Данияр Елеусінов мектепте нешінші атаман болған?

Oinet.kz 29-11-2017 1155

Өткен аптада Шымкент қаласында бокстан ересектер арасында Қазақстан біріншілігі өткен болатын. Бұл біріншілікке ел ордасынан арнайы келіп, басы-қасында соңына дейін жүрген Лондон Олимпиадасының жеңімпазы, Мәжіліс депутаты Серік Сәпиев, Рио Олимпиадасында қазақ халқының мерейін тасытқан Данияр Елеусінов және жергілікті боксшы, жақында ғана әлем чемпионы атанған Қайрат Ералиев пен осыдан 4 жыл бұрын Алматыда өткен әлем біріншілігінде чемпион атанған Біржан Жақып «Жастар ресурстық орталығында» Жастар саясаты жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен кездесу өткізді. Кездесу еркін форматта болды. Жастар боксшы ағаларына көкейлерінде жүрген сауалдарды қойды. Боксшылар ешқандай сұрақты жауапсыз қалдырмай, барлығына нақты жауап берді. Біз қызықты әрі өзекті деген сұрақтарды іріктеп берсек: 

Screenshot_10.jpg

– Сіздер биік шыңды бағындыру үшін қандай қиындықтардан өттіңіздер? Өкініштеріңіз бар ма?

Б.Жақып: Кез-келген спортшы мансабында қиындықпен бетпе-бет кездеседі. Әрбір жеңіс өте ауыр қиындықпен келеді. Пекин Олимпиадасына зор дайындықпен барғанда, төрешілер жолымды кесіп, Тайланд боксшысына жеңісті беріп жіберді. Сол кезде өкіндім. Бірақ, өмір онымен тоқтап қалмайды. Ілгері жылжу керек. Сондықтан да, қиындыққа мойымағаны және ең бастысы дайын болғаны жөн.

Д.Елеусінов: Әрине, қиындықсыз ештеңе болмайды. Сүрінесің, құлайсың. Осыған орай, орныңнан тұруың керек. Мысалы, мен Риоға дейін Лондон Олимпиадасына қатыстым. Дәл сол кезде жеңілгенде қатты өкіндім. Бірақ, қазір өкінбеймін. Себебі, сол жеңіліс мені жігерлендірді. Жіберген қателіктерімнен сабақ алдым. Бұл менің келесі Олимпиадада жеңіске жетуіме зор септігін тигізді. Сондықтан да, қателік жібердім деп өкінбей, одан нақты нәтиже шығара білу керек.

– Данияр, сіз келесі Олимпиадаға қатысасыз ба? 

Д.Елеусінов: Мен спорттық мансабымды жалғастырамын. Құдай қаласа, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатсам, қатысып та қалармын. Одан кейін кәсіпқой боксқа ауыссам ба деген ой да бар. 

– Олимпиада шыңына шыққан кезде қандай сезімде болдыңыз?

Д.Елеусінов: Ол сезімді сөзбен айтып жеткізу қиын. Кейде сол сәтті қайтадан бастан кешкім келеді. Сонда ең бірінші жеңіске жеткеніме емес, ел сенімін ақтағаныңа қуандым. Көзіме кілкіп жас та келді. Жаттығу залынан бастап Олимпиада төріне дейін келгендегі бар еңбегің, төккен терің еш кетпегенін түсінгеннен, сол еңбегіңнің жемісін көргеннен артық ешқандай бақыт жоқ.

– Сіздерге жекпе-жек алдында қысым жасалатын ба еді?

Д.Елеусінов: Кішкентай кезімізде қарсыласқа жекпе-жек алдында қысым жасау деген жиі орын алып тұратын. Бірақ, бұл есейген сайын жоғалады. Қарсыластар жекпе-жекке дейін бір-бірін көрмей, рингте бір-ақ кездесуге тырысады.  

– Неге Өзбекстан бокс федерациясының жұмысы біздікінен озық тұр?

Д.Елеусінов: Сұрағыңыз мүлдем дұрыс құрылмады деп есептеймін. Біздің бокс федерациясы Өзбекстан бокс федерациясынан төмен деңгейде жұмыс істеп жатыр деп айтуға мүлдем келмейді. Біздің федерация өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып отыр. Боксшыларға лайықты жағдай жасап, жалақыларын төлеуде.

– Жоқ, мен бокстағы нәтиже жайлы айтып отырмын! 

Б.Жақып: Қазақстан мен Өзбекстан – бұрыннан келе жатқан бокс державалары. Әрине, дәл қазір өзбек боксшыларының қарқыны күшейіп тұр. Әлеуетті боксшылар шоғыры қалыптасты. Бірақ, бұл өтпелі кезең деп ойлаймын. 

С. Сәпиев: Біздің бокс деңгейі жоғарылау!

Әлібек Нұртаев, ОҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: Бокс нәтижесін алып қарайтын болсаңыздар, Қазақстанда Олимпиада ойынында жеңіске жеткен боксшылар саны Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда көп. Медальдар саны бойынша Кубадан кейін Әлем біріншілігі болсын, Олимпиада ойындары болсын, екінші орында Қазақстан тұр. Бүгінде бокста ағаларының орнын баса алатын жас боксшылар өте көп. Мен айтар едім, Токио Олимпиадасында біздің боксшылар өзбек боксшыларынан  міндетті түрде озады. 

– Данияр, Гамбургте өткен Әлем біріншілігінде жеңімпаз атанған өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен қайта жұдырықтассаңыз оны жеңе аласыз ба?

Д.Елеусінов: Әрине, «жоқ жеңе алмаймын» деп айтпаймын ғой. Мен оны Риода финалда жеңдім. Бір ұтқан боксшыны неге екінші рет ұтпасқа?

– Соққыны қаншалықты қабылдай аласыздар?

Д.Елеусінов: Егер соққыны күтпесеңіз, онда 20 келіден ауыр соққы сізді нокаутқа түсіреді. Көбіне күтпеген жерден жұмсалған соққы адамды нокаутқа түсіреді. Ал, соққыны көріп қалсаңыз, онда есеңгіреп қаласыз. Бірақ, құламайсыз. 

– Данияр, сіз мектепте нешінші атаман болдыңыз?

Д.Елеусінов: Мен мектеп табалдырығын аттағаннан бастап көшбасшы болуға ұмтылдым. Егер біреуден жеңіліп қалсам келесі жолы оны міндетті түрде жеңемін деп тырысатынмын.  

– Біржан аға, сіз бүгінде тек ұлдарды жаттықтырасыз. Ел біріншілігінде шәкірттеріңіз жақсы нәтиже көрсетуде. Қыздарды жарысқа қашан дайындайсыз?  

Б.Жақып: Рахмет! Менің спортшы ретінде мол тәжірибем бар деп айта аламын. Ал, бапкерлікке енді қадам бастым. Мен жеңімпаздарды тәрбиелеп шығарғым келеді. Егер уақыт болып жатса, қыздарды да жаттықтыруға дайынмын.  

– Қазақстан футболы туралы жеке пікірлеріңіз? 

С.Сәпиев: Ммм... Қазақ футболы ақырындап көтеріліп келеді. Біздің командалар Еуропаға шығып жатыр. УЕФА-дан бөлек, «Астана» чемпиондар лигасында бақ сынады. Меніңше, алдағы уақытта қазақ футбол деңгейі бұдан да зор деңгейге көтеріледі... Ақырындап... Асықпай...   

– Данияр, сізге жарнама түскеніңізге қанша ақша төлейді? Бұл сұрақты қойған себебім, менің тауарымның жарнамасына түскеніңізді қалаймын.  

Д.Елеусінов: Бағасын айтқым-ақ келіп тұр. Дегенмен, жарнама агентігінің талабы бойынша, мен айта алмаймын. Бұл құпия сақталуы тиіс. Ал, сіздің ұсыныңызға келсек, оны алдымен қарап көру керек. 

– Серік аға, қазақ тілінде қашан жетік сөйлейсіз?

С.Сәпиев: Бұрын қазақ тілінде сөйлей алмайтын едім. Ұлттық құрамаға келгенде Мырзағали Айтжанов мені қазақ тілінде сөйлеуге үйретті. Қазір курстарға барып жүрмін.  

– Қандай қыздар ұнайды? Және отбасыларыңыз жайлы айтсаңыздар? 

С. Сәпиев: Әйелім бар... Үш қызым бар. Әйелім келесісіне жүкті.

Д.Елеусінов: Әп-әдемі болу міндетті емес. Ең бастысы, көзге түсетіндей болғаны абзал. Яғни, менің әйелім сияқты болса болғаны. Дәл қазір біздің 2 жасар ұлымыз бар.

– Шымкентті бір ауыз сөзбен қалай сипаттар едіңіздер?

С.Сәпиев: Шымкентті бір ауыз сөзбен сипаттау мүмкін емес. Шымкент ұнайды. Шымкент өте қонақжай қала. Келген сайын бізді зор қошеметпен қарсы алады. 

Д.Елеусінов: Мұнда ауа-райы да тамаша! Бізде Астанада суық. Онда тоңып жүресіз.  Және ең бастысы, Шымкент қаласы азаматтарының қарапайымдылығы, адамгершілігіне тәнтімін.

Бақытгүл Сәрмекова: «Итбайлар бұрын да болған, әлі де бола береді»
​Мұқан Егізбаев: «Айықтырғыштар жаңа жүйеде жұмыс істейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу