Мұқан Егізбаев: «Айықтырғыштар жаңа жүйеде жұмыс істейді»
Мұқан Егізбаев, Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Біріккен Ұлттар ұйымы халықтың қоныстануы саласындағы ЮНФПА қорының өңірлік өкілдігін ашуды ұсынды. Бұл туралы ол оңтүстікке арнайы келген аталған қордың өкілі Джулия Валлеземен кездесуде айтты. Кездесу барысында тараптар ана мен бала өлімін азайту, гендерлік теңдікті сақтау, тұрмыс жағдайындағы зорлық-зомбылықты болдырмау жөнінде және тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу мақсатында өзара пікір алмасты.
– Оңтүстік Қазақстан демографиялық ахуалы өте жоғары өңір саналады. Облыста жылына 80 мыңға жуық сәби дүниеге келеді. Үш миллионға жуық тұрғыны бар өңірде аналардың үлес салмағы 50 пайызды құрайды. Сондықтан облыста ана мен бала өлімін азайту мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Осы ретте сіз басқарып отырған қордың Оңтүстік Қазақстанда өңірлік өкілдігін ашуды ұсынған болар едім, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Ал, Джулия Валлезе өз кезегінде қордың ана мен баланың репродуктивті денсаулығын жақсарту, гендерлік теңдік пен демографиялық мәселелерді қамту салаларындағы негізгі миссияларын баяндады.
– Біз мән беретін негізгі мәселенің бірі – ана мен бала денсаулығын сақтау. Осы ретте аналардың босану кезіндегі қауіптілігін қамтамасыз етіп, жоспарлы жүктілік мәселесіне мән береміз. Жастардың ана болуға деген дайындық жұмыстарын күшейтіп, гендерлік теңдікті сақтауды, халықтың демографиялық өсіміне сараптама жасап отыруды мақсат тұтамыз. Жоғарыда айтылған жобаларды бірлесіп атқару мақсатында ынтымақтастықпен жұмыс істеуге келісіп отырғандарыңызға алғыс білдіремін, – деді ол.
Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен БҰҰ халықтың қоныстануы саласындағы ЮНФПА қоры арасында өзара түсіністік жөнінде меморандумға қол қойылды. Тараптар жергілікті денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін, ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша 2016-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламаны бірлесіп іске асыру жөнінде мәмілеге келді. Сондай-ақ тараптар ведомствоаралық әрекет ету жүйесін енгізу арқылы тұрмыстық зорлықтың алдын алу бойынша басқару әлеуетін нығайтуға уағдаласты.
Бұдан кейін Джулия Валлезенің сапары Шымкенттегі «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінің мәжіліс залында тұрмыстық зорлыққа қарсы ведомствоаралық әрекет ету жүйесін Оңтүстік Қазақстанда іске қосу және зорлыққа ұшыраған адамдарға көрсетілетін қызметтердің стандартты оралымды процедураларын бейімдеу жөніндегі кеңеске ұласты.
– Біріккен Ұлттар ұйымының халықтың қоныстануы саласындағы қоры, еліміздің Бас прокуратурасы және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан, екі күнге жоспарланған ведомстволаралық кеңестің мақсаты--бұрын айтылмай келген отбасындағы зорлық-зомбылықтарды болдырмау, солардың алдын алу. Бұл бағытта Денсаулық сақтау, Білім беру басқармалары мен прокуратура саласы, құқық қорғау органдары бірігіп қызмет ететін болады. Бұрын облыста айықтырғыштар болатын. Қазір Бас прокуратураның қолдауымен Шымкент қаласында солардың орнын алмастыратын жүйе құрып жатырмыз. Өйткені отбасындағы зорлық-зомбылық салдарының басым бөлігі спирттік ішімдіктерге, маскүнемдікке байланысты орын алады. Осындай соңы отбасы шырқын бұзуға дейін апаратын мәселелерді әрі қарай болдырмау үшін ішкілікқұмар азаматтарды өмірге қайта бейімдейтін мекемені басқарма тарапынан психолог, нарколог мамандармен толықтырып, жаңа жүйемен қайта іске қостық. Енді бұдан былай ол жерге түскен адамдарды біз айықтырып қана қоймаймыз. Біріншіден, олар толық медициналық тексеруден өткізіледі. Екіншіден, психологиялық көмек көрсетеміз. Үшіншіден, әлеуметтік көмек бергізіп, өмірге қайта бейімдейміз, – деді Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев.
Аталған кеңес Бас прокуратураның, облыс әкімдігінің қолдауымен Оңтүстік Қазақстанда «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл мақсатта Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа басқарма құрылады. Пилоттық жобаның құрылымы «Отбасы және жасөспірімдер ісі жөніндегі басқарма» деп аталмақ. Таяуда өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХV сессиясында айтылғандай, аталған құрылым отбасы және жасөспірімдерге қатысты проблемалардың алдын алумен айналысады.