Ерболат Әбікенұлы, жазушы: «Қазақ қоғамы – даңғазалыққа бой алдырып кеткендей»

Oinet.kz 29-11-2017 4445

Screenshot_3.jpg

Ерболат Әбікенұлы – «Министр» кітабымен әдебиет әлемінде өз орнын тауып үлгерді. Оның ащы мысқылмен жазылған әңгімелері  қазіргі қоғамдағы қалтарыс пен бұлтарысты аяусыз әшкерелейді. Алыстағы тау биік көрінеді емес пе? Ерболат сол тауға жақындап, етегіндегі сай-жыраға, басындағы құз-жарға үңіліп, тау расында биік пе, әлде аласа ма, соны ажыратып береді. Әбден ақбас шыңға тамсана қарап үйренген оқырманға қойнауда жасырулы жатқан шындықты ашып көрсетеді. Сондайда шындық шырылдап сала береді. Бұған біз «Минстрді» оқи отырып көз жеткіздік. Жақында біз кітап авторымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– «Кіші ғылыми қызметкеріңіз» өте ащы жазылған. Әңгімені оқып отырып, мүйізі қарағайдай ғалымдардан жерініп кеттік. Әсіресе, ассистентіне өзінің мақаласы шыққан «Дамыған ел» газетін алдыртып, оны бәсекелес әріптестерінің кабинеттерінің алдына тастап, «мәссаған, бұл газетті кім әкелген? Мың болғыр!» деп өтірік білмегенсіп жүретін көрініс әлі көз алдымызда. Ғалымдарымыздың сиқы осындай болса, елімізде ғылым қашан дамиды?

– Менің білетінім біздегі әдебиет зерттеу ғылымы дерттенген, иістенген, Сәбет үкіметі жасап берген мүгедек ғылым. Жазушының өмірі мен шығармашылығын ғана зерттейтін ғылым. Айталық, әйгілі жазушыны ғасырға жуық зерттеген ғылыми мекемелер бар. Одан не шықты? Түк те шыққан жоқ. Зерттеген жазушыларын әлемге таныта да алған жоқ. Оның орнына көркем аударма орталықтарын көбейту керек. Мәселен, ағылшын, қытай, жапон, түрік тағы басқа тілдерге көркем аударма жасайтын мамандарды дайындап, әдебиетті әлемге насихаттау керек еді. Бұл жағынан тым кеш қалдық. 

Жаңағы әдебиет зерттегіштеріңнің өзінің кітап оқымайтынына толық дәлелім бар. Әдебиет зерттегіштердің мекемесінде мен біраз жыл жұмыс істегем. Кітап оқитын бірді-екілі ғана адамдарды көзім шалған. Жұмыста таңертенен кешке дейін бос отырасың. Кіші ғылыми қызметкердің бір жолғы жобасы не бары 16 бет қана көшірме мақала. Мұны ол бейшара үш жыл бойы езгілейді. Жас ғалым деген дардай атағы бар ғой! Басқа кезде не істейді. Мекеменің кітап, жиһаз, сейф, құжаттарын тасиды. «Менің міндетім ғылым ашу, қара жұмыс істеу емес» деп айта алмайды. Бұл қайдан келген кітап дейсің ғой! Қайтсем атымды шығарам деп ерігіп жүргендер, үйде отырып қалған зейнеткерлер, аяқ астынан жазушы болғандар, жазушы болғысы келгендер барлығы сол мекемеге келіп, 50, 60, 70 80, 90, 100 жылдықтарын тойлайтын немесе шығарған кітабының тұсаукесерін өткізетін жаман әдеттері бар. Сонда сол оқылмайтын кітаптарды кім тасиды? Әрине, кіші ғылыми қызметкер тасиды. 

Кабинетте бірнеше рет тіземе қойып тығып кітап оқығаным бар. Соның өзінде «бұл кітап оқитын мекеме емес, бұл әдебиетті зерттейтін мекеме бұдан кейін кітап оқушы болма!» - деген ескерту алғам. Бұл деген малту үйренесің бірақ көлге емес ауаға малтисың деген сөз емес пе? 

Мен ешбір кітабы, ешбір мақаласы жоқ, сөйте тұра, барлық атақты алған, барлық жетістікке жеткен, барлық мықты жерде жұмыс істеген, бірақ ең соңғы, ең мықты атақты ала алмай мысы құрып жаны шырқыраған ғалымды, оның көзіндегі қасіретке толы мұңды көрдім. Мен қоғамда ешбір салмағы жоқ, ешкім танымайтын, ешкім мойындамайтын тындырған ештеңесі жоқ (өз түсінігі бойынша) ғалымды көрдім. Мен еш талғамсыз бүкіл қазақ әдебиетін, жертөлелердегі тозығы жетіп иістенген қазақ қаламгерлерінің ескі кітаптарын (өзінше түгел классика деп түсінеді) түгел оқыған, бірақ, әлем әдебиетінен еш хабары жоқ сорлыны көрдім. Зейнет жасына жете алмай жұмыстан қай күні қысқарып қалады екем деп өз көлеңкесінен өзі қорқып жүрген докторды, өз мақаласы шыққан «Дамыған ел» газетін, дүңгіршек ашылар-ашылмастан кіші ғылыми қызметкерді жіберіп,  алдырып, ең алдымен директорға апарып көрсететін профессорды көрдім. Сосын «Кіші ғылыми қызметкер» әңгімесі дүниеге келді.

– Жазушы Аягүл Мантаева «Шынымды айтсам, әдебиеттегі «өте оптимистер» жазған шығармаларда жасандылық пен жалғандық басым. Отаншылдық сезіммен гөрі жалған ұран басым» деп еді соңғы сұхбатында. Бұл «Қазақ хандығына – 550 жыл», «Тәуелсіздкке – 25 жыл» сынды әдеби байқауларға арналып жазылған шығармаларға қаратып айтылса керек. 

– Оптимистер дегеннен көрі халтурщиктер деген дұрыс болар. Жақында бір діни ұйым әдеби конкурс ұйымдастырды. Кейін нәтижесі шықты. Аты-жөні белгісіз авторлардың шығармалары жүлде алыпты. Шығармаларының атынан ат үркеді: «Жақсылық жасауды ұмытпа!», «қырқына шыдадың, қырық біріне де шыда» деген бірдеңелер екен. 

Меніңше, ең бірінші кезекте көркем шығармаға адамзаттың тағдыры, адамзаттың мәселесі тұрғысынан қарау керек. Ұлттық бояу деген ол басқа мәселе. Бір авторда сол ұлттың иісі шығып тұруы мүмкін. Бірақ ол айналып кеп және де адамзаттың, адам деген ұғымның сырын, ішкі жан дүниесін ашуы керек. Ұлттық бояу беру керек деп этнографиялық элементтерді тықпалай берсең ол халтура болады. 

Ал, әлгі «Тәуелсіздікке 25 жыл», «Қазақ хандығына 550 жыл» деп мүшайра өткізгендерге, және демеген кәсіпкерлерге рақмет. Бірақ, әдебиетті тарихқа айналдырып, жалған ұран, жалған айғай қылып қоюудың қажеті жоқ. Сәбет үкіметінің құлағаны, келмеске кеткені кейде есімізден шығарып кететін сыңайлы. Сәбет үкіметінің адамы қаһарман, Сәбет үкіметінің қойшылары қасқырдан қорықпайды, малы боранда өлмейді, қойлары егізден табады, Сәбет үкіметінің адамдары тек қана жеңіске жетеді деген мылжыңды әдебиетке тықпалаудың қажеті жоқ. Кейіпкерлерді кілең жеңіске жеткізе берудің де шегі бар. 

Егер біз Қазақ хандығын құрған кезді, жоңғарлармен шабысқан кезді, жалпы, өткенді пафоспен көзбен көргендей суреттесек. Қылышын жалаңдатқан батырлар бәрін қырып, хандардың мерейлері жиі тасыса. Онда мұндай шығарманың болашағы бұлыңғыр. Хемингуэйдің «өзі соғысқа бармаған, бірақ соғыс туралы жазған жазушыны иттің етінен жек көрем» дейтіні бар. Хемингуэй өзі дүниежүізлік бірінші, екінші соғысқа, сондай-ақ Испаниядағы азамат соғысына қатысқан. Сөйте тұра соғыс туралы жазбаған («Қош бол, майдан» мүлдем басқа тақырыпта). Ал біз батырларымызды ұрандатып, айғайлатып қоямыз.

– Бүгінде фонограммаға арқа сүйеген әншілер көкке қалықтап, руханият саласындағы азаматтар жер бауырлап қалды. Көпшілік дүрмекке еріп, руханиятты керек етпей тұр. Біздегі бай-манаптар жылтырақпен мақтанса, ағылшын байлары жинаған кітаптарымен, өнер туындыларымен тоқмейілсиді екен. 

– Еуропаның халқы бес минут бос уақыты шыға қалса кітап оқиды. Біздеі көше-көшеде арақ-шарап, темекі сататын дүңгіршектер қалай көп болса, оларда сондай кітап сататын кітап дүкендері солай көп екен.  Біз бұл жағынан ғасырлап артта қалдық. Біздің қоғам «ғапылдыққа» белшесінен батқан қоғам. Дін ғұламалары кезінде әлемді билеген мұсылмандардың бүгін артта қалу себебі - надандығы, кедейлігі, алауыздығы дейді ғой! Мұның бәрі қазір қазақ халқының басында бар жағдай. Дарақылық деген кедейлік демегенде не? 

Қазекең байыса, той жасап, қос-қостан көлік алып, коттедж салып, дарақылыққа жол беріп жатады. Ал, Еуропадағы байларыңыз біздегідей «Джип» мініп алшаңдамайды. Олар байыса әдебиетті, өнерді инвестициялайды. Себеп не? Себеп біреу. Біздің байлар ту сыртынан байығандар. Олар білімімен байығандар емес. Бір кезде байлықтың тұтқасы білімге байланатын кез келеді. Сол кезде, сыналады бәрі. 

Жақында бір ағамыз өз-өзінен жер тепкілеп ренжіп отыр. Мәнісін сұрасам мен танымайтын бір эстрада әншісін (жұлдыз демей ақ қояйық) тойына екі ақ ән айтып беруге, 1 миллион теңгеге шақырып келтіре алмағанын айтып күйіп-пісті. Атам «қазақты шай құртады» дейтін. Ол сөзді кейін әкем де айтып жүрді. Ал мен «Қазақты той құртады » деймін. 

Шетелде психология басқа, көрші Ресейдің, Қытайдың өзінде біздегіден басқа. Біздікі даңғаза өмір. Асабаның міндеті не? Оның міндеті тойды шырғасын шығармай шашыратпай ұстау. Ойын көрсетіп, елді күлдіріп, сайқымазақ болу, ит болып үру, ат болып кісінеу емес. Соған миы істемеген байға не істейсің. Тойында есіріктерді жалаңаш билеткен байды да көрдік. Не үшін той жасағанын біле ме екен өзі. Байды қызғанғаным емес. Байлар бізге өте керек. Өз ата-бабамда бай болған. Ахмет Байтұрсынұлы «Той деп шашылады, ас деп шашылады, ар, білім дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді» деп баяғыда ақ айтып кеткен. 

– Жазушыға атақ-даңқ керек пе? Мысалы, Мемлекеттік сыйлық иегері, «Түгенше» сыйлығының лауреаты дегендей. Бірақ, бұл сыйлықтар жазушының шығармашылық әлеуетін көрсете ме?

– Біздегі сыйлық жазушының әлеуетін көрсетеді деп айта алмаймын. Керек десең, Нобель сыйлығын алған талай жазушы қазір ұмытылып кетті. Біреулер Нобель сыйлығын алып жатқанда, дау-дамай шығармай ақ, тып-тыныш жазуын жазып жүрген Толстой ше? Чехов ше? Бұлардың орнын Нобель сыйлығын алған талай жазушы баса алған жоқ.  Бұлар әлем әдебиетіне күні бүгінге дейін ұстаздық етіп келеді.

Әйгілі Стендальдан біреу сұрапты: «Атақ сізге не үшін керек?» деп. Сонда Стендаль: «Бейшара шығармаларымды оқыту үшін» деп жауап берген екен. Сондықтан да, сыйлық кейде керек те шығар. Егер әділ берілсе. 

– Қазақ әдебиетіне не әкеле алдым деп ойлайсыз? Не бергіңіз келеді?  

– Қазақ әдебиетіне ештеңе әкеле алмадым. Өзімнің әлеуетімнің бір пайызын да бере алған жоқпын. Ештеңе әкеле алмадым дейтінім, мен өткен жылы өз кітабымды ептеп шолып көрдім түкте ұнамады. Құрғақ бірдеңелер секілді көрінді. Сосын көңілім күрт құлазыды. Екі жыл бойы ештеңе түртпедім. Өткен жылы мүлде өзгеше стильдегі дүниелер миымды қажап еді, дер кезінде қағазға түсіре (анығы компютерге) алмадым. Кейін санамды жүріп бояуы солғындап кетті. Мұның бір себебі белгілі себептермен әдебиетке деген көңілімнің сууы болса, екіншісі, Г.Маркес пен В.Фолкнерді оқып алып зәрем болмай жүрген адам, Чеховтың екі томын (бұрын көңіл жиырма шақты әңгімесін оқығам) оқып көріп, жүрегім тас төбеме шықты. Ол не жазған мен не жазғанмын, анығы қазақтар не жазып жүр. Қалай болса солай жазуға болмайды екен деген ойға келдім. Мен де бір дәу халтурщик болмайын деп түйдім. 

Не бергіңіз келеді деген сұрақты мектепте немесе университетте жүрген кезімде қойғанда көптеген ғаламат ұлы дүниелер жазам деп кеудемді дүңкілдетіп ұрушы ем. Ал қазір ештеңе дей алмаймын. Ештеңе жазбай, ештеңе бермей-ақ қойсамда оқасы жоқ шығар деп ойлаймын. Бұл үшін ешкімге қарыздар емеспін ғой! Бәрі тез бітсе екен. Мен оптимистпін, бірақ, осылай ойлауға мәжбүрмін.

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Мәдина Ермаханбетова: «Аурухана мен емхананы біріктіру көп кедергіні жойды»
Қазыбек Боранов: «​Бапкеріміз бізді кітап оқыту арқылы тәрбиеледі»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу