Қазыбек Боранов: «​Бапкеріміз бізді кітап оқыту арқылы тәрбиеледі»

Oinet.kz 29-11-2017 896

Screenshot_4.jpg

Қазыбек Боранов, таэквондодан Қазақстан біріншілігінің күміс медаль иегері

Шардара қаласында дүниеге келген жас таэквондошы, қара белбеуден бірінші дан иегері, спорт шебері, Шымкент әлеуметтік-педагогикалық университетінің студенті Қазыбек 2012 жылы «Russia Open» халықаралық турнирінде 2-орын, одан кейінгі жылдары «Fujairah open» турнирінде 3-орын, «Ukraine open» жарысында 1-орын, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде 2-орын, ересектер арасындағы Қазақстан біріншілігінде 2014 жылы 1-орын, 2015 жылы  3-орын, 2016 жылы 2-орынға ие болды. Енді кезекті ел біріншілігі келесі аптада Астанада өтпек. Бүгінде Қазыбек осы жарысқа қызу дайындық үстінде. Себебі, бұл біріншілікте оған бірінші орын алу аса маңызды. Құдай қолдап жеңіс тұғырынан көрінсе, оған даңғыл жол ашылады. Яғни, Азия және Әлем біріншілігіне қатысу мүмкіндігіне ие болмақ. Ары қарай Олимпиада жолдамасына таласып көреді. 

Біз кешкісін тынбай жаттығу жасап жүрген Қазыбекпен сөйлестік. Көкейде жүрген сұрақтарды қойдық. Бұған қарапайымдылықты кредо етіп ұстанған жігерлі жігіт нақты жауап берді:       

– «Неге спортқа неге кеш келдің?» деп менен себебін сұрайтындар аз емес, - дейді Қазыбек. – Дегенмен, меніңше бұл соншалықты таң қалатын нәрсе емес. Қатарластарым секілді мен спортқа ес білген шағымнан бастап қатыспадым. Есейе келе 8-ші сыныпта қызықтым. Өтпелі кезеңде қара күші бойына сыймаған жасөспірімдер әрдеңеге бір ұрынады емес пе? Қыза-қыза қылмыс жасауға дейін баратындар да кездесіп қалып жатады. Соңы жақсылыққа апармайтыны айтпаса да түсінікті. Мұндайды жиі естіп-білген, көрген соң, сол кезеңде спортты таңдадым. Көбіне жекпе-жекке аңсарым ауды. Мойындау керек, жасөспірімдер көбіне ой емес, бой жарыстырып жатады. Мұның себебі тым қарапайым. Жалпы, ер жігітке өз-өзін қорғай білгені аса маңызды. Мұндай жігіттер өз-өзіне сенімді болады. Өз-өзіне сенімді азаматта өзіндік пікір болады. Ол кез-келген ортада өзін еркін ұстайды. «Анау не дейді екен? Мынау ше?» деп пікірін ашық білдіруде ешкімнен қорықпайды. Спорт – адамды бойындағы комплекстен арылтады. Спорт – демократ азаматтарды тәрбиелеп шығаратын құрал десем болады. 

Сондықтан да, әрбір қазақ баласы спортпен айналысса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын. «Кешіктім» деп ойлауға мүлдем болмайды. Бұлай деу – қате ой, жаңсақ пікір. Спортпен айналысу – ешқашан кеш емес. Ең бастысы, талабың болса болғаны. Спортқа ерте келгеніңмен, бірақ, бармақтай бағыңа қоса таудай талабың болмаса ешқандай жетістікке жете алмайды екенсің. Өзіңді де, өзгені де әурелейсің.   

Алғашқыда бокс үйірмесіне қатыспақ болдым. Бірақ, біздің қалада бокс үйірмесі баяғыдан бері бар болғасын, ондағы боксшылар санында қисап жоқ еді. Бәсекелестікке төтеп бере аламын ба деген қорқыныш болғанын жасырмаймын. Ойлана келе, бокстан бір мысқал кем емес таэквондоны таңдадым. Өз-өзімді шыңдау үшін 9-сыныпты бітіргесін, Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектебіне ауыстым. Мұнда жаттықтырушым – Давранбек Ризаев болды. Бұл кісіге мен мәңгі қарыздармын десем болады. Ол біздің жан-жақты болғанымызды қалады. Яғни, бізге тек дене жаттығуымен шектеліп қалмай, сапалы білім алуымызға баса мән берді. «Кітап оқыңдар. Қалың кітапты соңына дейін оқу – сабырлы болуға тәрбиелейді» деп айтатын. 

Барлық спортшы секілді менің де  Олимпиадаға қатысып, бағымды сынап көргім келеді. Оған қазірден бастап ұпай жинауды бастап кеттік. Дәл қазір менің қоржынымда 30 ұпай бар. Бұл ұпаймен мен әлемдік рейтингте шамамен 80-ші орында тұрмын. Егер үздік 10-дыққа енсем, онда Олимпиада жолдамасы қалтамда десе болады. Мысалы, J-1, J-2 дәрежелі «Open» турнирлерінде  қарсылас шақ келтірмесең, 10, 20 ұпайға ие боласың. Ал, енді Азия біріншілігі, Әлем біріншіліктерінде жеңіс тұғырынан көрінсең, онда сәйкесінше 80, 120 ұпайды қанжыға байлайсың. Көріп тұрғаныңыздай, Әлем біріншілігі – J-12 дәрежелі жарыс. Бұл біз үшін дәрежесі ең жоғары жарыс десек болады. «Open» турнирлерге әр мемлекеттен бір салмақ дәрежесінде 5 таэквондошыға дейін қатысса, біріншіліктерде тек 1 ғана таэквондошы бағын сынай алады. Сондықтан да, фавориттер көбіне халықаралық турнирлерде қатыспай, бар күшін маңызы зор біріншіліктерге сарп етеді. Ұпайды «дорбалап» емес, «арбалап» жинағанды құп көреді. Бұл бір жағы дұрыс та. Себебі, әрбір жарысқа қаншама энергия жұмсайсың. Қайта қалыпқа келуге біраз уақыт керек. 

Рейтингте үздіктер қатарынан көріне алмасаң, лицензиялы жарыстар болады. Мұнда Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Осыған орай, бәсеке де өте тартысты өтеді. Мұнда көбіне бағы жанғандар жолдамаға ие болады. Осыны ескере келе, таэквондошыға ұпай жинау арқылы Олимпиада жолдамасына ие болған ұтымды. Әрине, ол үшін қайтпас қайсарлық, шексіз шыдам керек.  

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Ерболат Әбікенұлы, жазушы: «Қазақ қоғамы – даңғазалыққа бой алдырып кеткендей»
​Нұрлан Архабаев: «Отандық құрылыс материалдары шетелдікінен қымбат болып тұр»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу