Райхан Қалдаяқова: «Ағам тірі болғанда бұл қорлықты көрмейтін едім»
Райхан Қалдаяқова
Дарынымен дүйім жұртқа танымал Шәмшідей ұлы композитордың өмір жолы баяндалған әдеби шығармалар көп. Әндері жөнінде де аз жазылған жоқ. Фильмдер де шығарылуда. Дегенмен, оның шығармашылық қыры әлі де терең талдауды қажет ететін секілді. Соңғы шыққан телехикаяға қатысты сын айтушылар да аз емес. Осы орайда, ұлы композитордың туған қарындасы Райхан ападан сұхбат алуды жөн санап, үйіне іздеп бардым. Төргі бөлменің төрт бұрышында Шәмші ата қолданған жиһаздар тұр. Композитор пайдаланған үстел. Мүмкін сол үстелде тамаша әндерінің алғашқы шимай-шатпағы жазылған болар. Шәмші атамыздың пайдаланған заттарының ортасында Райхан апамыз жылы шыраймен қарсы алды. Жүзіме жымиып қараған Райхан апа әңгімесін өткен күндерді еске алудан бастады.
- Ағам бауырларын ерекше жақсы көретін. Отбасымызда бес бала болып өстік. Үйдің үлкені Тұмаркүл - жасы сексенге келіп дүниеден өтті. Шәмші ағаммен Раушан әпкем тетелес болып өсті. Төртінші бауырым Қадыр ағам қазір Шымкентте тұрып жатыр. Үйдің кенжесі мен ерке болдым. Қазіргі уақытта кіндіктес бауырлардан Қадыр ағам екеуміз қалдық. Шәмші ағам менің атымды атамаушы еді. Мені ерекше жақсы көріп, құрметтейтін. Үнемі «Ахани»деп еркелетіп айтатын. Мен сол еркелеткеніне мәз болып жүретінмін. Әлі есімде ағам қайтыс боларынан бұрын маған: «Па шіркін, сенің қолың шипалы! Ахани, маған массаж жасап берші. Адамның ауруын қайтаратын қасиетің бар, осы сенің. Менен бата алып, адам емдесеңші»,- деген еді. Мен: «Аға, қойызшы қай-қайдағыны айтпай»,- деп күлетінмін. Қазір неге ағамнан бата алмадым деп қатты өкінемін. Құдайдың өзі ағамның аузына салған ба, 1992 жылдан бастап дене жараларын емдеп келемін. Ауырып ем іздегендер өздері тауып келетін болды. Ағам бір нәрсені біліп айтқан екен, -- дейді Райхан апа әңгімесін жалғастырып. -- Тұрмысқа шыққаннан кейін, 1968 жылы Сарыағаш ауданы Абай ауылына көшіп бардым отбасыммен. Екі қыз, бір ұлым Абай ауылындағы мектепті үздік тәмәмдады. Күйеуім дүниеден өткеннен кейін Шәмші ағам: «Ахани, ол жерде сенің ешкімің жоқ, Шәуілдірге қайтып кел. Туыстар бар, жұрт бар дегендей»,- деп ақылын айтты. Содан 1992 жылы 29 ақпанда Шәмші ағам дүниеден озды. Ағамның ақылына байланысты кеш те шешім қабылдап 1993 жылдың басында Шәуілдірге көшіп бардық. Көшіп барғанымыз сол еді, жалғыз ұлым Марат қатты науқастанып қалды. Барлық дүние мүлкімді баламның еміне жұмсадым. Ұлымның жақсы ем алуын ойлап, 1999 жылы қалаға көшіп келдік. Содан бері қазіргі күнге дейін Шымкентте тұрып жатқан жайымыз бар. Құдайға шүкір кейін Марат аурудан айығып кетті. Бүгінде немерелеріме қарап отырмын.
- Шәмші Қалдаяқов туралы шығып жатқан фильмдерден хабардар боларсыз? Солардың бірі - «Ән аға» телехикаясы. Сіздің ойыңызша, телехикая Шәмші атаның өмірін барынша шынайы суреттеді ме?
- «Ән аға» телехикаясында көрсетілген деректер шындықтан алыс. Өкінішке қарай, қазақтың дарынды композиторын кей тұстарында сайқымазақ етіп көрсеткен. Картина телеарнадан көрсетілген бойда маған қоңырау шалғандар өте көп болды. Шәмшінің көзін көрген ауылдағылар «мынау не масқара, ұят емес пе? Қалайша үн түнсіз отырсың?!», деп маған реніштерін жеткізді. «Өзбектің ала дамбалын киген қатындармен Шәмшіні неге көрсеткен? Қай кездері қатындармен ойын ойнап жүрген еді?»,- деп ашуланғандар жетіп артылады. Қазақ жұртын ғажайып әндерімен тербеткен талантты бұл образда көрсету дұрыс болмады. Шәмшінің көзін көрген кез-келген адам бұл телетуындымен келіспейді. Күллі қазақ халқының мақтанышына айналған оның әндерін еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейін шырқайды. Ал «Шәмші аға» деген сөз «Ән аға» деген сөзбен тұтасып кеткелі қашан. «Ән аға» фильмі қазақ киноиндустриясы әлі де тарихи драмаларды түсіруге дайын еместігін аңғартты.
- Кеңес үкіметі кезінде Шәмші атамызға қатысты «тойдың әнін жазады» деп шығармашылығы бағаланбаған кездер де болған екен. Өмірінде қиын сәттердің аз болмағанына да өнерсүйер қауым хабардар. Бұл енді өткен шақ, ал енді бүгінде Шәмші еңбегі қалай дәріптеліп жүр?
- Қазақтың музыка өнерінде Шәмшінің орны ерекше, 300-ге жуық әні бар. Қаншама туындылары ұрланды. Өкініштісі, «Шәмші әнді ішпесе жаза алмайды» деген сөздерді де естідік, бір кездері. Ән жазуына ішкіліктің ешқандай қатысы болмағанын жақсы білемін. Дегенмен, босаңсып, жұбаныш іздегеніне тұрмыстық жағдайы әсер еткені жасырын емес. Жұмыс жоқ, шығармашылық адамының өз мүмкіндігін толық пайдалануына жағдайы болмаған соң, қиындық көрген соң іші өртеніп, ішпегенде қайтсін? Оған қай мекеме «жұмысқа кел» деп есігін ашып, қай шенеунік салтанатты сарайдың саңылауынан қаратты? Шындығында Шәмшінің әнді жас кезінен шығарғанын тағы да қайталауға тура келіп тұр. Ағамның қиналмаған күні болмаған. Өмірінде көп қиындық көрді. Әкем марқұм: «Мен қазаққа Шәмшіні бердім. Шәмші қазақтың Шәмшісі. Әулетімізде бірінші көрік (Атамыз қырық жыл көрік басқан ұста болған.Р.Қ)өлмейді. Екінші ән өлмейді»,- деп көзі тірісінде айтып кеткен екен. Бүгінде кейбір «Шәмшітанушылар» Шәмші Қалдаяқовты елге мен таныттым, атын мен шығардым деп айтатын көрінеді.
Осы тұста көптен бері көкейде жүрген бір мәселені ашық айтсам деймін. Мен біреуге жала жауып немесе біреумен ұрсысып көрген адам емеспін. Қалдаяқовтар тегіне сөз келгенін қаламайтынмын. Кейбір әділетсіздікке, дұрыс емес нәрселерге көз жұмып қарадым. Алайда шыдамым таусылды. Әңгіме бүгінде өзін Шәмшітанушымын деп жүрген Қалдыбек Құрманәлі туралы. Міне сол Қалдыбектің көп ісіне көңілім толмайды. Шәмшіні «жекеменшігі» етіп алған сияқты. Шәмшінің атын жамылып, көлеңкеде жүріп-ақ талай тірлік тындыруда. Қалдыбек болмаса Шәмші елеусіз қалар ма еді? Онсыз да Шәмшіні халық біледі, сүйеді, мақтан тұтады. Шәмші халықтың Шәмшісі. Жұрттардан естимін Қалдыбек: «Қалдаяқовтар жүрген мүсәпір, қолдарынан түк келмейді. Мен болмасам Шәмшінің аты шықпайтын еді»,- деп айтады екен. Мұныс рас па, өтірік пе өз құлағыммен естімеппін. Бос әңгімеге бола арадағы сыйластыққа көлеңке түсірмейін деп келдім. Қалдыбектің жауы бар, досы бар солардың бос әңгімесі шығар деп те ойлайтынмын. Бірақ кейбір істеріне қарап, көңілім құлазиды. Шәмші ағамның атын былғап адамдардан ақша сұрауды әдетке, дәлірегі бизнеске айналдырып алған Қалдыбек Құрманәлі сонда Қалдаяқовты қолдап жүр ме, әлде қорлап жүр ме деген де сұрақ мазалайды. Кей әрекетінен өзгеше бір жымысқы ойдың астарын аңғарамын. Бауырымның атынан концерт берсе де бір ауыз айтпайды, хабар бермейді. Жақында Созақта болып өткен концертке ешкім шақырмады да.
Ағамды ешкімнен қызғанбаймын, ол халықтың адамы. Шәмшіні Қалдыбексіз де халық біледі. Дегенмен ар, ұят деген болуы керек қой. Мына бір жәйтті де айта кетейін. Астанада Шәкеңнің шығармашылығына арналған концерт болатынын естідім. Мені Шәмшінің жалғыз қарындасы деп елеп, ескеріп шақырған жан болмаған соң, өзім билет сатып алып, баруды жөн санадым. Кеш өтетін Конгресс холға хабарласып билетті қалай алуға болатынын сұрадым. Менің сұрағыма жауап берген Айгүл есімді қыз билеттің тек Астана қаласында сатылатынын, Шымкенттен қалай алуға болатынынан хабары жоқтығын жеткізді. Сондай-ақ, билеттің құны 3000 теңгеден 8000 теңгеге дейін екендігін айтты. «Концертті ұйымдастырушы Қалдыбек Құрманәлі, сол кісіден сұраңыз», деді. Шәмшіні бизнеске айналдырып жібергені ме деген ойға қалдым. Сол күні кешке Қалдыбекке билет жөнінде хабарластым. Ол телефонын көтермеді. Кейінірек екеуміз ұялы телефон арқылы сөйлесіп, маған айтпаған сөзі қалмады. Ол сөздерді айтуға аузым бармайды. Оның сол сөздерінен кейін қатты ауырып, төсек тартып жатып қалдым. Сонда Шәмшітанушы атанып жүрген Қалдыбектің Шәмшінің жалғыз қарындасын сыйламағаны ма?! Ағам тірі болғанда бұл қорлықты көрмейтін едім деп жылап аламын кейде.
- Шәмші атамыздың бойындағы ерекше қассиеттері туралы не айтасыз?
- Сірә, мен үшін Шәмші ағамдай адам жоқ шығар бұл дүниеде. Ағам өте қарапайым, аузын ашса жүрегі көрінетін жандардың бірі болатын. Сондай-ақ адамгершілігі, мейірімділігі, қиын кезде нағыз дос бола білетін тамаша қасиеттерін жұрт біледі. Ауылдағы алақандай совхозда Шәмшіні үйге қондырмаушы еді. Менмендігі жоқ ағам «жоқ» деген сөзді айта алмайтын. Шәмші күнде ғажап дүниелерді шығарып жатса да, «еңбегім ескерілмеді» деп айтқан емес. Мен ағамның қарапайымдылығын құрметтейтінмін. Дара тұлғаның бойындағы бар жақсы қасиеттерін ұл-қыздарымның бойына сіңіріп өсірдім. Атақ-даңққа қызықпады. Бойындағы талантының арқасында «қазақ вальсінің корольі» атанды. Қазір жұрт не десе де, мен үшін Шәмшідей бауырымның бар болғаны үлкен абырой.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова,
"Рейтинг" газеті