Арнұр Ахметжанов, боксшы: «Боксты өнер деп қарау керек»
Фотода боксшы Бейбарыс Жексен және Арнұр Ахметжанов, бокстан жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің қола жүлдегері
Әлемдегі ең қауіпті спорт түрлерінің бірі – бокс. Бұған ешкім шүбә келтіре қоймас. Шаршы алаңда жұдырықтасамын деп денсаулығынан айрылған боксшылар қаншама? Бокс тарихына тереңірек үңілмей-ақ, әйгілі Мұхамед Әлиді алайық. Ол егде тартқан шағында паркинсон (аяқ-қолы үздіксіз қалтырап тұратын) кеселіне шалдықты. Шындығында бұл дерт даңқты боксшының бойында ұзақ жыл бұғып жатқан екен. Қылшылдап тұрған шағында ауруға бой бермеген Мұхамед Әли қартайғанда бәрібір жеңілді.
Көз алдарында кезінде бүкіл әлем назарын өзіне аударған боксшының аянышты кейіпке түскенін көрген соң, «оның табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп өмір сүретін көптеген ата-аналар балаларын боксқа жіберуге жүректері дауаламай қалғаны аян. Әйтсе де, бала-шағасын тым өбектей бермей, керісінше, оны екінің бірі төзе бермес бокс дейтұғын спортқа өздері аттай қалап жіберетін жүректі ата-аналар да бар екен.
Әуесқой бокста аса ауыр салмақта жұдырықтасып жүрген Арнұр жақында ғана өткен жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде қола жүлдегер атанды. Ал, оны боксқа алып келген, себепкер болған – әкесі көрінеді.
– Мен Жамбыл облысында дүниеге келдім, - дейді қаншалықты алып болса, соншалықты кішіпейіл Арнұр. – «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме, менің отбасым салауатты өмір салтын ұстанатын жандар еді. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, мен ес білген шағымнан бастап спортпен айналыстым. Кішкентай кезімде қолды-аяққа тұрмайтын белсенді болыппын. Әкемнің демеуімен нағыз ерлерге тән спорт - бокспен 8 жасымнан бастап шындап шұғылдана бастадым. Бұған анам оң көзбен қарады. Мені уайымдап, көңіл-күйімді түсірмеді. Отбасың сені қолдап жатса, сенім артса онда жеңілуге қақың жоқ қой. Содан мен бокспен «міндетті түрде жетістікке жетемін, әке-шешемді қуантуым, үміттерін ақтауым керек» деген қағидамен күнұзақ жаттығып жүрдім. Нәтижесінде Жамбыл облысының жеңімпазы атандым. Бұл менің ең алғашқы ірі жетістігім еді. Бұған алғашқы бапкерім – Нұржан Қоңдыбаев ағаның сіңірген еңбегі зор болды. Дәл қазір мен Ғани Әшкеев ағаның қолында жаттығудамын. Екі бапкеріме де айтар алғысым шексіз.
Одан кейін түрлі турнирлерде, Қазақстан біріншіліктерінде жүлделі орындардан көрініп жүрдім. Биыл Филиппинде өткен Азия біріншілігінде 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атандым. Енді алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыру керек. Алла қолдап жатса, ол да болады деп үміттенемін. Бастапқыда 70 келі салмақта рингке көтеріліп жүрдім. Енді биылғы жоспарым – Жетісу Кубогында 91 келіде жеңімпаз атану. Бірден жоғары салмаққа өту біраз қиындықтарды тудырды. Әсіресе, бірден бұрынғы деңгейіңнен 10 келіден артық салмақта шаршы алаңға шыққанда ірі қарсыластармен жұдырықтасу алғашқыда ешқандай тәжірибе болмаған соң қиын болды. Бокста әр салмақтағы айқас әр түрлі. Жеңіл салмақта басқа жекпе-жек, орта салмақта да сондай. Ал, ауыр салмақта мүлдем басқа жекпе-жек. Міне, осыған бейімделу оңайға соқпады. Әйтсе де, қазір мұнда мен өзімді өте еркін сезінемін.
– Арнұр, сені боксты қауіпті спорт түрі деп тастауға үгіттеген жандар болды ма?
– Бокста жүргесін, сені сақтандырғысы келетін адамдар міндетті түрде болады. Әсіресе, сақтандыру сипатындағы ескертпелер аса ауыр салмақтағы боксшыларға жиі айтылады. Бұл заңды да шығар. Себебі, мұнда соққылар өте ауыр болады. Дөп тиген соққы сені бірден нокаутқа жібереді. Ал, нокаут деген есіңді жоғалту ғой. Әрине, бұл денсаулыққа өте зиян. Бірақ, мен айтар едім, шегірткеден қорыққан егін екпейді. «Соққы алсам майып болам» деп қорқа бермей, керісінше, сол соққыны бойға дарытпауға тырысу керек. Қарсыласыңмен соққы алмаспаған абзал. Меніңше, бокс тек қана спорт емес, сонымен қатар өнер. Бокста күшті емес, әдісқой жеңіске жетеді. Сондықтан да, әр адамды бір тыңдай бермей, өзіңе сену керек.
Сұхбаттасқан Абылай Есімбай