Бақытгүл Сәрмекова: «Итбайлар бұрын да болған, әлі де бола береді»
Бақытгүл Сәрмекова, XX-халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-орын иегері
Осыдан бірер жыл бұрын қайбір жинаққа шыққан қып-қысқа әңгімелерді оқып: «жон арқаңды тіліп түсетін неткен өткір дүние» деп таңданған едік. «Дәу де болса мүйізі қарағайдай біреу жазды ғой» деп авторы жөнінде мәліметті іздестіріп көргенде, таң-тамаша күйде болғанымызды қалай жасырамыз? Білсек, автор нәзік жаратылыс иесі екен. Әрі тым жас. Сонда біз «асыл – тастан, ақыл – жастан шығады» деген рас болғаны ғой деп ой түйдік. Содан бері біз Бақытгүл Сәрмекованың шығармашылығын жіті бақылап жүрдік. Міне, осы уақытқа дейін көлеңкеде жүрген жас жазушы биыл XX-халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестиваліне қатысуға бел буды. Сонда біз шын жүйрік бәйгеге түсті деп қуанған болатынбыз. Онымыз бекер болмапты, Бақытгүлге бас жүлде бұйырмаса да, соған жетеқабыл бірінші орын алып, жүзі жарқырап, нұры тасыды. Іле-шала біз оған хабарласқан едік:
– Бақытгүл, біз сізді «Шабыт» фестивалінде «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болуыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл байқауда бағыңызды сынап көруіңізге не түрткі болды?
– Рахмет! Өзімді әдебиеттегі орны бар адамдай сезініп, конкурсқа қатысуым бірінші рет. Осы уақытқа дейін менің шығармаларыммен таныс құрбы-құрдас, тамыр-таныстарым қатысып көр деп ұсыныс жасап жүрді. Бұрыннан бері әдебиет байқауларында жүлде алған шығармаларды оқып, өзімдікімен салыстырып та көрдім. Көп айырмашылық байқамаған соң, менің де қатысуыма болатын шығар деп шештім. Себебі бір-бірін қолпаштап, бір-біріне сын жазып жүрген әдебиетші қауымды өзімнен артық көріп, байқауларға қатысуға, тіпті жазушы деген атақты иемденуге жүрексінетінмін. Ұзақ уақыт жазбай жүрсең сыртта жуынды құйылмаған иттей жетімсіреп, өзіңе бір назар аударуды қажет ететін кездер де болады. Осы күйде жүргенімде байқауға қатысу туралы ұсынысты ақыры қабылдадым.
– Биыл «Үздік әдеби шығарма» номинациясына жасөспірімдерге арналған дүниелер қабылданған екен. Расында қазақ әдебиетінде дәл осы буынға арналған заманауи әдебиет әлі қалыптаса қоймаған секілді. Сіз өзіңіздің бала кезіңізді, жасөспірім шағыңызды еске алыңызшы. Сол кезде қандай кітап оқығыңыз келді? Ойыңыздағы кітапты таба алмай «Әттең, неге осы тақырыпта әдеби дүниелер жазылмайды екен?» деп сан соққан сәтіңіз болды ма?
– Балалар мен жасөспірімдер әдебиеті деп бөлмесе Гран-при алар ма едім деп әзілдеймін кейде. Себебі, бұл тақырып мен үшін қиын, қазіргі баланың не ойлайтынын, не сезінетінін білмейді екенмін. Менің бала кезімді жазсам оларды қызықтыра алмаймын, тоқсаныншы жылдардағы қиын кездер, бала болсақ та саудаға араласу, миын арақ жеген әкемен алысу, кәмпитті түсіңде көру, бар арманың - банкир болып, ақшаны күреп табу сияқты сол кездің ойларын қағазға түсірсем, қазіргі балаларға ол түсініксіз болар еді.
Негізі балалар үлкендерге арналған кітапты да бөле жармай оқиды. Мен өзім 3-сыныпта-ақ анайы көріністер қаптаған "Мың бір түн" кітабының бірнеше томын ұрланып оқып тауысқанмын. Бала да, жасөспірім де кез келген кітапты оқи алады, кітапқұмар болса. Тек оқи отырып жас ерекшелігіне қарай әртүрлі түйсініп, әртүрлі қорытынды жасайды. Жасөспірім мен үлкендерге арналған әдебиет бір болуы керек.
Қазіргі кездің балаларын не қызықтыруы мүмкін? Мысалы мені «Дымбілместің саяхаттары» таңдандырды, ал қазіргі балалардың ол көріністер күнде көз алдында өтіп жатқан дүние, қызықпауы мүмкін. Ойлану керек бұл сұраққа.
– Бақытгүл, «Шабыт» фестиваліне қайта оралсақ. Фестиваль қалай өтті, ол жөнінде көпшілік біле бермейді. Әдебиет саласындағы жаңалықтарды жіті бақылап отыратын біз де биылғы фестиваль жөнінде құрғақ мәліметтерді естумен шектелдік. Сонымен, «Шабыт» қалай өтті?
– Шабыт қалай өтті, жүлде қалай бөлінді, өзім де сезіне алмай қалдым. Елге келген соң жерлестерім мені қолпаштап, төбелеріне көтере қуанған соң ба, үлкен бір іс бітірдім бе деген ойда әлі жүрмін. Шынымды айтсам, әдебиет қазанында қайнап жүрген жазушыларға қарағанда менікі жай еркелік. Байқауда жүлдені иемденіп кеткенде ішімде бір қыжыл болды: біреудің обалына қалмадым ба, бұл орынның иесі басқа біреу ме еді деген. Қазылар сатылады, жүлдені өзара бөліседі деген сыбысты да естідім. Жүлдеге берілген ақшаның жартысын біреуі сұрап қалар, жаратпай тұра тұрайын деген күдігім де болды. Бірақ, бір апта өтті, менен ешкім ештеме сұрамады.
Мұнда бас жүлде игері Қанат Әбілқайыр қалыптасқан жазушы, өз бағасын әлдеқашан алған адам конкурсқа неге қатысады деген сөздер де болды. «Өз заманында қатарластарымен «Шабытта» жеңіске жетсе қайда қалды?» дейтіндер де табылар, бірақ екеуміздің жасымыз шамалас екен, демек ерте танылып кеткені үшін жазықты емес шығар. Сондықтан фестиваль жүлдесінің бөлінуіне күмәнмен қарау жөнсіз. Қанат бас жүлдеге әбден лайық, оған талас болмауы керек.
– Совет Одағы кезінен қалған стереотип пе, көпшілік ақын-жазушыларды кіршіксіз жан ретінде елестетеді. Әйтсе де, сіздің «Ақындардан жерінуіңізде» талапты жас қызға кездейсоқ танысқан даңқты ақын Итбай «көкесі» жол ашып беремін деп арам пиғылын іске асырады. Осының салдарынан әңгімедегі кейіпкер қыз ардың ісінде (әдебиетте) жүрген арсыздардан жерініп кетеді. Бізде Итбай секілді әдебиетті ластап жүргендер көп пе?
– Әрине Итбайлар көп, олар бұрын да болған, алдағы уақытта да бола береді. Себебі, еркек пен әйел қатар өмір сүрген қоғамда нәпсіге құл болған Итбайлар ешқашан жойылмайды. Өзіме кезіккен Итбайға алғысым шексіз! Астында ақ бөлкедей иленіп қалмасам да, әйтеуір дос пен қасты айыратын xалге жеткізді ғой.
Итбайлар тек жазушыдан шығады деу жаңсақ пікір. Керек болса, Итбайлар дәрігерлер, мұғалімдер, түрлі басқарма, департамент, комитеттердегі шенеуіктер арасынан да, жалпы барлық жерден табылады. Қайталап айтамын, еркек пен әйел бар кезде бәрібір тән құмарлығы туындайды. Тек, адамдардың ерік-жігері, өзін-өзі бағалауы жоғары болсын, арын сақтасын. «Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дегенді де естен шығармаған абзал.
Бұл жерде біреуді жерден алып, жерге салғым келмейді. Мен кіршіксіз періште емеспін ғой. Адам деген ет пен сүйектен жаралған пенде. «Өйту керек, бүйту керек» деп ақылсынғаным жарамас. Мысалы, бәлкім еркек боп туғанымда, мен де Итбайлар санын көбейтер ме едім? Сондықтан Итбайларды өзектен теуіп, оңбаған деп көзден шұқу қажет емес.
– «Түйебайыңызды» оқып, тәлкек болған қыз тағдыры үшін жүрегіміз ауырды. Мұнда Айбикені өзі сүймейтін, керісінше, жек көретін адамы алып қашады. Ал, «Орынкүлде» еркек атаулыдан зәбір көрген нәзік қыз жүрегі қатайып, өмірге бей-жай қарап, бар ойын көк қағаз жаулап алады.
– Абылай, бұл шығармалар бір уақытта жазылды, бір күймен, бір сезіммен. Мүмкін сол уақытта өзімді әйел ретінде әлсіз сезінген шығармын. Мен тұрақты адам емеспін, көңіл-күйім, көзқарасым, талғамым жиі өзгереді. Кейіпкерлерім өзіммен бірге өсіп келеді. Бір кездері әйел бойындағы аңғалдықты, тәлкек болған тағдырларын жазсам, қазір әйелге табынған, соған арбалған бейшара еркектер туралы жазуым мүмкін.
– Шын ақын-жазушы күй таңдамай-ақ шедевр тудыра алады дегенге сенесіз бе?
– Жұмыстан кейінгі уақыт құзыры өзімде, қанша әңгіме жазсам да ешкім қолымнан қақпас еді. Мысалы, көшедегі әр құбылыс, әр адам шығармаға бір-бір идея, бір-бір кейіпкер. Бірақ, өзімнің еріншектігімді, енжарлығымды жеңе алмай жүрмін. Мүмкін, әлі әдебиет жауапкершілігін сезіне алмай жүрмін, мүмкін өзім жүрексінемін. Салмақты дүниелер жазуға қауқарым жетпей қалып, ортаңқол жазушы, кітабы өтпейтін, мылжыңдап ана-мына жиындарда дәмі жоқ сөз айтатын кейбіреулер сияқты болып қалудан қашып, өзіме жазушы деген атақты иемденуден қорқып жүрген де шығармын.
– Сынды қалай қабылдайсыз? Сіздің шығармашылығыңызды сынағандар болды ма?
– Орынды сын болса, сын айтуға құқылы адам болса әрине қабылдаймын. Сын аз айтылса да жаман, өспейсің. Тіпті, сын мүлдем айтылмаса, қызды-қыздымен өзіңді классик санап кетесің. Ал, мақтау айтылса өтірік қолтығыма су бүркіп, мені ақымақ санап тұр ма деп ойлаймын. Сыналмай қалса шығармаң жетім қалады. Шығармаларымды алдымен Ерболат Әбікенұлы оқып, пікірін айтады. Ол кісі барды бар, жоқты жоқ деп шынын айтады. Жалғандықтан ада. Бірақ, оның сынынан әлі қорытынды шығармадым. Бәрі де сол енжарлықтан.
Мен әлі өзімді әдебиет ортасындағы адам ретінде сезініп жүрген жоқпын. Айдалада шырағы жанып тұрған әдебиет үйінің терезесінен ғана сығалап жүрмін. Қарашығыма сыйған терезе сыртынан көрген көріністерді ғана тоқып, соны жазудамын. Сондықтан да, өзім сияқты үй торуылдап, сыртта жүргендер айтқан сынды қабылдамаймын.
– Бақытгүл, айтыңызшы, сізді не алаңдатады? Өміріңізді шығармашылықпен байланыстыра аласыз ба?
– Бұл сұраққа жауап бермей-ақ қойсам ренжімессіз. Кейбір құбылыстар әсер етеді, соны қағазға түсіремін. Соңғы 2-3 жылда әңгіме тектес бірдемелер жазып, елеусіз ғана көшке ілесе шапқаным сияқты, елеусіз ғана шығармашылықтан қол үзіп, бір күні мүлде басқа арнада, басқа кәсіппен, тірлікпен шұғылданып жүруім мүмкін. Мүмкін өзгенің шашын қиып, мүмкін аспаз болып, тіпті, есепші болып кетуім де мүмкін. Сұxбаттың басында айтқан шығармын тұрақсыз адаммын деп, тез өзгеріп кетемін, ешқандай үлкен жауапкершілікті мойыныма жүктегім келмейді, жауапкершілік деген кейде қарғыбау сияқты, мойынына байланады да, байлаулы ит сияқты күн кешесің. Кейде сүйек лақтырса мәз боласың, кейде ит аяғың күнге кеуіп қалса өкпелейсің. Жалт бұрылып кетіп қалуға мұрша жоқ, себебі мойыныңда үлкен жауапкершілік тұрады. Мен содан қашамын.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай