес. Жалпы шетелдегі қазақты кембағал деуге келмейді. Адам ретінде біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүре береді. Бірақ ұлттық сипатынан жұрдай болып барады. Нақтылап айтсам, үлкен ұлттарға жұтылып жатыр. Бұл бір жағы. Екінші тарапынан, келем деп тұрған қазақтың жолын тосу, қиындату Тәуелсіз Қазақ мемлекеті үшін үлкен саяси қателік. Келесі ұрпақ кешпейтін күнә. Соңғы айларда жылымық біліне бастады. Басқаның бәрін қоя тұрып, қалай да сол қазақтарды көшіріп алуымыз керек!

Рейтинг: Қазақстан Парламенті ел азаматтығын алуды 4 жылға шегіндіру туралы заң жобасын мақұлдағанда, Президентке дейін хат жаздыңыз. Сол кезде бұл мәселеден қандай үлкен қауіп көрдіңіз?

Ауыт Мұқибек: Мен ешқандай қауіп көргем жоқ, тек қатты қорландым. Өзге елге келіп, ол ел бізге осылай істесе,  оқасы жоқ еді. Біз азаттығын әрең алған өз Отанымызға келдік қой немесе келмекпіз. Оның үстіне, аузы-мұрнынан асып, даласына халқы сыймай жатса бір жөн. Қазақстанның өз аяғымен, өз қаржысымен келген қазақтарды қайдағы бір тиын қуып келген келімсектер қатарында қарауы – баяғы бодандықпен парапар қорлық қой. Сол жанымды жаралап кетті. Өліп кете жаздадым намыстан...

Рейтинг: Қазір бұл заң жеңілдегендей болды,  оралман қазақтарға 1 жыл ішінде азаматтық алуға мүмкіндік ашылды. Оқиғаның осындай игі сипат алуына өз үлесіңіз бар деп ойлайсыз ба?

Ауыт Мұқибек: Заң жеңілдеген жоқ, сол беті әлі. Тек жеңілдету жолдарын қарастырып жатыр. Әрине, үлесім бар. Өйткені, «Нағашыма хат» шыққан соң, Үкімет маған назар аударды, сөйлесе бастады. Ақордаға шақырып, арнайы осы мәселе бойынша ұзақ әңгімелесті. Көші-қон заңының дәл бүгін болмаса да, алда қайта қаралатынын айтты. Міне, қазір сол бойынша жұмыс жүре бастады.

Қазақ – қасиетті халық! Оның ісін әркез Құдай өзі жөнге салып келеді. Біз бос жатқан шекаралық аймақты қазаққа толтыру мәселесін көп көтердік, тынбай айттық, жаздық. Бірақ жоғарыда айттым, жұмыс әлі баяу. Біз әлі ұйқымызды аша алмай жүрміз. 

Рейтинг: Жалпы Қазақстандағы көші-қон процесі осы 23 жыл ішінде қандай игілікке қол жеткізді? Олқылықтары қандай?

Ауыт Мұқибек: Ең басты жетістік – «көші-қон», «шеттегі бес миллион қазақ» деген деген ұлы ұғым қалыптасты. Ең басты игілік – шеттен келген әр қазақ! Енді бұл көш ешқашан тоқтамайды, тоқтату мүмкін де емес. Шеттегі қазақсыз Қазақстанның тұрақтылығын, қауіпсіздігін мен еш елестете алмаймын көз алдыма! Сондықтан қолында билігі бар ағайындар оның жолын тосып, сөзге қалғанша, қолынан келгенше көмектесуі, демеуі керек. Болашақта немере-шөберелерінің сүйегіне таңба, бетіне селкеу боп қалмау жағын осы бастан ойластырғаны әбзал.

Рейтинг: Оралман азаматтардың қазақ қоғамына бой үйретуі, сіңісіп кетуі қаншалықты жылдам? Олар неден көп қиналады?

Ауыт Мұқибек: Бір елден екіші елге көшу былай тұрсын, бір пәтерден басқа пәтерге қоныс аударудың да өзіне тән қиыншылығы болады. Ол қалыпты жағдай. «Олар неден көп қиналадыға» келсек, мен қандастарымыз көп қиналған жоқ деп кесіп айтар ем. Неге? Ең бастысы, олар бейбіт заманда, ашық күнде, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз көшіп келіп жатыр. Жат елге емес, өзінің тәуелсіз Отанына, байтақ даласына. Бостандыққа кенелу үшін, еркін өмір сүру үшін, еліне есе қосу үшін келіп жатыр. Келеді де, қалыптасқан дағдымен қонысын табады, құжаттанады. Баспана сатып алып, тірлігін бастайды. Ешкімнен ештеңе дәметкен емес. Берсе – алды, бермесе – өкпелеген жоқ. Мемлекеттік тілге де шетінен ағып тұр.  Жазуды да алдын-ала үйреніп келеді. Ал шын мәнінде қиналған – біздің Үкімет! Өйткені, Қазақстан үкіметі әлі күнге дейін  мемлекеттік тілден жұрдай. Өз қандастарымен, өз бауырларымен өз ана тілінде сөйлесе алмайды. Қиналса, солар қиналады. Біз қиналмаймыз...

Рейтинг: Жақында Қазақстан Республикасының Экономика және бюджетті жоспарлау вице-министрі Мәдина Әбілқасымова еңбекке жарамды оралмандардың 70 пайызға жуығының білімі орта немесе мүлде жоқ деген дерек келтірді. Осы дерек қаншалықты рас?

Ауыт Мұқибек: Мәселе бұл деректің «рас» не «өтіріктігінде» емес, Мәдина ханымның астам пиғылында болып тұр. Жалпы, үлкен шаңырақтағы, үлкен мансапта отырған үлкен кісілердің балалары осындай сөзді соңғы кезде көп айтатын болып алды. Жаңаөзен оқиғасы кезінде жабылған жаладан қазақ көші құрдымға кетті. Міне, әлі еңсе көтере алмай келеді. Мәдина да осал жерден емес, Ерасыл Әбілқасымовтың қызы екен. Ерасыл Әбілқасымов – халық қалаулысы болған кісі. Айта берсек, президенттікке де түскен бір кезде. Арғы бетте біз жайлаған Ойманбұлақта оншақты үй туыстары бар ол кісінің. Олар да орташа ғана сауатты. Бірақ өз шаруасына пысық, керемет кісілер. «Құдай қазақты шынымен бәледен сақтаған екен» деп ойладым мен. Егер Ерекең анау жылы президент болып кеткенде, көргілікті мына қыздан да әбден көреді екенбіз! Өтпегені қандай көрім болған! Бұл жағынан бізге ешкім күле қоймас деймін. 

Осы жерде айта кетейін, Құдай оның бетін ары қыла көрсін, елімізге біреу мылтық кезеп жатса, Мәдиналар мылтық көтеріп шықпайды. Оған менің сенімім кәміл. Оққа кеудесін тосатын сіз бен біз – манағы «70 пайызға жуық білімі орта немесе мүлде жоқ» қазақтар!

Рейтинг: Оралмандарды солтүстік облыстарға шақыру процесі басталды. Бұл қадам қандай нәтиже беруі мүмкін?

Ауыт Мұқибек: Мен нәтижесін теріп отырмай-ақ қояйын. Қазір қазақтардың үлесі Солтүстік Қазақстанда – 37,7, Павлодарда – 45.7, Қостанайда – 35,6, Ақмолада – 44,6 пайыз ғана. Демек, үш облыс үрей астында тұр! Егер дайын тұрған мүмкіндікті барынша ұтымды пайдаланып, сол өңірлерді, шеттен келетіні бар, ішкі көші-қоны бар – қазаққа толтырып, қандастарымыздың үлесін салмағын 70-80 пайызға жеткізсек, сосын «жақсы еді ғой майданның өтінде өлген!» 

Рейтинг: Елге келгеніңізге 20 жылға жуықтады. Арғы бетте біршама қызметтер атқарып келгеніңізден де хабардармыз. Елге келу арқылы не таптыңыз, не жоғалттыңыз?

Ауыт Мұқибек: Елге келіп ойлағанымның бәрін таптын. Атақты Тұмағамның – Тұманбай Молдағалиевтың қасында жүрдім, Хасан Оралтайды көрдім, осы жердің қызынан жар сүйдім... Өз басым бірдеме жоғалттым деп айта алмаймын. Бірақ бір нәрсені айта кеткім келеді. Қазақстанға алғашқы он-он бес жылда шетелден кілең ұлтшылдар, отаншылдар келді. Нәбижан Мұқаметханұлы, Жігер Жәнәбіл, Рахым Айыпұлы, Омарәлі Әділбекұлы, Уатхан Сепіл, Асқар Жакулин, Сәулен Тоққажы, Жеңіс Түркия, Құрмет Қабылғазыұлы... Олар Отанын да, оның тізгінін ұстаған Нұрсұлтанын да сүйді. Ол үшін жанын беруге әзір тұрды. Қазір де солай. Бірақ Қазақстан билігі бізді шындап пайдалана алмады. Шеттен келген зиялыларға сенбеді. Бұл өте өкінішті жағдай. Біздіңқ азаққа, Қазақстанға болсын дегеннен басқа ниетіміз жоқ. Дүниені төңкеріп жібермесек те, ең кемінде Қазақ көшін у-шусыз, дұрыстап жүргізе алатын едік. Егер Сенатта не Мәжілісте отырсақ, ең кемінде, өле жатқанымыз Тәңірберген Бердіоңғаров пен Бақыт Сыздықовадан көрім депутат болар едік (күлді). Енді сұрағыңызға келейін. Егер мен бірдеме жоғалтсам, сол арғы беттен келген ағаларыммен бірге жоғалттым. Мен бұл жерде тек Қытайдан келгендерді ғана айтып отырмын.  Ал басқа шетелден Қайрат Бодаухан, Бәшір Жаналтай, Ислам Жеменей секілді қаншама білікті мамандар келді десеңші?! Бірақ әлі де кеш емес!

Рейтинг: Жақында "Дарабоз" байқауынан жүлделі орынға ие болдыңыз. Құтты болсын! Шығармашылығыңызда басқа да нендей жаңалықтар бар?

Ауыт Мұқибек: Рахмет! Мен қазір шабытым шамырқанып тұрған күйдемін.  Шығармашылық жоспарға келсек, «Әткеншек» атты балаларға арналған жыр кітабым дайын тұр. Бірақ басайық деп сұраған пенде жоқ. «Жылусыз жаз» атты кілең жаңа өлеңдерден тұратын көлемді жинағым мемлекеттің тендерін күтіп, Мәдениет министрлігінде жатыр. Оны «Жалын» баспасы ұсынған болатын. Ал Қазақ көші, шетегі қазақтардың тағдыры жөнінде жазған мақалаларымды дайындап, бір жеке баспаға ұсындым. Алла қаласа, «Көш, Көшке кім өш?!!» деген атаумен жақында шығып қалар деп отырмын. Жақында Астана қалалық әкімшілігінің қолдауымен балаларға арналған интернет сайтын ашқалы жатырмын. Әзірге осы.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Егеухан Мұқамәдиқызы: «Қартаймау үшін миды да жаттықтырып тұру қажет»
Қайырғали Медет: «Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу