Брежнев - ең мықты билеуші

Oinet.kz 11-01-2024 11318

Брежнев жас кезінде қарым-қабілетімен, талантымен ерекшеленбеген сияқты. Соғыс жылдары оның жеке іс парағында «Тек қара жұмыс үшін жаралған. Әскери әдіс-тәсілден ештеңе қақпайды» деп жазылған екен. Қатардағы көп адамның бірі саналған сол Брежнев Кеңес одағын 18 жыл бойы,  1964 жылдан бастап қайтыс болғанша, яғни  1982 жылға дейін басқарды.

Screenshot_16.jpg

КСРО басшыларының ішінде халыққа алғаш рет теледидар арқылы құттықтау жолдаған Л.Брежнев еді. Бас хатшы ретінде ол алғашқы телеқұттықтауды 1970 жылдың 31 желтоқсанында жасаған. 

Брежневтің бір қасиеті сүйіскенді жақсы көрген. Қол алысқан адамын ол қатарынан үш рет сүйеді екен. Қартайған кезінде Брежнев жиналыстарда, тіпті, маңызды келіссөздерде ұйықтап қалатын ауруға ұшырады. Бірде Мәскеуде КСРО, ГДР, Польша, Болгария және Венгрия басшыларының келіссөзі өтті. Брежневтің осы жиындағы әрекеті көпшілікке ыңғайсыздық туғызды. Оның дауыс ырғағы бұзылып, әлденені міңгірлей берді.  Не айтып жатқаны түсініксіз. Көмекшілері одан жиналысты тастап кетуді өтінеді. Осыған құлақ асқан Бас хатшы орнынан тұра берген кезде құлап қала жаздады. Не болар екен деп тықыршып отырған Саяси бюроның мүшелері бұл көрініске бір пәсте шу ете қалды. 

1976 жылдың басында Брежнев клиникалық өлімді бастан кешірді.  Осыдан кейін ол денсаулығынан біржолата айырылды. Оның алып мемлекетті одан әрі басқара алмайтыны айдан анық еді.  Брежнев астения, яғни жүйке дертімен және ми тамырларының атеросклерозымен науқастанды. Сондықтан, тәулігіне екі сағат қана жұмыс істей алды. Қалған уақытта теледидар көретін. Қартайған шағында Бас хатшы тезірек ұйықтау үшін «нембутал» деп аталатын наркотикалық препаратты қабылдап отырған. 

Брежнев бірнеше кітап жазған («Малая земля», «Возрождение», «Целина»). Алайда, өзінің кітаптарын жазуға ол мүлдем қатыспаған. Тіпті, кітапты жазған қаламгерлермен кездесіп, естеліктерін де айтпаған. Кітапты жазу кезінде қаламгерлердің өздері мұрағаттарды ақтарып, Брежневпен бірге жұмыс істеген адамдарды іздеп тапқан.  Кейінірек бұл кітаптар миллиондаған тиражбен таралып, қаламақысы 180 мың сомды құраған. Бас хатшының кітаптары мектеп және жоғары оқу орындарының бағдарламаларына енгізілді. Кітаптарды, сондай-ақ, еңбек ұжымдары қызу талқылап жатты. Брежневтің мемуарларын халық әртісі  Вячеслав Тихонов радиодан оқитын. 

1982 жылдың 23 наурызында Брежнев Ташкенттегі ұшақ шығаратын зауытқа іссапармен барды. Бас хатшы айналасындағы адамдармен бірге кәсіпорынды аралап жүрген. Кенет көп адамды көтере алмаған көпір сынып кетеді.  Брежнев осы бақытсыз оқиға кезінде бұғана сүйегін сындырып алады. Ертеңіне ол Ташкенттегі үлкен салтанатты жиында сөз сөйлеуі тиіс еді. Көмекшілері жиынға қатыспауды қанша жерден өтінгенімен, Брежнев көнбейді. Бас хатшы жұртшылықтың алдына шығып сөйлеген кезде залда отырғандар, кешкісін бұл көріністі теледидардан тамашалағандар түсініксіз жағдайға тап болды.   Брежнев удай мас адам сияқты әрекет жасады. Тілі күрмеліп, қайта-қайта кідіре берді. Өйткені, бұғанағы сынғандықтан ол қатты ауырып тұрған болатын. Дәрігерлер оған ауруды басатын дәрі бергенімен көмектесе алмады. 

1982 жылдың 7 қарашасында Брежнев көпшіліктің алдына соңғы рет шықты. Ленин мавзолейінің қасында тұрып, Қызыл алаңдағы  әскерилердің парадын қабылдады. Оның жағдайының өте ауыр екендігі сырт көзге байқалып тұрған еді. Арада үш күн өткенде ол қайтыс болды. Бұл кезде оның жасы 75-те болатын. 

Брежнев КСРО тарихында «Алтын жұлдызды» бес мәрте иеленген жалғыз адам. Оның біреуі Социалистік Еңбек Ері, төртеуі Кеңес одағының батыры атағы үшін берілген. Сонымен бірге ол Ленин сыйлығын екі рет алған. Алғаш рет 1973 жылы халықтар арасындағы достықты нығайтқаны үшін, екіншісі 1979 жылы әдеби еңбегі бойынша.  

Брежнев «Победа» орденін алған бірден-бір адам. Бұл орден соғыс кезінде өте маңызды стратегиялық операцияларға жетекшілік жасағандарға, фашизмді жеңуге ерекше үлес қосқандарға беріледі. Л.Брежнев соғыс жылдарында саяси мәселелермен шұғылданған. Оның бұл марапатты алуға ешқандай құқығы жоқ еді. 

Кеңес басшыларын  жерлеу рәсімі кезінде табытпен бірге марқұмның наградаларын алып жүру үрдісі болған. Брежневтің 200-ден астам медаль-ордендері бар еді. Жерлеу кезінде оны алып жүру үшін 44 жоғары лауазымды офицер қажет болыпты. 

2013 жылы Ресейде өткен сауалнама қорытындысы бойынша Леонид Ильич Брежнев Ресей тарихындағы ең мықты билеуші ретінде танылған. Екінші орынды Ленин, үшінші орынды Сталин алды. Бұдан кейін орындарда екінші Николай, Хрущев, Ельцин және Горбачев тұр.

Боралдай петроглифтері тастағы тарих
Гитлердің атасы еврей ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу