Бейбарыс Жексен, боксшы: «Әке жолын қудым»

Oinet.kz 28-11-2017 1118

Screenshot_17.jpg

Бейбарыс Жексен, бокстан жасөспірімдер арасында 3 дүркін Қазақстан чемпионы, Азия біріншілігінің чемпионы

Виталий және Владимир Кличколарды білмейтін адам кемде-кем. Олар біраз жыл қазақ топырағында аунап-қунап, кейіннен атамекендеріне көшті. Әрине, бұл болжам, дегенмен олар қазақ жерінде, оның ішінде алған бетінен қайтпайтын қайсар да жаужүрек азаматтарымен кең-байтақ далаға әйгілі болған Жамбыл облысында өмір сүрмегенде боксшы болмас па еді? Жойқын соққыларымен бүкіл әлемді тамсандырар ма еді? Ағайынды Кличколар кәсіпқой бокста екінің бірі шыға алмас биік шыңдарды бағындырып, тарихта өз іздерін қалдырды десе болады. 

Жамбыл облысында Кличколар секілді ағайынды Мадияр және Бейбарыс есімді жігіттер дүниеге келіп, бүгінде өз жолдарын сала бастады. Кәсіпқой бокста 69 келі салмаққа дейінгі категорияда Мадияр Әшкеев 8 жекпе-жек өткізіп, оның барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетті. Биыл көктемде америкалық Маркус Бэкфорды жеңген боксшының рейтингісі бірден жоғарылап, ол бірінші жеңіл салмақтағы BoxRec рейтингісінде 106 орынға тұрақтады. Енді Мадияр тағы да жеңісті серияларын жалғастыра берсе, оның рейтингісі өсіп, осы салмақтағы «акулалармен» жұдырықтасуға мүмкіндігі зор. 

Ал, оның інісі Бейбарыс жақында ғана Филиппинде өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінді. Сол жарыстан соң, біз оны жеңісімен құттықтап, тілдескен едік.

– Бейбарыс, сенің боксқа келуіңе кімнің септігі тиді?

– Ес білген шағымнан былғары қолғап, шаршы алаңда әуесқой боксшылар киетін бас киім, ішіне құм толтырылған қапшықты көріп өстім. Үйде тек боксқа қатысты құрал-жабдықтар болатын. Себебі, менің әкем Ғани Әшкеев жастайынан спортпен шұғылданыпты. Әсіресе, бокс десе ішкен асын жерге қоятын әкем осы спорт түрінен КСРО чемпионы атанған. Көптеген турнирлерде жасындай жарқырап жүріпті. Сол себепті, ол бізді боксқа баулып өсірді. Дегенмен, ол бізді міндетті түрде боксшы болуға шақырмады. Бізге еркіндік берді. «Өскенде кім болғың келеді, оны өзің шешесің» деп. Әйтсе де, мен боксшы болуды қаладым. Себебі, әкем мен ағам күнұзақ бірге жаттығып жүретін. Мен де солармен бірге болғым келді. Уақытты әкем және ағаммен өткізгім келді. Содан 10 жасымда еш қорқынышсыз бокс әлеміне ендім. Бір қызығы, мен бірден нәтиже көрсетіппін. Бәлкім, жаттықтырушы әкем әрқашан жанымда жүрген соң шығар. 

2011 жылы Меркі ауданында өткен біріншілікте өзімнен 1-2 жас ересек балаларды еш қиындықсыз тізе бүктірдім. Ол кезде 1-2 жас үлкен болу деген үлкен рөл ойнайды. Менен мұндайды күтпеген әкем: «балам, сен бокспен өзің үшін айналысқың келе ме, әлде өміріңді бокспен байланыстырғың келе ме?» деп ашық сұрады. Сол кезде мен болашағымды бокссыз елестете алмайтынымды түсінгендей болдым. «Жалғастырамын, боксты тастамаймын» деп әкеме нық сеніммен айттым. Міне, содан бері қолымнан былғары қолғабымды тастамадым. 

Сол күннен бастап қазірге дейін 3 дүркін Қазақстан чемпионы, 2015 жылы спорт шебері, 2016 жылы Якутия елінде өткен VI жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде 2 орын,  2016 жылы Грузия, Әзірбайжан елдерінде өткен халықаралық турнирлерде жүлделі орындардан көріндім. Биыл алға қойған өз мақсатыма жетіп, Азия жеңімпазы атандым. Бұған әкем мен ағам қатты қуанды. Менің өз қатарластарымның арасынан суырылып шыққаныма шаттанды. Ағам менің қатардағы боксшы емес, көшбасшы болғанымды қалайтын еді. 

Мені әлі күнге дейін әкем баптайды. Кейде ойлаймын, егер мені әкем емес, басқа біреу жаттықтырғанда дәл бүгінгідей жетістікке жетер ме едім? Сондықтан да, мен әкемнің үмітін ақтап, оны қуантқым келеді. 

– Енді алдыңа қандай жоспарлар қойып отырсың?

– 2018 жылы Аргентинада жастар арасындағы Олимпиада ойындарында көзге түссем деймін. Одан кейін көре жатармыз. Егер әуесқой бокста өзім көксеген заңғар шыңды бағындырып жатсам, ағам секілді кәсіпқой боксқа ауысармын. Түбінде Алланың дегені болады ғой. 

Қазіргі таңда көпсаласы «Астана» колледжінің 2-ші курс студентімін. Мамандығым – дене тәрбиесі және спорт. Болашақта өз мамандығым бойынша шәкірт тәрбиелегім келеді. 

Сұхбаттасқан Абылай Есімбай

Райхан Қалдаяқова: «Ағам тірі болғанда бұл қорлықты көрмейтін едім»
Исраил Сапарбаев: «Жер қойнауындағы байлығымызды оңды - солды шашып жатырмыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу