Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Жуырда ақын, композитор, драматург, «Парасат» орденінің, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбайдың 75 жылдық мерейтойына орай «Еркіндігім - Елдігім» атты ән байқауы өткен болатын. Мүмкіндікті пайдаланып, туған жерге деген іңкәрлік сезімін үкілі үміттей аялай білген ардақты азаматпен сұхбаттасқан едік.
- «Шымкентім шырайлым» сынды әндеріңіз өңірге деген ыстық ықыласыңызды аңғартады. Бүгінгідей өнер кешін Шымкентте өткізуіңіздің өзіндік бір себебі бар болар?
- Өз басым тәуекелге жиі баратын адаммын. Тіпті қазір сізге сұхбат беруде де тәуекелге барып отырмын. Үнемі идея іздеп жүретінім тағы бар. Дегенмен сол идеяны жүзеге асыру кейде қиын болады. Қиындықтан қашпаймын, ол мені жігерлендіре түседі, тың бастамаларға жетелейді. Қаншалықты жүйкем жұқарып жатса да идеямды жүзеге асыруға тырысамын. «Төрткүл дүние төрт мезгіл» атты шығармашылық кешім соның бір мысалы. Көктем, жаз, күз, қыс менің өмірімнің, шығармашылығымның мезгілі іспеттес. Петр Ильич Чайковскийдің «Времена года» симфониясы, Итальялық ұлы композитор Антонио Вивальдидің шығармашылығын негізге ала отырып «Төрткүл дүние төрт мезгіл» кешін өткіздім. Әдеттегі эстрадалық ән өнерінен өзгеше. Бір жаңаша өзгеріс алып келгім келді. Ол – мен күткен өзгеріс болды. Жаңа дүниені Оңтүстігімде бастадым. Мен қалай болғанда да тың идеямды Шымкентте іске асыруды көздедім. Өйткені қазақ елінің, оның ішінде оңтүстіктің, Шымкенттің патриотымын. Басқа қалаларда өткізуге ұсыныс түсіп жатса да бас тартып отырдым. Себебі мен Шымкентті ерекше жақсы көремін. Тіпті «келсем кеткім келмейді» деген ән арнағанмын. Көрерменнің, тыңдарманның талғамын дамыту, жаңашылдық әкелу, қайталанудан қашу керек. Жаңашылдықты жаным сүйеді. Әдеттегідей бес - алты әншілерді алып келіп, ән шырқатуыма да болатын еді. Бірақ біз бұл кезеңнен өтуіміз керек. Ең алдымен көрермендердің көңілінен шыққанына қуанамын. Драматургиямда да, кештерімде де, кеше өткен байқауымда да жаңалық алып келуге тырыстым.
- Исраил аға, бір сұхбатыңызда: «Менің кештеріме жастар көп қатысады. Бізде өнерлі жастар көп, олар үлкен сахналарда өтетін концерттерге қатысуға мүмкіндік ала алмай жатады. Біздің еліміздегі өтетін ірі концерттерге олар қатысу үшін қыруар ақша төлейді екен»,- деп айтыпсыз. Қазіргі кезде өнерлі жастарға қандай қолдау көрсетіп жүрсіз?
- Құдайға шүкір, мен пайғамбар жасынан астым. Өмірімде де, шығармашылығымда да көп қиыншылықпен бетпе-бет келдім. Бірақ менің көзімнің жеткені, алдымыздағы аға буын өкілдерінің мұрасын ұмытып бара жатқандаймыз. Оларды жиі-жиі еске алып отыру керекпіз. Менің Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Қасым Қайсенов сынды менің рухани әкелерім болды. Кейінгі кезде солар мені демеді. Шығармашылығыма мүмкіндік жасады. Жолымды ашты. Ол кезде мен жас едім. Ұстаздарым менің қазір қасымда жоқ. Мен қазір керісінше солардың жасындамын. Аға буыннан алған өнегені, жасаған жақсылықтарын мен де кейінгі жастарға қайтарғым келеді. Аманат қой. Сол кісілердің қалдырып кеткен аманатын орындау керекпін. Болдым, толдым деп отыруға болмайды. Менің жасыма келгенде қазіргі жастар да өздерінен кейінгі өнерлі буынға көмектесетін болады. Соны әдетке айналдыру менің мақсатым. Шәкірттерім олар менің балаларым, бауырларым сияқты. Күні кеше менің сөзімді екі етпей, ән байқауыма Астанадан Қалқаман Сарин келіп кетті. Қалқаман - менің жастық шағымның айнасы. Оны ең алғаш көрген кезден байқадым. Шығармашылығын құрметтеп, жоғары баға беремін. Ербол, Ақберен, Қалқаман менің балаларымдай болып кеткен. Қазір өзімді олардың рухани әкесімін деп айта аламын.
Сөздің шыны керек талантты жастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді. Соның ішінде жас ақындарға жағдай жасалмаған. Үйі жоқ, күйі жоқ қанша талантты жастарды көрген кезімде жүрегім ауырады. Олар тәуелсіз елдің ертеңі емес пе? Рухани саланың болашағы солардың қолында. Біз әлі де болса жастарға қолдау көрсете алмай келеміз. Дамыған елдерде дарынды жастарға мүмкіндік, қолдау жоғары деңгейде жасалатынын байқаймыз. Ал біздің елде өнерге бет бұрған жастар жалға алынған пәтерден пәтерге көшіп жүр.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі сақталса бізден мықты ел болмайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы осының бір ғана дәлелі. Мағжан: «Мен жастарға сенемін»,- деп айтып кетті. Осы ұранды мемлекет те негізге алуы қажет. Жастарға сену, қолдау көрсету керек, Әсіресе, өнер-ғылым қуған жастарға. Тұрақты баспанасы жоқ болса, олар қалай шығармашылықпен айналысады. Олар осылай тентіреп жүре беруі керек пе?. Ертеңгі Олжас Сулейменов, Сырбай Мәуленов - қазіргі жас ақындар. Ақын болып дүниеге келген соң, ақын болып өту керек. Халыққа шығармашылығын көрсетуі тиіс. Осыдан он бес жыл бұрын Иманғали Тасмағанбетов Жазушылар одағының басшылығына қарата: «Маған талантты, болашағынан үміт күтетін 100 жас ақын- жазушылардың тізімін беріңіздер»,- деді. Кейін белгілі болғандай тізімге ілінген жастарға үй беріліпті. Міне, нағыз қамқорлық. Қазір де осындай жобалар жүзеге асырылып жатса қандай тамаша болар еді. Өз басым қолымнан келгенше жастарға көмектесіп келемін. Сондай-ақ, елімізде ұлттық, елдік мүдде тұрғысынан қолға алынып жатқан бастамаларға шығармашылық адамы ретінде қолдау көрсетіп жүрмін. Өйткені мен бірінші кезекте елімнің азаматымын.
- Өзіңіз айтып отырсыз, ең алдымен елімнің азаматымын деп. Осы орайда, ел азаматы ретінде қоғамда болып жатқан дүниелерге көңіліңіз толмайтын кездер бола ма?
- Жалпы мен тіршілікте болып жататын кез-келген өзгерістерге, құбылыстарға бей-жай қарай алмаймын. Шама-шарқымша оның себеп-салдарына терең бойлап, жақсылықтарын бойыма сіңіруге тырысамын. Менің түсінігімше, әр адамның өзінің азаматтық позициясы болуы керек. Осы тұрғыдан келсек, біздің жастардың өмірде болып жатқан қиындықтарға тез мойынсұнатындығы қапаландырады. Ішімдікке салынып, нашақорлыққа бет бұратындар саны көбейіп барады. Дүниеге келдің бе, өз жолыңды табу керексің. Күресу керек. Өмірдің қиындығы да қызығы да бар, ыстығын да суығын да көресің. Ескендір Хасанғалиевтің «Тағдырың өз қолыңда» деген әні бар. Былай қарасаңыз оңай айтыла салған сөз. Қалай сенің тағдырың өз қолыңда болады? Егер менің тағдырым өз қолымда болса, онда менің өмірімде тек жақсы нәрселер болғанын қалар едім. Әр адамның пешенесіне жазылғаны болады.
Тағдыр деген жазмыш. Мен өзім көп қиындық көрдім. Сол үшін мен тағдырың өз қолыңда дегенге сенбеймін. Тіпті, ертең немесе бір сағаттан кейін не болатыны белгісіз. Өмір саған қандай тосын сый әзірлеп қойғаны жұмбақ. Бірақ адамның жүрегінде үміт деген болады. Үрей емес үміт болу керек. Одан кейін - сенім. Кімге ренжисің? Кейбір болып жатқан дүниелерді сен көруге міндеттісің. «Менің жұмысым жоқ. Ақшам аз, мен көп қиындық көрдім»,- деп өмірге қапалану ол- әлсіздіктің бір белгісі. Мықты болу керек бұл жалған дүниеде. Алға қарай ұмтылу арқылы жетістікке жетесің деп айтқым келеді жастарға.
Екіншіден, біз Кеңес үкіметінің жақсылықтарын сағынышпен еске аламыз. Алайда ол кездің де өзінің бір кемшіліктері бар еді. Тәуелсіздік алдық. 25 жылдықты да тойладық. Бірақ біз әлі де мемлекет, ұлт ретінде толыққанды өмір сүруді үйренбедік. Әлі де анық жолға түспедік. Іздену үстінде келе жатқан елміз. Кезінде коммунизмге жете алмай кеттік. Ал, қазір болса амалдың жоғынан капитализмнің соңынан еріп келеміз. Қазіргі фармацияны 250 жыл бұрын АҚШ өтіп қойған. Біз енді өтіп жатырмыз. Дегенмен біздің ұлттық болмысымыз, мінезіміз болу керек. Мәселен, көрші Қытай неге өсіп, өніп жатыр? Олар 1949 жылы тәуелсіздік алғанымен, қазір әлемдегі дамыған екінші елдер қатарында. Бірінші еңбек, әрине. Одан кейін саясат. Олар капитализмнен, социализмнен қажеттісін алды. Бізге де нақты позиция керек. Қазақтың менталитеті, темірқазығы ол - ауыл. Мынадай кең далада ауыл болуы керек. Кеңес үкіметі кезінде ауылдарда МТС болды. Ауыл шаруашылығы жақсы дамыды. Халық шаруашылық министрі жұмыс істеді. Министрлік екі үлкен салаға бөлінді: бірі мал шаруашылығы, екіншісі егін шаруашылығы. Екі сала да біздің кең байтақ жеріміздің өсіп өркендеуіне үлкен мүмкіндік беретін еді.Тәуелсіздігімізді алған уақыттан бері де сол кеңес үкіметі қалдырған шаруашылықты дамытқанда, қазір ауыларуашылық өнімдерінің түр-түрін экспортқа жіберіп отыратын едік. Ішкі өнімді де толықтай өтеуге болатын. Неге ауылды құлдыратқанымызды түсінбеймін?
Қаншама ауыл жастары қалаға келіп, жұмыс таппай жүр. Ауылда жұмыс жоқ, қалада жұмыс аз. Осының бәрі жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы. Ауыл шаруашылығын дамытамыз, кооперативке бірігу керек деген үндеулер енді жиі айтыла басталы. Осы мәселені дер кезінде қолға алғанда қазір басқаша болатын еді. Үшіншіден, кешірілмейтін нәрселердің бірі - біз жер қойнауындағы байлығымызды оңды - солды шашып жатырмыз. Ата-бабалар аманатын аямай жұмсап жатқан жайымыз бар. Болашағын ойлайтын мемлекет- жер қойнауындағы байлығын сақтап қояды. Кейінгі ұрпағының қамы үшін. Мен болып жатқан бұл процесстерге көзді жұмып, қарап отыра алмаймын. Бұл турасында «Жас Алаш» газетіне де «Қайран менің ауылым» деген мақала жаздым. Кейінгі ұрпақ «ата-бабаларымыз ештеңе қалдырмапты, бәрін сыпырып, ішіп жеп кетіпті» деп айтуы мүмкін. Мен осыдан қатты қорқамын. Өмірдің талай сынынан өтіп, терең ойлайтын болдым. Жастардың болашағын тартып алуға құқымыз да, қақымыз да жоқ. Шығармашылықпен ғана айналысып, қоғам өміріне бейтараптық таныту маған жат, яғни мен үшін ұлттық мүдде, елімнің алдындағы парыз бірінші тұрады.
Сұхбаттасқан Дана Сүлейменова,
Рейтинг газеті