Нұрлан Архабаев: «Отандық құрылыс материалдары шетелдікінен қымбат болып тұр»
Нұрлан Архабаев, Шымкент қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы
Соңғы уақытта Шымкент қаласында құрылыс кең қарқын алып келеді. Оның ішінде мемлекеттік бағдарламаға сәйкес салынатын тұрғын үй құрылысы басты назарда. Дегенмен, құрылыс жұмысында жеткен жетістіктермен қатар, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оның анық-қанығын білу мақсатында Шымкент қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрлан Төлепбергенұлымен арнайы жолығып, әңгімеге тартқан едік.
- Нұрлан Төлепбергенұлы, құрылыс саламын, үй тұрғызамын деген жұрт сіздерге арызданады. Алайда қалада бүгінде жер тапшылығы байқалады. Осы турасында айтып өтсеңіз?
- Шымкент қаласының бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Елбасының ерекше назарындағы Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис атануына жан-жақты лайық болу үшін Төлеби, Сайрам, Ордабасы аудандарынан бірнеше ауылдар қаланың аумағына еніп, 2013-2014 жылдары 40 мың гектар жер көлемі 117 мыңға ұлғайды. Яғни шаһарымыздың көлемі 3 есе артты. Бұл халыққа беретін жер көлемінің артқанын білдіреді. Бас жоспарға сәйкес аудандардан қосылған ауыл шаруашылық мақсатындағы жер телімдеріне сигментация жасалынып, құрылыс нысандарын салуға жекеменшікке бөлініп қойған. Қазіргі уақытта 100 пайыз құрылыс салынуы керек жер телімдерінің 80 пайызында құрылыс нысандары бой көтеріп жатыр. Сонда да халықтың көптігінен 8 соттықтан үлестіруге тиесілі жер телімдері әлі аз болып тұр. Кейбір мемлекеттің меншігіндегі жер телімдері құрылыс салуға қолайсыз немесе құрылыс жүргізуге тиым салынған аумақтар болып отыр.Осыған сәйкес қалада жер тапшылығы байқалады.
- Үшінші мегаполис атанудан үмітті шаһарымыз дамып келеді, жаңа нысандар салынып жатыр, осыған орай бас жоспарға қандай өзгерістер енгізілді? Жалпы әкім ауысқан кезде қаланың бас жоспары ауысатын үрдіс қалыптасқан. Әрине бұл ырғақты тірлікке кері әсерін тигізеді.
- Әкімдер арасында ауыс-түйіс болған жағдайда қаланың бас жоспары ауысады дегенге келіспеймін. 2012 жылы қабылданған бас жоспарды өзгерту механизмі қиын. Ал, бас жоспардың негізінде қаладағы кейбір аумақтың жобасы өзгереді дегенге келісемін.Көп жағдайда әкімдер құрылыс салынатын кейбір аумақтың жобасын өзгертеді. Ол аумақ жаңа технологияларды алып келетін, әрі қаланың сәулетіне шырай беретін жобаға алмастыруы мүмкін. Мәселен солтүстік бағытта орналасқан«Шымкент-сити» жобасы салынып жатқан аумақ бас жоспарда да көп қабатты тұрғын үйлер салынатын жер ретінде көрсетілген. Жоба шаһар ішіндегі инфақұрылымы дамыған көпқабатты ауданға айналуы тиіс. Қалашық 70 мыңға жуық тұрғынға есептелген, 370 үй соғылады. 9 және 16 қабаттан тұратын баспаналардың ортасында саябақ орналастыру жоспарланды.Инфақұрылымдарды тарту жұмыстары да жоғары деңгейде. Алайда, қалашықтың құрылысында да біраз қиындықтар болуда. Қаланың солтүстік аумағының дамуына қажетті жоғары кернеулі электр подстанциясын салушы мердігер компаниялармен келіспеушіліктер орын алған. Соның салдарынан құрылыс баяу жүріп жатыр.
Байқасаңыздар Шымкентте 70 пайыз жеке үйлер болса, 30 пайызы көп қабатты тұрғын үйлер. Ал, қалада керісінше көп қабатты тұрғын үйлер саны көп болуы тиіс. Сондықтан бас жоспарда көп қабатты тұрғый үйлерге ден қойылған. Осы орайда «Ескі қаланы» жаңғырту, абаттандыру және қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Бір мектеп, екі балабақша салынатын болады. Сонымен қатар Қошқар ата өзені маңайындағы ескі үйлерді бұзып, осы ауданды көркейтуге қатысты «Жаңарту» бағдарламасы қабылданған. Құрылыс 2018 жылы басталмақ және бағдарлама іске асырылу үшін үш кезеңнен өтілуі тиіс. Бірінші кезеңде жалпы аумағы 8536 ш.м құрайтын 169 жеке тұрғын үйлерді бұзу жоспарлануда. Ол аймаққа 27 көп қабатты үйден құралатын 1818 пәтер салынады. Екінші кезеңде аумағы 6132 ш.м құрайтын, 116 жеке тұрғын үйлер сүріліп, оның орнына 26 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталады. Үшінші кезеңде аумағы 8583 ш.м құрайтын 135 жеке тұрғын уйлер сүріліп, жаңадан 8 көп қабатты тұрғын үй салынады. Жалпы жоғарыда аталып өткен үш жоба қаланың бас жоспарындағы жүзеге асатын ауқымды жобалардың бірі. Сәулетті, зәулім ғимараттар қаланың көркін ажарландыра түсетініне сенімім мол.
- Қаңырап бос тұрған үйлер, кейбір ретсіз салынған құрылыс нысандары қала көркіне нұқсан келтіретіні белгілі. Заңсыз салынған нысан иелерін жауапкершілікке тарту жұмыстары қалай жүргізіледі?
- 2016 жылы облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының қолдауымен құрылыстағы заң талаптарының бұзылуы байқалатын нысан иелерін жауапқа тарту мәселесі қарқынды жүрді. Соның арқасында биылғы бұл факті 250-ді көрсетіп тұр. Бұл былтырғымен салыстырғанда аз. Бұдан бөлек қаланың басты көшелері қатаң қадағалануға алынған. Қалада құрылыс нысанын саламын деушілер тәртіп бойынша біздің мекемеден алынған сәулетті жоспарлау тапсырмасына (СЖТ ) сәйкес жобалау жүргізіп оны құзырлы мекемеден сараптамадан өткізіп, содан кейін ғана құрылыс жүргізуі қажет. Көп жағдайда тұрғындар тәртіпке бағынбай құрылыс нысандарын салып алады. Құрылыс нормаларын бұзуды тоқтату мақсатында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасымен бірге сотқа береміз, біріне айыппұл саламыз. Алайда құрылыс нормаларының талаптарын сәйкестендіру оңайға соқпай тұр.
- Қала тұрғындары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен салынған пәтерлердің сапасына көңілдері толмай жатады. Сіз осы саланың маманы ретінде бұл пікірмен қаншалықты келісесіз? Құрылыс нысандарының сапасына қаншалықты көңіл бөледі, әлде басты мақсат нысанды уақытылы өткізу ғана ма?
- Керемет деп айтсам өтірік болар еді. Себебі халықты алдау мүмкін емес. Халық жәйден-жәй ешнәрсені айтпайтын шығар. 2016 жылға дейін мемлекеттік мекемелер тарапынан құрылыстың сапасын сүзгіден өткізетін арнайы комиссия құрылып солар нысанды қабылдап алатын.Қазір біз қабылдау процесіне қатыспаймыз. Былтырғы қаңтар айынан қабылдауға мемлекеттік мекемелер қатыспайды. Қазір жаңадан бой көтерген нысандарды қабылдауға бірінші тапсырыс беруші, екінші техникалық қадағалаушы, үшінші авторлық қадағалаушы және төртінші мердігер мекеме қатысады. Сонымен қатар құрылыс жүріп жатқанда Сәулет және құрылыс басқармасы қадағалап отырады. Бір ғана мемлекеттік мекеме құрылыс жұмыстарын қадағалағаннан кейін құрылыстың сапасы да төмен болады деп ойлаймын. Сондықтан негізгі жауапкершілік құрылысты жүргізетін мердігер компания басшыларының сана сезіміне байланысты. Кез келген құрылысқа қандайда бір қатысы бар жауапты тұлғалар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Басты мақсат – ол абырой. Ал компания абройының биік тұруы ол – құрылыстың сапалы, уақытылы жүргізілуі. Дамыған елдерде компаниялар беделіне нұқсан келтірмес үшін барлық жағдайды жасайды. Бәсекелестерін озу үшін сапалы құрылысқа ден қояды. Сапалы, уақытылы өткізген құрылыс компаниялары қашан да сұранысқа ие. Біз де сол дәрежеге жетуіміз керек. Сол кезде құрылыстың сапасы да жоғарылайды.
- Құрылыс барысында отандық материалдарды қолданасыздар ма? Олардың сапасы жайлы не айтасыз?
- Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарлама бойынша салынатын нысандарға отандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдану міндеті жүктелген. Осы орайда, Үкіметтік деңгейде қабылдаған «Қолжетімді баспана — 2020» және «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын дамыту» бағдарламалары мен ірі жобалар ел аумағындағы құрылыс материалдарын өндіретін компанияларға тың серпіліс беріп отыр. Елімізде цемент, бетон бұйымдары, қабырғалық және жылу сақтайтын материалдар, гипс, таскендiр, арматура, гипстi картон, қиыршық тас, құм сынды құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған.Ал, сапалы сыртқы әрлеу құрылыс материалдары әлі де жолға қойылмаған. Соның салдарынан шетелден құрылыс материалдарын алуға тура келеді.Дегенмен де отандық құрылыс материалдары құнының шетелдердің арзан импортымен салыстырғанда қымбат болып тұр.Арғы жағы айтпаса да түсінікті.
Әңгімелескен Дана Сүлейменова