Еркін Рақышев, режиссер: «Арамызда тек көк бөріден емес, шибөріден де тарағандар бар»

Oinet.kz 29-11-2017 1209

Screenshot_1.jpg

– «Көкжалды» түсіруіңізге не түрткі болды? Сыншылар фильмді «Мауглиге» ұқсатады деген алаңдаушылық тумады ма?

– Бірде мен Амалбек Тшанов ағамызбен әңгімелестім. Әңгіме қыза-қыза тек туралы тақырыпқа ойыстық. Мысалы, бәйгеге шабатын тұлпарды  таңдарда ең бірінші оның тегіне қарайды. Себебі, асылдан туған ат алысқа шабатын көрінеді. Тек деген тіпті итте де кездеседі. Сол секілді, жан-жануарда болған тек адамда да болады. Дегенмен, біз ата-бабамыздан қанмен берілген қасиет пен құндылықты жоғалтып алғандаймыз. Бойымыздағы жігер, намыс, мейірім, иман секілді көптеген асыл қасиеттерден айрылып, оның орнын жағымпаздық, жалтақтық сынды пасық әрекеттер басып кетті. Нәтижесінде, ағамен болған әңгімеден соң, тек жайлы фильм түсіруге бел будым. 

Аңыз-әфсаналарға сенсек, адам көк бөріден тараған дейді. Дегенмен, меніңше, мұндай аңыздар келешек ұрпақ қасқыр секілді қайсар болса, ешкімге бағынбаса, сайын далада емін-еркін жүрсе, ең бастысы өз жерінің қожайыны болса екен деген ниеттен туған. Білуімше, осы «Маугли» тақырыбында яки сол сарында 100-ден аса фильм түсіріліпті. Сценарий жазар алдында мен 20-шақтысын көріп шықтым. Керек жерлерін түртіп алып отырдым. Нәтижесінде, қазақы менталитетке лайықталған «Көкжал» фильмі дүниеге келді. Батыста Маугли тақырыбы фантастикаға ауып кетсе, біз шындыққа жанастырып түсіруге тырыстық. Және Батыста басты назар Мауглиге ауса, біздің фильмде акцент қасқырға беріледі. Сондықтан да, фильм атауы бекерден-бекерге «Көкжал» деп қойылмады. Біз фильмде қасқыр мен қазақ ұқсас деген ой беруге тырыстық. Оны фильм соңында:   

Туған жердің қия алмай тау мен тасын,

Біз келеміз тия алмай көздің жасын.

Не жазып ек Жасаған таптатардай

Көрінгенге көк бөрінің алтын басын?!, - деген өлең жолдарынан білуге болады. Негізі, бұл өлең жолдары сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бар. Онда «көк бөрі» сөзінің орнына «халқымның» деген сөз бар еді. Біз «халқымның» орнын көк бөрімен алмастырдық. Дегенмен, кезінде тұла-бойында бөріге тән қасиет шиырлап тұрған ата-бабамыз Совет Одағы тұсындағы ашаршылықтан 3 миллионы қырылды, қуғын-сүргін жылдары 130 мыңдайын соттады, 25 мыңдайын атты. 1 жарым миллионнан астамы Отанынан безіп кетуге мәжбүр болды.  

– Фильмді түсіру барысында циркте өнер көрсетпейді дейтін қасқырлармен жұмыс істеу қаншалықты қиын болды? 

– Әрине, қасқыр циркте өнер көрсетпейтін аң. Сондықтан да, олармен жұмыс істеу мүмкін емес десе болады. Мен қасқырларды «ұрыларға» теңеймін. «Ұрылар» ешімге бағынбайды. Бағыну деген жан-дүниелеріне жат нәрсе. Осы себепті, біз фильмге қасқыр рөліне «Аляскинский маламут», «сибирский хаски» секілді қасқырмен шатыс ит тұқымдастарды пайдаландық. «Шал» фильмінде осындай иттер түскен. Мен мұндай иттерді Мәскеуден арнайы алдырттым. 

– Қазіргі таңда еліміздегі кинотеатрлардан қазақ діліне сәйкес келмейтін  фильмдер жиі көрсетіледі. Голливуд былай тұрсын, өз елімізде түсірілген киноларда да азғындық қылаң беріп жатады. Мұндай фильмдер ешқандай тәрбие бере алмайтыны айтпаса да түсінікті. Себебі, олар коммерциялық пайданы ойлайды. Сізде де осындай ой болды ма? Пайдаға кенелу үшін мазмұны жеңіл-желпі кино түсіргіңіз келмей ме? 

– Мен жеңіл-желпі кино түсіріп, халықты да, өзімді де ақымақ қылғым келмейді. Ақша табамын деп жексұрын болып абыройыңды айрандай төккен мүлдем керек емес. Егер ақылың, қабілетің, ең ақыры қаржың болса, мән-мағыналы фильм түсіріп, оны шетелге апарып сату керек. Содан-ақ пайда табуға болады. Мысалы, менің «Көкжалымды» жапондар мен түріктер сұратып жатыр. Сол себепті де, қазір мен фильмді өңдеп жатырмын.  Егер олар кино сатып ала қалса, мен кеткен шығынды еселеп ақтап аламын.

Фильмде туған жерді барынша насихаттадым. Ақсу-Жабағылы – тереңдігі жөнінен Колорадодағы шатқалдан кейін екінші орын алады екен. Әлем жұрты Колорадо шатқалына ах ұрады. Ал, шындығында біздің Ақсу-Жабағылы шатқалы одан әлдеқайда сұлу емес пе? Етегінде шөп, басында шырша, арша, қарағайы самырлай өскен Ақсу-Жабағылын біз бағалай алмай жүрміз. Қолда бар алтынымызды бағаламай, әлдеқандай бір күміске сілекейімізді шұбыртамыз. Енді, Құдай қаласа, «Көкжал» сырт елдерге жол тартып жатса, ондағы көрермен біздің шатқалды көріп қалып, елімізге турист болып келіп жатса, менен асқан бақытты жан болмас еді.

– Деректі фильм жанрында бақ сынап көруіңізге не түрткі болды? Сіздің ашаршылық жайлы деректі фильміңізді көргенде жүрегіміз ауырды. Бұрын да білдік, дегенмен осы фильмнен Совет Одағының қазақтарды қырып жібермекші болған зымиян ойын анық сездік, сезіндік. Сіз жантүгершілік мәліметтерді қалай жинадыңыз? 

– Бұл фильмді түсіру оңай болмады. Мен тың деректер келтіргім келді. Мұндай деректерді іздестіріп жүріп ФСБ архивінен таптым. Оны алу оңай болмады. Хат жазып, айқайласып жүріп біраз мәліметтерді алдырттым. Оған дейін мен Тұрар Рысқұлов жайлы деректі фильмді түсіргенде оның жатқан жерін тауып, ол туралы мәліметтерді әлгі ФСБ архивінен іздестірген болатынмын. Себебі, фильмді түсірер кезде «Тұрар Рысқұлов атылмаған, ол түрмеде өлген» деген алып-қашпа сөздер жүрді. Міне, мен осынының ақ-қарасын анықтағым келді. Нәтижесінде мен архивтен «акт о приведении в исполнение смертного приговора» деген құжатқа қол жеткіздім. Мұнда кім кімді атты, қашан, қай жерде атты, оның атылғаны жөнінде кім құжат толтырды, қай дәрігер қол қойды, бәрі бүге-шігесіне дейін жазылған. Сенесіз бе, бұл құжатты Қазақстаннан ең бірінші мен алдырған екенмін. Рысқұловтан басқа Төреқұлов, Жүргенов, Қожанов жайлы да мәліметтер алдырдым. Сәкен Сейфуллинді іздеп, Магаданға үш рет делегация барыпты. Мен оларға: «Сейфуллинді Магаданан емес, Мәскеуден іздеңдер, ол сонда атылған» деп әлгі құжатты алып бердім. Әрине, мен бұл жерде мақтанайын деп жатқан жоқпын. Бар мақсатым, тарихта құпиясы ашылмай жатқан ақтаңдақтар көп екен. Міне, соларды ашқым келеді. Біздің қоғам бұған немқұрайлық танытуда. Әлгі құжаттарыңызды ақтаңдақтар жайлы том-том диссертация жазып жүрген ешқандай доктор, профессорларыңыз алдырмаған көрінеді. 

Құжаттан оқып білгенімдей, ашаршылық жылдары Алматының түбіндегі Шамалғанда салық төлей алмаған қазақтарды аузына керосин құйып жазалаған. Қазекеңдер ішер су, жейтін ас таппай қырылып жатқанда, шұрайлы жерлерге қоныстанған 2 миллионға жуық орыстарға үй-жай, монша, мектеп, аурухана салып беріп, үш мезгіл тамақпен қамтамасыз еткен. Бұған күлесіз бе, жылайсыз ба? Яғни, Совет билігі қазақтарды қырып тастауды көздеген секілді.    

– Бір сәт өткенге көз жүгіртіп көрейікші. Сіз «Жаралы сезімнен» бастап бүгінгі «Көкжалдарға» дейін бірнеше фильм түсірдіңіз. Бәрі де «өз ішіңізден шыққан шұбар жылан» ғой. Бірақ, әйтсе де, қай фильм сіздің ойыңыздан шықпады? Қай фильміңізде көрерменге айтар ойымды жеткізе алдым деп қуанған немесе жеткізе алмадым-ау деп өкінген сәтіңіз болды ма?

– Айтар ойым әлі көп. Оны әлі қамтып біткен жоқпын. Біздің елімізде экономика тығырыққа тірелген. Білім, медицина саласы әбден іріп-шірген. Банк жүйесі елді қанап бітті. Мен осы жүйені реттеуге тамшыдай болсын үлес қосқым келеді. 

Осыған орай, мен жапондармен бірлесіп кино түсірмекпін. Ол келесі жылы көрермендерге жол тартады. Киноның ең басты ерекшелігі – жүрек-қан тамырлары ауруын емдеуге сеп болатындығында. Яғни, бұл дүниені тамашалаған адам аталған ауруға қалай шалдықпауға, шалдыққан жағдайға қалай емделуге болатынын үйренеді. «Ойбай, не істеймін?» деп дәрігер іздеп сабылып жүрмейді. Есептеп көрсек, қазақтың  жартысы ауылда тұрады. Ал, ауылда мықты кардиолог қайдан болсын?

– Сізге фильмдеріңізді түсіруге кім көмектеседі? Қаржылық мәселені қалай шешесіз?

– «Жаз деп едің, қыс болды, бұл не деген іс болды?» дейді емес пе? Осы уақытқа дейін мені алдамаған адам қалмады десем артық айтқандық емес. Мысалы, бір Шымкенттің өзінде «сіздің идеяңыз тамаша екен, көмектесеміз, келіңіз» деп қолдау көрсететіндерін айтып уәде берген ірі кәсіпкерлер аз болмады. Содан мен олардың алдарына 7-8 рет барған шығармын. «Ойбай, аға, көкжалмыз ғой, дәл қазір осындай жағдай болып жатыр» деп түрлі сылтау айтып шығарып салады. Ақыры, болмады. Егер сол кісілер мені алдамай-ақ «көмекте алмаймыз» деп нақты айтса ренжімес те едім. Ары-бері шапқылап, есік тоздырып уақыт жоғалтпас едім. 

Бірде мен жиында отырдым. Бізді бір бұрышта отырған арсыз жастар сөзбен түйрей берді. Сонда мен күйіп кеттім де, сахнаға шығып: «Арамызда тек көк бөріден ғана емес, қорқаудан, шибөріден де тарағандар бар. Шибөріден тарағандарды мына белгілерге қарап білуге болады: олар көпшілік ортада бір-бірімен ыржыңдасып,көрінгенге тиісіп, одан қалса бір-бірін мазақ қылады; ұят деген сезімнен жұрдай болады. Егер сондай жандарды көрсеңіз, онда оның ата-бабалары шибөрі болғанын біліп жүріңіз» деп едім, әлгі жыртыңбайлар жым болды. «Сөз сүйектен өтеді» емес пе?!.   

– Сізді не алаңдатады? Қазіргі қазақ қоғамында ненің өзгергенін қалайсыз?  

– Биліктегі ойлары арам, істері харамдарды орнынан кетіру керек. Олар бар қазақтың басына несиенің шынжырын іліп қойды.Ортақ қазынадағы миллиардтаған қаржы шетел асып кетті. Жүз мыңдаған қазақ ұлан-байтақ даладан баспана тұрғызуға бір қадақ жер ала алмай жүр. Әрине, мұндай мәселелерді айтып тауысу мүмкін емес. Биліктегі халық жауларын құртып, орнына ұлтжанды азаматтарды алып келу керек. Ел арасынан шыққан озық ойлы жастар басшылыққа келмей, біздің көрген күніміз осы болмақ. 

– Ондайлар билікке келгесін, айнып кетпесіне кім кепіл?

– Жазалау керек! Билікке келгенге дейін берген уәдесінде тұрмаса, оны көпшілік алдында жазаға тартқан жөн. Сонда оны көрген өзгелер ант бұзуға қорқатын болады. Қысқаша айтсам, бізге ұлттық реформа керек!   

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

​Мұқан Егізбаев: «Айықтырғыштар жаңа жүйеде жұмыс істейді»
Дина Исламбекова: ​«Жаным әділдікті қалайтындықтан бокс үйірмесіне жазылдым»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу